Қазақстанда суицид әлеуметтік және қоғамдық денсаулық сақтау салаларында маңызды мәселе болып табылады
БДҰ Қазақстанды суицид деңгейі ең жоғары елдер қатарына енгізді. Жыл сайын 5 жасөспірімнің біреуі суицид жасау туралы ойлайды. 15 жастағылардың 5%-ға жуығы өз өмірінде өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасап көрген. Міне, осы жағдайлардың алдын алу мақсатында үш министрліктіктің бірлескен бұйрығы негізінде «Денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу» бағдарламасы өңір-өңірлерде кезең-кезеңмен мектептер мен колледждерге енгізілуде.
2017-2018 оқу жылынан бастап, Ақмола облысының мектептерінің 8-10 сынып оқушылары «Денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу» бағдарламасына қатысуда. Осы бағдарламаны жүргізу үшін алдымен мектеп психологтары арнайы курстан өтті.
2018 жылдың қаңтар айынан бастап, облыстан бұйрық келісімен №2 Қосшы орта мектебінің психологтары аталмыш бағдарлама аясында жұмыстарын бастады.
Бағдарламаның мақсаты: өткізілетін төрт іс-шараның көмегімен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту және деструктивті мінез-құлқының алдын алу
Алдымен мектеп қызметкерлері бағдарламамен таныстырылып, «суицид сақшыларына» оқытылды. Содан кейін 8-10 сынып ата-аналары жиналыстарға шақырылып, бағдарламамен таныстырып, келісімдері алынды. Психологиялық стресс алғаннан немесе өзіне зиян келтіретін мінез-құлқы бар қауіпті аймақтағы жасөспірімді анықтау , «Қауіп тобындағы» оқушы-ның психикалық денсаулығын бағалау,осындай жасөспірімдерді керекті көмек пен ем алу үшін арнайы мамандарға бағыттаумақсаттарында оқушылардан сауалнамалар алынды. Әр оқушының деректерінің құпиялылығының сақталуы қамтамасыз етіледі, оларға арнайы код беріледі және құжаттар сейфте сақталады. Сауалнама барысында көрсеткіштері шекті мәннен жоғары болған жасөспірімдерді мектеп психологы бағалап, сұхбат жүргізуге шақырылады. Егер осы сұхбат барысында бала қосымша көмекті қажет ететіні анықталса, мектеп психологы ата-анасына хабар беріп, мамандарға алып баруға кеңес береді. Мектеп психологы ата-анасына денсаулық сақтау саласындағы қажетті маманды тауып беру үшін, ол мамандардың байланыс телефондары мен мекен-жайларының тізімін береді, ата-анамен қайта хабарласып, ұсынылған көмекті алғандығы жайлы біледі және оларда осыған байланысты қандай да бір мәселе туындағанда қолдау көрсетеді . Сондай-ақ, үш оқыту дәрісі өткізіледі, оқушыларға «Көңіл-күйіңді көтеріп,қуана біл!» атты кітапшалар таратылып, танымдық, өміршең мәндегі бейнероликтер ұсынылып, қандай да бір жағдай туындаса да қолдау көрсетіледі. Биылғы жылы да осы жұмыстар өз жалғасын таппақ. Міне осындай ауқымды іс-шаралар жүргізу арқылы мектеп психологтары қатер тобындағы жасөспірімдерді анықтап, өмірлерін сақтап қалуға атсалысады.
Қуанышева Индира Сағатбеккызы