«Ұстаздың биігі, ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей береді; қол созсаң — қарсы алдыңда, айналсаң — артыңда тұрғандай» — деп Сократ айтқандай, егемен еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты білім саласына да түбегейлі өзгерістер енгізе отырып, жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінгі таңдағы білім берудің жаңа жүйесі бәсекелестікке қабілетті, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ойлау қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеп шығаруды көздейді. Ұстаз алдында оқытудың жаңа технологиясын қолдана отырып, сапалы, салауатты, жан-жақты дамыған, заман талабын орындай алатын жеке тұлғаны қалыптастыру міндеті тұр. Біз, ұстаздар қауымы, әрқашан білімімізді жетілдіріп, шығармашылық ізденісте болуымыз керек. Себебі, бүгінгі мектеп партасында отырған бүлдіршін – ертеңгі ел тағдырын ұстайтын азамат. Мұғалімнің басты міндеті – оның сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету.
ХХІ ғасырда білім беруді дамытудың жолдары белгілі бір дәрежеде мұғалім даярлығынан басталып, оның тәжірибе тұрғысынан ұшталып шыңдала түсуіне тікелей байланысты. Қазіргі заман талабы – мұғалімнен үздіксіз білімін жетілдіріп отыруды талап етеді. Мемлекетіміздегі білім беруді әлемдік деңгейге жеткізу барысында білім беру саласында Кембридж тәсілдері енгізіліп, педагог қызметкерлер осы бағытта өз білімдерін көтеру курстарынан өтуде. Осы орайда мен де облыстық педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында Кембридж бағдарламасы бойынша үшінші деңгейлік курсынан өттім. Бүгінгі күні өз мектебімде тәжірибе жинақтап жүрмін. Бағдарламаны меңгерту кезеңінде әлемдік білім берудегі Кембридж тәсілінің теориясы толық таныстырылды. Бұл бағдарламаның басым бөлігінде, түрлі әдіс-тәсілдерді қарастырғанына қарамастан, сындарлы оқыту теориясы негіздері қамтылған. Бұл оқытудың басты бағыты – оқушының ойлауын дамыту. Оқушы өзіндегі бар білімді түрлі дерек көздері арқылы мұғалімнен, достарынан, оқулықтан алған білімдермен толықтырып, біріктіріп, оны іске асырады. Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» әдіс арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған көптеген білімдерін тиімді сіңіре алмайды. Сондықтан да механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алып отырады. Дәстүрлі оқытудан алынған білім механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кезінде тиімді пайдалануға болады. Бірақ мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан тақырыпты оқыту аяқталған соң не емтихан біткен соң керексіз болып қалады және оны оқушы өмірде пайдалана алмайды. Ал сындарлы оқытуда керісінше, оның мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыта отырып, алған білімдерін кез келген жағдайда сыныптан тыс жерде тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Сыни тұрғыдан ойланған оқушы өз ойын дұрыс түсіндіре алады және жауап беруге үйренеді. Осының нәтижесінде оқушы пәнді терең түсінетін болады. Оқушыларды оқыту барысында «сындарлы оқыту» бағдарламасындағы оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету негізінде жүргізілген сабақтар өз нәтижесін береді.
Оқушылар жұппен, топпен біріге отырып жұмыс жасауға дағдыланып, пәнге деген қызығушылықтары артады. Сөйтіп оқушы бойында ынтымақтастық, мейірімділік, шыдамдылық, ұжымдық жауапкершілік қасиеттері дамиды. Оқушыларды сыни тұрғыдан ойландыра алатындай ашық сұрақтар мен деңгейлік тапсырмалар беріп және оқушыны сыни тұрғыдан ойландыра отырып, оның қай деңгейде екенін анықтауға болады. Сабақ барысында тақырыпты талқылаудың Мерсер ұсынған үш түрін қолдануға болады. 1. Әңгіме- дебат: оқушылар бәсекеге қабілетті, басқа адамдардың көзқарасын қабылдауды қаламайды. 2. Кумулятивтік әңгіме: мұнда оқушылар бір-бірінің үлесін сынамайды және сындарлылыққа негізделеді. 3. Зерттеушілік әңгіме: ұсыныстар жөнінде күмән туып, қарсы дау айтылып, негізделген дәлел мен сын тұрғысынан ойлайды. Дәлел ретінде «Бірге ойлаймыз», «Бірік, бөліс, ойлан», т.б. әдістері арқылы қызу пікірталастық әңгіме өрбитінін сабақ барысында көріп жүрмін. Мәселен, «критерийлер бойынша міндетті түрде жазып отыруымыз керек пе?», «постерге ойымызды қалай түсіреміз?», «дәлелдермен түсіре аламыз ба?» деген сияқты сұрақтар төңірегінде оқушы сыни тұрғыдан ойлана отырып, өз білгендерін біріктіруге талпыныс жасайды. Сыни ойлау – оқушының қай нәрсеге болса да терең оймен қарап, салыстыра талдау жасап, өз көзқарасын білдіруі, өзіндік менін қалыптастыруы.
«Сабақ – оқытушының педагогикалық мәдениетінің айнасы» деп А. Сухомлинский айтқандай, өз сабақтарымда осы бағдарламадағы жеті модульдің бірнешеуін бірден пайдалануға болатынына көз жеткіздім. Бұдан ұтарымыз көп. Әр мұғалім – өз сабағының көшбасшысы. Көшті қалай бастап алып жүремін десе де өз қолында. Ал көшті дұрыс бағыттай білу – мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Бұл бағдарлама бойынша «Қызығушылығын ояту» кезеңі бұрынғы білетін білім мен жаңа білімді ұштастыру болып табылады. Білім беру мен білім алудағы жаңа әдіс-тәсілдер арқылы оқу барысында оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қоймайды, сонымен бірге белсенді әрекеттер атқарады. Бұл белсенді әрекеттерге ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікірталастар жатады. Сындарлы оқыту арқылы оқытуда білім дайын күйінде берілмейді, ол тек белсенді әрекеттер арқылы ғана игеріледі. Оқушылар өзара ынтымақтаса отырып қоян – қолтық қарым – қатынас жасайды, бірлесе әрекет жасап, диалог құрады. Топтық әдісті қолдану барысында оқушылардың бір-бірімен ақылдасуы, оны топтан біреуінің шығып айтуы, ал болжау әдісін қолданғанда оқушылардың мәтінде не туралы жазылуы мүмкін екендігі туралы өз ойларын да диалог арқылы көрсете білді. Жаңа сабақты бекіту – мағынаны тану кезеңінде оқушы жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс жасайды, тапсырмалар орындайды. Сонымен бірге оқушылар идеяны жеткізіп қана қоймай, шешім табу үшін топқа сұрақтар қояды. Әр топтан бір оқушы шығып, сынып алдында мәтін мазмұнын қысқаша баяндайды. Ал сабақты қорытындылау – ой-толғаныс кезеңінде оқушы не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда қалай қолдану керектігін ұғынады. Бұл жерде балалар эссе жазады: өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, түйгендерін анықтайды. Бұл модульдің нәтижесі зор. Себебі оқушылар өз ой- пікірлерін ашық, еркін айта алады, сабақ барысында бір-бірінің қателіктерін айтады, жақсы қасиеттерін үйренеді, өтілген тақырып естерінде көпке дейін сақталып, сабақ барысында өздері талдайды. Бір-біріне талап, өтініш, тілектерін білдіре алады. Бұл модульдің тағы бір ерекшелігі оқушыларды топтап оқыту.Топтап оқытудың пайдасы туралы Әбуғали ибн Сина былай деген болатын: «Егер бала жалғыз оқып, сыныптастары жоқ болса, бұл оқытушы мен үйретушіге ортақ қынжылыс болмақ. Сондықтан ең жақсысы – балалар оқу-тәрбие үрдісінде үлгілі мінезге бір- бірінен үйренетін ұжымдық оқытуды ұйымдастыру». Топқа бөліп оқытқанда оқушылардың талпыныстары артады, әр оқушы өзін жеке керекті тұлға ретінде сезінеді және өз үлесін қосуға талаптанады. Бір адамның айтқанынан гөрі бірнеше адамның айтқаны есінде тез жатталады.
Ізденуші мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, әрі қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін ұстаздың өзі де өзгеруі керек, дәстүрлі оқытудан арылуы тиіс. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастауы қажет. Мұғалім оқушыға білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөлуі тиіс. «Нашар мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді» деп неміс педагогі А. Дистерверг айтып өткендей, бүгінгі мұғалімдер жақсы ұстаз атану үшін түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып бала білімін ұштауда.
Мен 2050 жылғы Қазақстан әлемнің дамыған елдерімен терезесі тең, ақпараттық – технологиялық, ғылыми-техникалық, рухани-мәдени салалары жетілген, бірлігі жарасқан ел болатынына сенемін. Әділетті, сапалы білімді, саналы тәрбиелі, тілін құрметтейтін ұрпақ сабақтастығы жалғасын таппақ. Заманауи жетістіктермен ілгері жылжитын шуақты күндерді көргім келеді.
Есенова Бағжан Байдрахманқызы,
№203 орта мектеп,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы,
Жаңадария ауылы