2018 жылдың 27 ақпанында сағат 17.00-де Елбасы кітапханасы Музейінің ғимаратында суретші Мұратбек Жоламановтың (1966–2000) «Рухпен сырласу» көрмесінің ашылуы өтеді. Көрме Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылады.
М.Т. Жоламанов Батыс Қазақстан облысының Жосалы ауылында дүниеге келген. 1990 жылы О.Таңсықбаев атындағы көркемсурет колледжінің «Кескіндеме» бөлімін, ал 1996 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Суретші академик К.Телжанов пен профессор М.Қалымовтан білім алған. Оқу үздігі ретінде Мұратбек Тауфикұлын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, «Академиялық кескіндеме» кафедрасында сабақ беруге қалдырады. Осы жылдар аралығында суретші көптеген республикалық және халықаралық көрмелерге де қатысты. Қазіргі кезде шебердің жұмыстары Түркия, Польша, Англия, Корея сынды елдердің музейлік және жеке қорларында сақтаулы.
Көптеген өнертанушылардың пікірінше, М.Т. Жоламановтың шығармашылық жолы «Хан көтеру» дипломдық жұмысынан бастау алады деп есептейді. Автор туған халқының бай тарихына тереңнен көңіл бөлді, бұл оның мазмұнды әрі шынайы көркем бейнелерді дүниеге әкелуіне шабыттандырды. Ол өзінің қысқа ғұмырында туған елінің тарихын қылқалам арқылы көрсетуге тырысты. Суретшінің «Хан көтеру» (1996), «Жекпе-жек» (1997–1998), «Садақшылар» (1998), «Қағанаттың құлауы» (1998), «Керей және Жәнібек» (1999), «Исатайдың өлімі» (1999), «Күлтегін мен Білге қаған туралы жыр» (1999), «Махамбет» (1999), «Сырым батыр» (1991), «Ұран» (1999) сынды шығармаларынан тарих қойнауына тереңнен бойлауын, дүниетанымының кеңдігін көруге болады. Оның өткен күндердің оқиғасын нақты әрі шынайы жеткізе білу қабілеті таңғалдырмай қоймайды. М.Т. Жоламанов сюжетке арқау болған әрбір тақырыпты мұқият зерттеп, зерделеген.
Мұратбек Жоламанов ізденістегі суретші ретінде шынайы авангард жанрында да өзін көрсете білді. Соның дәлелі ретінде «Аттиланың елесі» (1998), «Рухты шақыру» (1999), «Күлтегін мен Білге туралы жыр» (1999), «Қорқыттың теңізге келуі» (1999), «Тұмар» (2000), «Сарын» (2000), «Айдаһарлар биі» (2000) картиналарын айтуға болады.
Автор пейзаж бен портрет жанрларында да қалам тартқан. Суретшінің «Жаңбырдан соң. Кеш», «Күз», «Баян-Өлгей», «Алтай, Алтай», «Жосалы», «Ауыл» секілді жұмыстарын табиғат әнұраны деп есептеуге де болады. Суретші шығармашылығындағы апофеоз, автордың соңғы туындыларының бірі – «Құлагер» шығармасы.
Көрмеде Қазақстан халқының ұлттық игілігі болып табылатын суретшінің 30-дан астам жұмысы ұсынылатын болады.
«Рухпен сырласу» көрмесі 2018 жылдың 27 наурызына дейін жалғасады.
Мекенжайымыз: Астана қаласы, Бейбітшілік к-сі, 11.