Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжатында жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуда замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді бала бойына дұрыс сіңдіріп, елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алу туралы айтылған. Рухани жаңғыру бірінші кезекте мектептен бастау алады.
Қыркүйек — білім ордалары білім алушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алатын күн. Үлкен өмірге қанат қаққан ұл-қыздардың мұнтаздай тұрыстары мен ұстаздарына құшақ-құшақ гүл ұсынғандары өзгеше толқыныс тудырады.
1-қыркүйек — бұл күні еліміздің барлық мектептерінде сыңғырлаған күміс қоңыраудың үні естіліп, салтанатты жиындар өтеді. Қазыналы Қарағандының төрінде орналасқан №102 мектеп-гимназиясында Білім күніне орай ұйымдастырылған іс-шара бүлдіршіндердің әсте көңіліне әсем өрнегін қалдырды. Шуақты күн әр түрлі шарлар мен гүлдермен безендірілген мектеп ауласын одан әрі көркемдей түсті. Шадыман шақта шалқар сезімге басқан «Айтұмар» би тобы салтанатты жиынның сарайын ашып, биден шашу шашса, мектебіміздің жас әншілері шалқытып ән шырқады.
Білім күніне арналған салтанатты жиынға қалалық Білім Бөлімінің ЖОБ бөлімінің меңгерушісі Головина Наталья Владимировна мектебіміздің оқушылары мен ата-аналарын, мектеп ұжымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде жаңа мектептің бой түзегеніне аз уақыт өтсе де, бұл мектеп қалалық мектептер арасындағы рейтинг бойынша үздік ондықтың қатарында екенін ерекше атап өтті. Бір жыл ішінде аталмыш мектеп республикалық конкурстар мен байқаулардың, облыстық, қалалық олимпиада мен сайыстардың жүлдегерлерін дайындаған. Осынау елеулі сәттің жетегімен шәкірт бойына білім нәрін егіп, қазақи рухта тәрбиелеу басты мұратымыз деп есептейтін мектеп басшысы Мусина Айман Оразовнаның еңбегі ерен. Биылғы жылы оқу ордамызға 300-ден астам бірінші сынып оқушылары аяқ басты. Мектепте 2000-нан астам оқушы білім алады.Бір жыл бұрын іргетасы қаланып, есігі айқара ашылған мектеп үшін оқушылардың бұл жеткен жетістіктері төбесі көкке жетерлік абырой.
Жүнісова Жұлдыз Темержанқызы
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі