Home » Ашық сабақтар » Суды ластамайық, Табиғатты аялайық!

Суды ластамайық, Табиғатты аялайық!

Білім беру саласы:   «Әлеумет», «Таным»
Ұйымдастырылған оқу қызметі:   Экология негіздері
Мақсаты: Табиғат пен адамдар арасындағы байланысты түсіндіру. Судың адамзат тіршілігіндегі маңызы туралы түсініктерін нақтылау. Табиғатты аялап қорғауға, қамқорлық жасауға тәрбиелеу және еліне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру. Топпен жұмыс істей білуге, ұжымда өзін дұрыс ұстай білуге дағдыландыру. Табиғатты көзінің қарашығындай таза ұстауға тәрбиелеу.
Қолданылатын көрнекі құралдар мен жабдықтар: табиғатқа арналған суреттер, алма ағашы, аудио жазба, глобус т.б.
Алдын ала атқарылған жұмыстар: жұмбақтар шешу, табиғат, су туралы өлеңдер жаттау.

Мотивациялық-қозғаушылық                  

Жылулық шеңбері:

       Армысың, шапағатты күніміз!                        

       Армысың, мейірімді жеріміз!

       Армысың, табиғат анамыз!

       Келді сізге, өзіңіздің балаңыз!

(Балалар жарты шеңбер болып хормен айтады.)

— Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?

— Күз мезгілі.

Балалар, бәріміз күздің самал лебінен алайық, алақанға салайық, күннің жарқыраған нұрынан алайық, алақанға салайық, ал енді, жүрегіміздің лүпілінен алайық, оны да алақанға салайық. Енді осының бәрін достарымыздың жүректеріне қарай үрлейік: УФ, УФ,УФ!

-Енді барлығымыздың көңіліміз күздей жадырап, өзіміз күндей жарқырап, жүрегіміз достарымыз деп соғып, бүгінгі күнімізді қызықты өткіземіз деп сенемін! (Қайталап отырып, алақандарын ашып, дстарына қарай үрлеу арқылы жылы лебіздерін жібереді.)

— Балалар, күз мезгіліне байланысты тақпақтарыңды айтып беріңдерші.

Ұйымдастырушылық-ізденістк

-Балалар, менің жұмбақ жасырғым келіп тұр, мұқият тыңдаңдаршы.

Бір жерінде ыстық,

     Бір жерінде суық.

     Бір жерінде түн,

     Бір жерінде күн.

     Бұл не?

-Иә, дұрыс айтасыңдар, міне мынау жер шары, пішіні қандай?

(Глобус көрсетіледі.)

-Балалар, жер шары дөңгелек. Осы жер бетінде нелер мекен етеді?

-Балалар, бір сөзбен айтқанда бәрін не деп атаймыз?

-Жарайсыңдар!

-Балалар, адам, өсімдік, жануарлар тіршілік ету үшін не керек?

-Иә, дұрыс айтасыңдар! Біз бүгін судың тіршілік үшін қандай маңызы бар екенін білетін боламыз.

(Глобусты көрсету).

-Жер шарында қандай түс көп?

-Иә, дұрыс айтасыңдар! Жер шарында көк түс бұл судың белгісі.

-Жер бетінде су көп болса да, барлығы бірдей ішуге жарамды бола бермейді. Су тұщы және тұзды болады. Біз ішу үшін тұщы суды пайдаланамыз.

-Ал балалар, олай болса өз қолымызбен жасап дәлелдей отырып судың қасиеттерімен танысайық. (Тәжірибе жасау.)

1). 1стақанда сүт, 1стақанда су екеуінің түсі салыстырылып, сүттің түсі ақ, ал судың түсінің мөлдір екендігін анықтайды.

2). 1стақан суды балаларға ішкізе отырып, судың дәмі жоқ екендігіне көз жеткізеді.

3). Суды иіскей отырып, судың иісі жоқ екендігін біледі.

4). 1стақан суға тұз, 1стақан суға қант сала отырып қозғайды, судың еріткіш қасиетке ие екендігіне көз жеткізеді.

-Жарайсыңдар, балалар!

Қызықты сәт:

«Алма ағашы мен балалар»

-Балалар, бірдеңенің дауысы естіледі.

(Алма ағашының сыбдыры естіледі).

Алма ағашы: (аудиожазбадан)

-Ой, ой, ой, кім бар мұнда?

Маған көмектесіңіздерші.

Тәрбиеші:

— Балалар, біздер қарап қалмайық, алма ағашына көмектесейікші.

Балалар келеді.

Тәрбиеші:

-Алма ағашы саған не болды? Көмек керек пе?

Алма ағашы:

-Иә, менің жемістерім пісті. Денем күннен-күнге ауырлап барады. Құстарға жем болғанша, адамзатқа пайдам тисе деген едім.

Тәрбиеші:

-Балалар, не істейміз?

(Балалар жемістерді жинайды.)

Алма ағашы:

-Пай, пай, шіркін, рақмет, балалар! Сендердің келгендерің қандай жақсы болды. Денем бір жеңілдеп қалды ғой. Еңбекқор, мейірімді, ақылды екенсіңдер. Сендерге менің алғысым зор!

Тәрбиеші:

-Ия, жарайсыңдар, балалар. Біз осы жеміс ағаштарына жаздай қамқорлық жасап, күзде соның тәтті жемісін жинап, қыстай азық ретінде пайдаланамыз. Соның барлығы адамдардың еңбегі.

-Балалар, ағаштарға қалай қамқорлық жасап, күтіп-баптаймыз?

-Иә, балалар, адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ.

     Сергіту жаттығуы:

«Жылға және көл» ойынын ойнай отырып, денелерімізді сергітіп алайық.

Ойын шарты: «жылға» дегенде балалар топ ішінде тарап кетеді, «көл» дегенде қол ұстасып шеңбер құрады.

— Жақсы жарайсыңдар!

— Балалар, су туралы тақпақтарыңды айтып беріңдерші.

— Сылдырлайды мөлдір су,             — Су пайдалы адамға,

Шынығамын күнде мен.                     Мөлдір суға қолың жу.

Тоңбайды аяз-боранда,                        Тазалықтың досы,

Салқын суға үйренген.                       Су – деген осы.

«Орнына орналастыр» ойынын ойнайық.

Ойын шарты: тақтадағы табиғат суретінің кейбір бөлшектері жоқ, сол үшін мына алдарыңдағы үстел үстінен сол бөлшектерді алып, орнына орналастырыңдар. Ол үшін үш топқа бөлінесіңдер.

— Жарайсыңдар, балалар! Табиғатымыз өз бөлшектерімен толысып, сұлу табиғатқа айналды.

— Балалар, сендер табиғат туралы тақпақтар білесіңдер ме?

Табиғат егіз адаммен,                       — Табиғатым бай өлкем,

Жасыл желек жайнаған.                      Ұқсастық табам содан мен.

Қызғалдақтар құлпырып,                  Мәңгілік болсын егіздер,

Бағында құстар сайраған.                 Жер-ана, көл, теңіздер.

— Балалар, олай болса, біз таза ауаға шыққанда айтатын өлеңімізді айтайықшы. (Шеңбер болып жүреміз.)

Құстарға жем шашамыз,

Бақта гүлдер тереміз.

Бірге ойнаймыз, күлеміз,

Міне, біздер қандаймыз,

Табиғатты қорғаймыз!

Релаксация

Балалар, қазір, барлығымыз бірігіп, қиял арқылы саяхатқа шығамыз. Ол үшін денелеріңді бос ұстап, көздеріңді жұмып, еркін тұрыңдар. (Баяу музыка ойналады.)

— Біз гүлдері мен шөбі жайқалған, көгалға саяхат жасаймыз. Көгалда жасыл шөп, сылдырлап аққан бұлақты көреміз. Құстардың сайраған дауысы қандай әдемі! Табиғатымыз қандай сұлу, шіркін! Біздің еліміздің табиғатынан асқан сұлу, кең-байтақ дала жоқ тәрізді!

— Енді көзімізді ашамыз да, мына көрініске қарайықшы. Осы көріністі елестеттіңдер ме?

(Екі суреттің көрінісі, бірі таза табиғат, екіншісі ластанған, қоқыс-қалдықтар бейнеленген табиғат.)

— Ал, ондай болса, мына көрініске қарайықшы. Осы көрініс пе?

— Неге?

— Дұрыс айтасыңдар, ластанған, қоқыс-қалдықтар жатыр. Қалай ойлайсыңдар, осыншалықты табиғатты кімдер, неге ластаған?

— Балалар, осылай табиғатты ластауға бола ма?

— Балалар, суды не үшін қорғауымыз керек?

— Жер бетінен су жоғалып кетсе, не болар еді?

— Біз суды қорғау үшін қандай көмек көрсете аламыз?

(Осы кезде есік қағылып, дәрігер кіреді.)

Дәрігер:

— Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен барлық топтарды аралап, өзімнің ақыл-кеңесімді беріп жүр едім.

— Ал, балалар, дәрігердің кеңесін тыңдаймыз ба?

Дәрігер:

— Балалар, сендердің денсаулықтарың мықты болу үшін, үнемі дәруменге бай тағамдар жеңдер, ауыра қалған жағдайда дәрі-дәрмектерге көп жүгіне бермей, таза табиғатта алынған дәрілік шөптің тұнбасын ішіп жүріңдер. Міне, мен сендерге пайдалы шай тұнбаларын алып келдім. Балалар, біз осы дәрі-дәрмектерді бізді қоршаған орта табиғаттан аламыз. Сондықтан да балалар, табиғатты аялап қорғаңдар!

— Дәрігер, біз табиғатымыз жайында әңгіме жүргізіп, ойындар ойнап   жатыр едік, сіздің ақыл-кеңесіңіз өте орынды болды. Сізге рахмет!

Дәрігер:

— Сендердің денсаулықтарың одан әрі мықты болу үшін әрдайым таза ауада демалыңдар!

— Жақсы, балалар, сау болыңдар!

(Дәрігер шығып кетеді.)

Рефлексиялық-түзетушілік

— Бүгін біз адамның табиғатқа қамқорлық қатынасы жайлы әңгімеледік. Табиғат-Анаға көмектесуді үйрендік. Табиғат-барлық адамдардың ортақ үйі. Біз табиғатты аялаймыз. Табиғат бізге қуаныш сыйлайды, ал біз болсақ оған ризашылығымызды білдіреміз. Біз суды ластамаймыз, табиғатымызды аялаймыз, оны күтіп, баптап, сүйіспеншілікпен қараймыз. Себебі, біз, туған жерімізді сүйеміз, құрметтейміз.

— Балалар, енді табиғатқа алғысымызды айтайық.( Хормен айтады.)

   Күн, сәуле шашқаның үшін рақмет!

   Бұлт, жаңбыр сепкенің үшін рақмет!

   Аспан, таза ауаң үшін рақмет!

   Ағаш, көлеңкең үшін рақмет!

   Табиғат, бәрі, бәрі үшін рақмет!

 

Күтілетін нәтиже:

Білді:   Табиғат-тіршілік негізі екенін білді.

Түсінді:   Судың тіршілік үшін пайдасын түсінді.

Меңгерді: Тәжірибе жасай отырып судың қасиеттерін меңгерді.

 

               Айтбаева  Айгерим  Рахманбердиевна,

                             №33 «Ақбота» бөбекжай-балабақшасының

              тәрбиешісі,

Оңтүстік Қазақстан облысы,

              Шымкент қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.