Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мәселесі әрқашан Елбасының назарында. Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу — жалпы ұлттық міндет», — деген болатын.
Біз басты назарды көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып келеміз. Призидент болса, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттілігін атап көрсетті.
Елбасының мемлекетіміздің тағдыры үшін маңызды құжатында айтылған мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап «Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен», — деген жұртшылықтың пікірімен үндескендей.
Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады. Әрине, ең алдымен бүгінгі бала, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындаға тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы ләзім. Тәрбие от басынан басталады, ата-анасының шаруаны пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала, бұл жағдайды орынды, солай болуы керек екен деп түсінеді. Есейгенде ол баладан қандай мемлекеттік қызметкер шығады? Қалтасының қамын ойлайтын шенеунік бола ма, әлде тәуелсіз еліміздің нығаюына, қазіргі жаһандану заманында патритоттық сезімді барынша бойына терең сіңдірген, ел дамуының ұйытқысы болатын нағыз азамат болып шыға ма? Сондықтан, әрбір отбасы осы мәселеге аса мән бергені абзал.
Тарихи тереңнен бастау алған сыбайлас жемқорлық бүгінде бүкіл әлем қоғамдастығына қауіп төндіріп отыр. Біздің республикамызда да бұл мәселеге қарсы күрес шаралары тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің бірінші кезектегі міндетіне айналды. Сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көрністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің үдесінен шығатынымыз сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың белгісімен іс қозғаудың бір негізі азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті. Қандай да болмасын «қолы да, жолы да ұзын» адамдар азаматтардың құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса, әділдікті орнатушы құқық қорғау органдары, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына еңсесі биік ел болуды мақсат етіп отырған шақта сол адами парасат биігінен көрінуге тиіспіз. Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр.
Халық арасында жұлын құрт, індет аталып кеткен осы дертті жою толықтай жүзеге аспағанымен, оны ауыздықтаудың, тежеудің сәті кейде түсіп, кейде шарасыздықтың бөлең алатыны да рас. Елімізде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыстықпен күресті күшейту шараларына орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» арнайы заңдар қабылданды. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. «Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз» — деп еді Елбасымыз. Сондықтан қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен көп болып күресуіміз қажет.
Авуталив Гүлбаршын
Астана қаласы, «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық маманданырылған
мектеп – интернат колледжі» РММ тәрбиешісі