Мақсаты: Су асты әлемі туралы білімдерін тереңдету. Балықтар, сегізаяқ, тасбақа т.б. су асты әлемінің тіршілік иелерін, ғажайыптарын көрсетіп, психологиялық демалдыру. Жұмысты бірлесіп істеуге, бір-біріне көмектесуге, ептілікке баулу. Су асты әлемінің тіршілік иелеріне сүйіспеншілік сезімдерін тәрбиелеу.
Әдісі: Түсіндіру, таныстыру, көрсету, құрастыру, ойын.
Көрнекілігі: 1. Балықтар суреті, ойынға қажетті суреттер;
- Су асты әлемі туралы бейнебаян.
- Құрастыруға қажетті кинетикалық құм және құралдар.
Барысы:
Психолог: Сәлеметсіңдер ме, менің кішкентай достарым? Сендермен қайта жүздескеніме қуаныштымын. Бүгінгі психологиялық тренингке қош келдіңдер! Балалар, айтыңдаршы, сендерге су асты тіршілігін қызықтаған ұнайды ма? Олай болса, бүгінгі тренингімізде су асты әлеміне саяхат жасап, керемет демалатын боламыз. Теңізге біз мынау тұрған автобуспен жетеміз. Автобусқа отырмас бұрын, әдеттегідей барлығыңды шаттық шеңберіне шақырамын.
Шаттық шеңбері:
Достар бірге жүреміз
Бірге ойнаймыз, күлеміз.
Бірге балық аулаймыз,
Міне, біздер қандаймыз.
Өзен, көлге, теңізге
Саяхатқа шығамыз,
Әрқашанда біргеміз
Бөлінбейді іргеміз!
- Жарайсыңдар, достар! Ендеше кеттік, автобусқа абайлап мінейік.
- Кинетикалық құммен ойын: Ал, міне теңіз жағасына да жеттік. Неткен керемет, жан-жағымызға зер салып қарайықшы, аяғымыздың астында не жатыр? Құмды қолымызбен ұстап көреміз бе? Балалар, құм қандай екен? Оның түсі қандай екен? Байқаймын, құммен ойнағыларың келіп тұрған сияқты, ендеше мен сендерге ойнауға рұқсат беремін. Құммен түрлі мұнаралар, пішіндер тұрғызуға болады екен. Жарайсыңдар, сендерден үлкен сәулетшілер шығады деген сенімдемін.
Менің бейнем жаттығуы: Балалар, қазір біз ненің қасында тұрмыз? Дұрыс айтасыңдар, судың қасындамыз. Ендеше осы суға еңкейіп, үңіліп қарайықшы. Біз кімді көріп тұрмыз. Әрине өзімізді. Ал енді әрқайсымыз кезекпен су көрсеткен бейнемізді сипаттап атап өтейікші. Жарайсыңдар, барлығымыз да әдемі екенбіз.
Суға сүңгу. Достарым, мына судың астындағы ғажайыпты көргілерің келе ме? Олай болса, қазір біз су түбіне сүңгиміз. Суда жан-жақтарыңа мұқият қарап, зер салыңдар, себебі онда таңғажайыптар өте көп. Сонымен қатар, су түбінде бір құпия жол бар. Сол жолды тауып алып, онымен жүріп өтейік, ол жол бізді бір ғажайыпқа жетелейді. Суға сүңгімес бұрын, тыныс алу жаттығуларын жасап жіберейік. Олай болса, өкпемізді ауаға толтырып, суға сүңгиміз. Бір, екі, үш кеттік.
Релаксация. Су асты таңғажайыптары. Балалар су астындағы таңғажайыптарды көреді, қызықтайды, су түбінде жатқан ерекше құпия жолды тауып, сол жолмен өтіп, ғажайып маржан тасты тауып алады. Оны өздерімен бірге ала кетеді. Барлығы бірдей су астынан сыртқа шығады.
Психолог: — Айтыңдаршы, менің достарым, судан қандай әсер алдыңдар? Онда нелерді көрдіңдер? Тағы қандай ғажайыптарды көрдіңдер? Ал мынау қолдарыңдағы не? Егер де сендерге су асты тіршілігі ұнаса, онда мына ойынды ойнайық.
Бұл не тап ойыны. Қазір ортаға бір бала шықсын. Мен бір суретті ол баладан жасырып басқаларыңа көрсетемін, сендер ол суреттегі бейнені іс-қимыл арқылы көрсетесіңдер. Ортадағы бала шешуін табу қажет. Егер де тапса, келесі бала шығады. Ендеше бастайық.
Ғажайып сәт. Су перісі. Су ішінен су перісі шыға келеді.
- Балалар, сендер мұнда не істеп жүрсіңдер? Қайдан келдіңдер? Ал мен болсам мына судың перісімін, осы теңізді мекен етемін. Мұнда маржан тастар өте көп, соның біреуін қазір жоғалтып алдым.
Балалар:
— Кешіріңіз, іздегеніңіз мына маржан емес пе, оны біз су түбінен тауып алдық, өте әдемі болған соң өзімізбен ала кетіп едік. Міне алыңыз.
Су перісі:
— Балалар, егер де сендерге қатты ұнаса мен сендерге маржанды сыйға беремін. Алайда менің тапсырмаларым бар. Мына балықтар мен сегізаяқтардың қабыршақтары түсіп қалған, осыларды әдемі қалпына келтіру қажет.
Балалар тапсырманы орындайды. Сонымен қатар, су перісіне алқа мен білезік жасап сыйға тартады. Ал су перісі маржанды балаларға сыйға беріп, қоштасып суға сүңгіп кетеді.
Психолог: Достарым, балабақшаға оралатын сәт те жақындаған сияқты. Келген автобусқа мініп, балабақшаға оралайық.
Қорытындылау:
- — Балалар, айтыңдаршы біз бүгін қайда саяхат жасадық? Онда нелерді көрдік? Ендеше бүгінгі су асты әлеміне саяхат жасаған тренингіміз сендерге ұнады ма? Алған әсерлеріңмен бөлісіңдер. Қане кімге қай кезең ұнады?
Балалар өз пікірлерін білдіреді.
Психолог: Олай болса бүгінгі психологиялық тренингіміз өз мәресіне жетті. Келесі кездескенше сау болыңдар, достарым. Келген қонақтармен қоштасады.
А. Абиева
МКҚК «Айгүл» балабақшасы, психолог
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы