Жасөспірімдер басқалардан ерекшелену мақсатында мінездерін көрсетеді. Әсіресе, бұндай көңіл-күй, ер балаларда 11-13 жаста, қыз балаларда 13-15 жаста көптеп кездеседі. Осы кезеңнен балалар мінез қыңырлығымен сипатталады. Жасөспірімдер өте еліктегіш болады, егер де олардың еліктеуі орынсыз болса, баланың тәрбиесі қиындайды, еңбек, күш қабілеті төмендейді. Жасөспірім өзін бала емес екенін сезініп, сенімсіз болады. Оларды «Мен кіммін?, «Не үшін өмірге келдім?» деген сұрақтар көп мазалатады. Ол өзіне, өзгеге сын көзбен қарайды. Көп жағдайға көңілі толмайды. Беделге ұмтылу дағдарысы отбасында әкесі мен шешесіне қарсы шығудан көрінеді. Жасөспірім билікке, тәртіпке, жалпы қабылданған ережелерге қарсы шығып, мойындаудан бас тартады. Шындықтан қашу, қалыпсыз мінез-құлыққа, секталарға, жастар қоғамына кіруге ұмтылудан көрінеді. Олар өте қызыққыш болады, мысалы, қызық кітап, фантастика, марка, значок, кассета, фото, кино, әнге құмарлық, құмарлық т.б. кейбіреулері жағымсыз қылықты құмарлатады, мысалы, саудагерлікке, шылым шегу, ақшақұмарлыққа т.б. Сондықтан ата-ана мен мұғалім бір-бірімен өзара байланыс жасап, үйдегі мінез-құлқы мен мектептегі мінез-құлқын бақылап отыру керек. Жасөспірімнің өзіндік «МЕНІ» жоғары болады. Олар ересек адамдарға еліктегендіктен, солар сықылды қылықтар жасап, оны үлгі тұтады. Кейбір жағымсыз мінез-құлықты дұрыс деп санайды.
Тәуекелге баратын жасөспірімдер.
«Қиын» жасөспірімдер:
- Ата-ананың қарауынсыз қалған балалар
- Мүгедек балалар
- Физиологиялық және психикалық даму кемістігі бар балалар
- Зорлық-зомбылық көрген балалар
Өзін-өзі бағалауы төмен балалар:
- Тез ренжігіш;
- Депрессияға жеңіл түсетін балалар.
Көріп отырғанымыздай, суицидтік әрекеттер тамыры терең кеткен әр түрлі әлеуметтік жағдайлардан, үлкендер баламен дұрыс қарым-қатынас орната алмағандықтан болатыны белгілі. Сондықтан психологтар осындай қауіпті балалармен жекелей жұмыс, олардың ата-аналары мен де жекелей жұмыс жүргізуі керек.
Суицидке бейім «тәуекел тобына» жататын жасөспірімдер:
— тұлғааралық қарым-қатынасы бұзылғандар;
— ішімдік және есірткі пайдаланушылар;
— бұзақы тәртібімен көзге түсушілер;
— көп уақыт бойғы депрессивті көңіл-күйдегілер;
— өз-өзіне тым сыни көзқараста қарайтын жасөспірімдер;
— созылмалы және өлімге апарып соғатын аурудан, қайғылы оқиғадан немесе намысын таптаған жағдайдан өз-өзіне келе алмай, қайғырып жүргендер;
— әлеуметтік-сәтсіз отбасы жағдайы;
— суицид жағдайы тіркелген отбасындағы жасөспірімдер және т.б.
Суицидке негіз болатын көңіл-күй бұзылуының белгілері:
-тәбеттің жойылуы немесе керісінше қомағайлық;
-ұйқысыздық немесе қатты ұйқысы келе беру;
-өзін нашар сезінуі туралы жиі шағымдануы;
-өзінің сыртқы келбетіне мән бермеуі;
-үнемі жалғыздықты сезіну, кінәлі, әрі қайғылы күй кешу;
-бұрын рахат алатын жұмысына онша көңілінің толмауы;
-байланыстан қашу;
-істеген ісінің сапасына көңіл бөлмеу;
-өлім туралы жиі ойлау, айту;
-болашаққа жоспар құрмау;
-болмашы нәрсе үшін қатты, әрі тез ашулану.
Өлімге дайындалудың белгілері
Өз ісін қалыпқа келтіру – қымбат бағалы заттарын таратып беру, өзге дүниесін жинастыру.
Қоштасу. Өмірінің әр кезеңінде өзіне жақсылық жасаған адамдарға ризашылық білдіре бастауы.
Сырттай көңілі тоқ адам – күш-қуаты артады.
Сырттай өз-өзін еркін ұстайды – өлім туралы ойдан бас тартқан секілді болып көрінуі ықтимал. Алайда күш-қуаттың артуы ұзақ мерзімдегі депрессиядан да қауіпті болуы мүмкін.
Хаттағы белгілер (хаттарда, жазбаларда, күнделікте)
Сөз жүзіндегі белгілер немесе өлемін деп қорқыту
Сезімтал жасөспірімдерде болатын аяқ-асты ашу.
Жақын адамын, үйін жоғалтқандарда жоғарыда аталған белгілер кездеседі.
Өлімге апаратын мотивтер
Көмек іздеп шарқ ұру – өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлаған адамдардың көбісі өлгісі келмейді. Жалпы, өз-өзін өлтіру қандай да бір нәрсеге қол жеткізудің тәсілі ретінде қарастырылады (мәселен, біреудің назар аударғанын, махаббатты, проблемадан құтылудың жолы ретінде, сенімсіздік сезімінен арылу мақсатында).
Сенімсіздік – өмір мағынасыз, болашаққа сенім артып керегі жоқ. Яғни, мұндайда өмірді жақсартуға деген барлық үміт жойылады.
Проблема көбейіп кеткенде – оның барлығы маңызды, бірақ шешу мүмкін емес, әрқайсысын жеке алып қарастыруға мүмкіндіктің болмауы.
Басқа адамның жанын ауыртқысы келу – «Олар әлі өкінеді!» Кейде адам өліп қалсам, барлық мәселе өзімен кетеді, сөйтіп отбасының жағдайын жақсартамын деп ойлайды.
Мәселені шешу тәсілі – кейде адамдар өз-өзіне қол жұмсауды нағыз, күшті адамға тән қасиеттің көрсеткіші деп қарастырады.
Суицидтің алдын-алу мақсатында жүргізілетін негізгі жұмыстар:
- Психолог, әлеуметтік педагог және оқушы арасында сенім қалыптастыру;
- Оқушы отбасымен тығыз байланыста болу;
- Баланың балалық шағын қорғау үдерістерін іске қосу;
- Оқушыға жеке көмек беру (құпия түрде);
Бірінші кезекте күнделікті қарым-қатынастағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жандүниесін түсінуі қажет. Жасөспірімдердің суицидке бейімділігінің себебін анықтау, тіпті солай деп жорудың өзі қиынға түседі. Бұл көбіне балалардың мінез-құлқының тұрақсыздығына да, сондай-ақ анықтау және балаға жәй ғана назар аударудың өзінің жоқтығына байланысты болады. Бұл жастағы балалар ересектер қатарына да жатпайды, бірақ олар бала болғысы да келмейді. Сондықтан оларға ересек адамның тығыз байланысы мен өзара терең түсіністігі қажет.
Суицидтік әрекет көбінесе, жасөспірімнің сабақ үлгермеушілігі, оған ынтасының төмендеуі, ересектермен қарым-қатынасының шектелуі, сезім тұрақсыздығынан байқалады. Тәрбиедегі ақаулық, дене жазасының басымдылығы, балада эмоциялық тұрақсыздықтың дамуына, эмоциялық қимыл-қозғалыс деңгейінің жоғарылауына әкелетіні жиі кездеседі. Ата-аналардың тым қаталдығы, олардың өз беделдерін басты орынға қоюы немесе балаға шектен тыс қамқорлық жасау — жасөспірімге кері әсерін тигізеді.
Жасөспірімдер арасында суицидтік әрекетті алдын алу, диагностикалық, коррекциялық, психопрофилактикалық жұмыстарын жүргізіп, адамның өмірін сақтап қалу – психологтардың ең басты міндеті.
Өзіне-өзі қол жұмсаушылықтың алдын алу үшін ата-аналар, мұғалімдер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер, салауатты өмір салтын қалыптастырушы мамандар, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыс атқару керек. Яғни ең алдымен алдын алу жұмыстары жасалу қажет:
Жасөспірімдер мен жастар арасында осы тақырыпта дәрістер, әңгімелесулер, сұхбаттасулар, кеңес беру, сұрақ-жауап сияқты жұмыстардың көбірек жүргізілгені дұрыс. Өзіне-өзі қол жұмсауға баратын адамдар көбінесе ішкі жан күйзелісін басынан кешіреді немесе қатты стресс жағдайында болады, сонымен қатар психикалық ауруларымен, көңіл-күй бұзылыстарымен, әсіресе депрессиямен зардап шегеді және болашақ өмір қызықтырмайтын болып келеді. Жастар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау мәселесін зерттегенде анықталған: тұтастай алғанда көп жағдайларды жасөспірімдер ата-аналарының, мұғалімдердің назарын өз мәселерлеріне аудару мақсатында өзіне-өзі қол жұмсауға шешім қабылдайтыны және осындай келеңсіз түрде үлкендердің селқостығы, парықсыздық, арсыздық және қатыгездігіне қарсылықтарын білдіреді. Мұндай қадамға көбінесе тұйық, жаны жараланғыш, жалғыздық сезімнен, өзінің керексіздігінен стреске берілгіш және өмірден түңілген жасөспірімдер барады. Қиын өмірлік жағдайда уақытында көрсетілген психологиялық көмек, мейіріммен жасалынған қолдау қайғылы жағдайдан жасөспірімді аман алып қалған болар еді…
Ата-ана, ұстаз әр баланы керемет рухани күш иесі деп қарап, оның шетсіз шексіздікті үйренсем деген ұмтылысына уақытында көңіл бөліп, демеу жасасақ, қуаттандырсақ жүрегі нұрға толы, жан-жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адамгершілігі мол, үнемі талпынып тұратын, өз елін, жерін, тілін, отбасын, жалпы өмірді сүйетін, еңбекқор, адал адам тәрбиелеп шығарымыз сөзсіз. Жасөспірімдерге өмірді бағалауға тек махаббат, түсіністік және қолдау көрсету көмектеседі.
Жасөспірімдерді қатерлі қадамнан тек өзін тыңдайтын, түсіністікпен қарайтын адаммен сөйлесу мүмкіндігі ғана құтқара алады. Оның ойына мүмкін әлі келе қоймаған басқа шешім туралы ойлануды сұраңыз. Сіз ол адамның жан-жарасын білдіретін сөздерін, мейлі ол уайым, қайғы, кінә, қорқыныш немесе ашу-ыза болсын, тыңдай білсеңіз, оған баға жетпес көмек бергеніңіз. Тіпті кейде жай ғана үндемей онымен бірге отырсаңыз да, бұл сіздің оған деген қамқорлық қатынасыңыздың, оның тағдырына немқұрайлы қарамайтыныңыздың дәлелі бола алады. «Жасөспірім» сөзінің мағынасы ішкі дүниенің негізгі тенденциясының дамуын көрсетеді. Жасөспірім шаққа аяқ басқан баланың қалыптасуындағы түбегейлі өзгерістер сана-сезімінің дамуындағы сапалық өзгеріспен анықталады.
Суицидалды мінез-құлықты алдын алуда жүргізілетін психологиялық жұмыстар
Бұндай кезде психолог мамандар не істеу керек? Біріншіден: — әлеуметтік-психологиялық процесттерді (суицидтік мінез-құлықтың басымдылығын) психологиялық тәсілдер арқылы зерттеу (тест, сауалнама т.б.).
-суицидтік мінез-құлықтың пайда болу себебін анықтау және осы проблемаға қатысты арнайы кештер ұйымдастыру;
-қолайлы ұжымдық қолайлы ұжымдық атмосфераны орнату;
-психологиялық анализ жасау, суицидтік мінез құлықты зерттеу;
-реабелитациялық жұмыстар жүргізу (өз-өздеріне қол жұмсауға талпынған адамдар үшін);
— алдын алу жұмыстарын жүргізу, суицидтік әрекеттің алдын-алу.
Мазасызданған баламен қалай әңгімелесу керектігі жайлы төмендегі ұсыныстарды басшылыққа алған жөн:
- Бәсекеден және жылдамдықты есептейтін қандай да бір жұмыс түрлерін таңдамау қажет;
- Баланы айналадағы адамдармен салыстырмаңыз;
- Баланың есімін айту арқылы назарын аударту;
- Сенімді жүріс-тұрыс үлгілерін көрсет, барлық жағдайда балаға үлгі бол;
- Баланы тәрбиелеуде бірізді болу;
- Балаға шама келгенше аз ескерту жасау;
- Баланың өзін-өзі бағалауын жоғарылату, не үшін екенін білетіндей жиі мадақтаңыз.
Мектептегі тұлғааралық қарым-қатынасты жандандыру
- Баланы өз күші мен мүмкіндігіне сендіру
- Баланың тәртібін қадағалау,
- Құрбы-қатарларымен қарым-қатынасын сараптау
- Белсенділігін арттыру
- Түсіністік және жанашырлық таныту
Ата-аналар мен ұстаздарға кеңес
- Мұқият тыңдаушы бола біліңіз
- Сөзге таласпаңыз
- Сауалдар қойыңыз
- Психолог эмоциялық тұрғыдан қолдау көрсетіп, оның ашылып сөйлеуіне жағдай жасау керек. Проблема барлық адамдарда болады, проблемасыз өмір болмайтынын, бір проблема шешілсе, екінші проблема пайда болатынын, проблеманың жағымды және жағымсыз жақтары болатынын түсіндіріп, проблемадан шығу жолдарын қарастыру керек.
Көмектесу үшін не істеуге болады?
1.Өзіне-өзі қол жұмсаушылыққа бару себебін ашатын кілтті табу керек.
Өзіне-өзі қол жұмсаушылықты құтқару тек достарының қамқоры мен қатысуынан ғана тұрмайды, сонымен бірге төнген қауіптің белгілерін тез арада аңғара білуге де байланысты.
Сіздің сол қауіп туралы біліміңіз, ақпаратты меңгеруге деген ұмтылысыңыз біреудің өмірін құтқарып қалуы мүмкін.
Болатын қауіптің белгілерін іздеңіз: өзіне-өзі қол салуға әрекеттенген суицидтік қорқытулар, депрессиялар, жүріс-тұрысындағы немесе мінез-құлқындағы айрықша өзгерістер, сонымен қатар ақырғы тілек -талаптарын білдіруге әзірлену.
Шарасыздық пен үміті үзілгендіктің көрініс беруін бірден байқап, жалғыздыққа ұшырап, оқшауланып қалған адам емес пе екенін анықтау керек.
- Қамқорлық қарым-қатынас орнатыңыз. Өзіне-өзі қол жұмсау сияқты маңызды мәселені жан-жақты қарастырып, шеше алатын жауап табу қиын. Бірақ егер сіз өмірден түңілген адамды түсіне біліп, оның жанын ұғына білуге тырыссаңыз – үлкен қадам жасағаныңыз. Әрі қарайғы жағдай сіздің өзара қарым-қатынасыңыздың сапасына байланысты болады. Оны тек сөзбен ғана емес, сонымен бірге вербальді емес эмпатиямен де білдіруге болады; мұндай жағдайда ақыл үйрету емес, қолдау көрсете білу тиімдірек болады.
- Мұқият тыңдай білетін тыңдаушы болыңыз. Суицидке баратын адамдар әсіресе қатты оқшаулану сезіміне берілгіш болады. Соған байланысты олар сіздің ақыл-кеңестеріңізді қабылдауға құлықтары болмайды. Олар көбінесе өздерінің жан жарасын, уайымдарын талқылауды қажет етеді, яғни «Менде өмір сүруге тұрарлықтай ештеңе жоқ» деген сияқты сөздерімен жеткізеді. Егер адам депрессияға ұшыраған болса, онда онымен әңгімелескеннен гөрі оған өзі туралы көбірек айтқызған дұрыс болады. Сіз ол адамның жан-жарасын білдіретін сөздерін, мейлі ол уайым, қайғы, кінә, қорқыныш немесе ашу-ыза болсын, тыңдай білсеңіз – оған баға жетпес көмек бергеніңіз. Тіпті кейде жай ғана үндемей онымен бірге отырсаңыз да, бұл сіздің оған деген қамқорлық қатынасыңыздың, оның тағдырына немқұрайлы қарамайтыныңыздың дәлелі бола алады.
- Алмастыра алатын әрекеттер ұсыныңыз. Өзіне-өзі қол жұмсаушылыққа бет алған адамға: «Ойлан, сенің өлімің жақындарыңа қандай
қайғы әкеледі», — деп айтқанша, оның ойына мүмкін әлі келе қоймаған басқа
шешім туралы ойлануды сұраңыз.
Өзіне-өзі қол жұмсаушылықтың алдын алудың маңызды міндеттерінің бірі
көмек беру үшін психикалық дискомфорттың бастауын анықтау болып
табылады. Бұл қиын болуы мүмкін, өйткені суицидтің «азықалатын ортасы»
қ.пиялылық екені белгілі. Өзін-өзі өлтіруге оқталған адамды өзінің проблемасын
өзі електен өткізіп және оны қиындатып тұрған не екенін нақтырақ анықтауына
итермелеу керек.
- Үміт ұялатыңыз. Өзін-өзі құртуға бейім депрессивті адамдармен жұмыс
ауқымды және жауапты болып табылады. Психотерапевтер олар не айтатынына
және не сезетініне назарды жұмылдыру өте құнды болып келетіні туралы
тұжырымға баяғыда келген. Мазалайтын жасырын ойлар сыртқа шыққанда басқа
түскен бәле сондай қорқынышты емес, тіпті шешуге тұрарлықтай болып көрінуі
әбден мүмкін. Қандай да бір үміттену де пайда болады.
- Жоғары өзіне-өзі қол жұмсаушылық тәуекел жағдайында адамды жалғыз қалдырмаңыз. Кризистік жағдай шешілгенге шейін немесе көмек келгенге дейін оның жанында барынша ұзақ қалуға тырысыңыз немесе біреуге тапсырыңыз. Мүмкін жедел жәрдемге қоңырау шалу керек болар немесе емханаға хабарласу керек. Есіңізде болсын, қолдау көрсету сізге белгілі бір жауапкершілік артады.
- Мамандардан көмек сұраңыз. Суицидке баратын адамдардың көру аймағы тарылған, түнек басқан санада болады. Олардың санасы көтеруі қиын проблемаларды шешу жолдарын толық игеруге мүмкіндік бермейді. Олар алдымен қолдау табуды өтінеді. Достары, әрине, жақсы ниетпен көмекке ұмтылуы мүмкін, бірақ олардың білік пен тәжірибесі жетіңкіремейді, одан басқа олар тым әсерлі эмоционалдылыққа бейім болып келеді. Сенім телефонын ұйымдастырыңыз. Кейде өзіне-өзі қол жұмсаушылыққа бейім адамдарға көмектің жалғыз таңдамалы жолы ретінде егер жағдай тым қиын болса психиатриялық ауруханаға емделуге жатқызу болып табылады. Кешіктіру қауіпті болуы мүмкін; ауруханаға жатқызу ауру адамға да, оның отбасына да жеңілдік беруі мүмкін.
- Қамқорлық және қолдау көрсетуді сақтаудың маңыздылығы. Егер қауіп-қатер айналып өтіп кеткен жағдайдың өзінде мамандар болсын немесе отбасы болсын босаңсуға болмайды. Одан да қауіптісі алда болуы мүмкін. Ауру адамның психикалық белсенділігінің жоғарылауын жағдайының жақсарғаны деп ойлап қалуға да болады. Бірақ кейде депрессивті адамдар өзіне-өзі қол салу қарсаңында іс-әрекетке басымен кіріп кетеді. Олар ренжіткен адамдарының барлығынан кешірім сұрайды. Осыны көріп, сіз арқаңызды кеңге саласыз және қырағылықты бәсеңдетіп алуыңыз мүмкін. Бірақ бұл қылықтар барлығының алдындағы қарыздары мен міндеттерінен құтылып, содан кейін өзіне қол жұмсау керек деген шешімге келуінің хабаршысы болуы мүмкін. Шындығында, өзіне-өзі қол жұмсаушылыққа барушылардың тең жартысы психологиялық кризистің басталғанынан үш айдан кем емес уақыттан кейін өзіне-өзі қол салады.
Қорыта келе, балаға әрқашан назар аудару, түсінуге тырысу, мәселелерін шешуге көмектесу, өзіндік тәжірибемен бөлісу, ұрысу, жекіру орнына жиі мақтап мадақтап отыру, кешірімді болу, ал ең бастысы, бала қандай болса, солай қабылдау, сол қалпында жақсы көру, кемшілігін жасырып, артықшылығын асырып, оны жақсы көретіндікті сездірту бұл келеңсіз жағдайларды алдын алатын жолдардың бірі.
Пайдаланған әдебиеттер:
- «Жеткіншек жастағы мінез құлық және оны алдын алудың тәсілдері» әдістемелік құрал Ақтөбе, 2009. (4-15 бет)
- Осипова А.А. Справочник психолога по работе в кризисных ситуациях, А.А. Осипова. – Ростов-н/Д: Феникс, 2005. (315 стр.)
- С. Мұқанов. Жас және педагогикалық психология. Алматы, 1982. (37 бет)
- Арнольд О. VITA// Советы психолога, 1999‚ № 4. (22-24стр.)
- Кондрашева В.Т. Суицидальное поведение. – Минск, 1999. (292- 302стр.)
- Менделеевич. Медицинская психология. – М., 1998. (55 стр.)
- Елбасының халыққа жолдауы. (55 бет)
- «Жасөспірімдердің өз-өздеріне қол салу мәселесі». Мектептегі психология журналы №4 (28), 2010. (13 бет)
- «Ауытқуш мінез-құлықтың шығу себептері» Өзіңді таны журналы №3, 2006. (29 бет)
- Кондрашева В.Т. Суицидальное поведение. – Минск, 1999. (292- 302 стр.)
- Кулагина И.Ю. Возрастная психология. М., 1999. ( 23 стр)
- Райс Ф. Психология подросткого и юнешеского возраста. Москва, 2000. (45 стр.)
Ордабаева Жанар Бейсенбаевна
№25 жалпы орта білім беру мектебінің педагог-психологі
Павлодар қаласы