Home » Білім және тарих » СТУДЕНТТЕРДІҢ ДАРЫНДЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ ЗАМАН ТАЛАБЫ

СТУДЕНТТЕРДІҢ ДАРЫНДЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ ЗАМАН ТАЛАБЫ

  Ертеректе ғылыми мектептер болғандығына тарих куә. Ғалым  А.Көбесов атап көрсеткендей, «Жаңа қалыптасып келе жатқан феодалдық қатынастар, орасан зор мемлекеттің саяси — шаруашылық мүддесі Араб халифатынан өзі бағындырған елдердің ғылымына басқаша қарауды талап етіпті. Араб ғылымы ескі грек және үнді ғылымынынан нәр алумен қатар, мәдениеті жоғары басқа да елдердің – Мысырдың, Шамның, парсының әсіресе Орта Азия елдерінің үздік ғылыми дәстүрлеріне негізделді.

Бағдадта және басқа қалаларда астрономиялық обсерваториялар салдырады. Аздаған уақыт ішінде Үндістан астрономдарының және Гиппократ, Платон, Аристотель Евклид, Архимед, Аполлоний, Плотомей сияқты грек ғылымының көрнекті өкілдерінің еңбектері араб тіліне аударылып шұғыл зерттеле бастады.

Ғылымның қадір — қасиетін дұрыс түсіне білген Бағдад халифалары аталы-балалы әл-Мансур, Һарун ар-Рашид (кәдімгі «Мың бір түн» кейіпкерлерінің бірі), әл-Мамундар (VIII-IXғ) ғылымды дамыту мәселесіне көп көңіл бөліп, һарун ар-Рашид «Даналық үйі» («Байт әл-Хикма») деп аталатын орталық құрған. Осылай ғылым тарихында үлкен мәні болған «Бағдад мектебі» дүниеге келген. Бағдатқа жан-жақтан асқан білімпаз оқымыстылар шақыртылады. «Александрия ғылыми мектебі», «Пифагор мектебі», «Апполоний мектебі» т.б. ғылыми мектептердің ғылымды дамытуға қосқан үлесі орасан зор. А.Көбесовтың «Шығыстың сөнбес жұлдыздары» және Әбсаттар Дербісәлінің «Қазақ даласының жұлдыздары» [1] жайлы ғылыми зерттеулерінде бұл ғылыми мектептер жайлы құнды-құнды мәліметтер келтірілген. Осылардың ішінен Отырар (Фараб) ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, топ жарғаны — Аристотельден кейінгі, «екінші ұстаз» («Әл-Мұғаллим ас-Сани»), «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама Әбу Нәсір Әл-Фараби жайлы айтпау мүмкін емес.

Әл-Фараби алғашқы білімін Отырар медреселерінің бірінде алған. Мәуренаһрда балаларды түрлі қолөнер мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту олардың бес жасар кезінен басталатын болған. Мұсылман дүниесінің рухани орталығы Месопотамияға таяу және Орта шығыс елдерінде сапарға дайындайды.

Бірақ Әбу Нәсір Бағдадқа бармас бұрын жол — жөнекей Шаш пен Самарқан, Бұқара шаһарларына соғып, білімін толықтырған. Кейінірек Әбу-Нәсір Иран еліндегі Мешһед, Нишапур, Рей, Исфаһан қалаларына келеді. Иран халқының мәдениетімен танысады. Содан соң әрі қарай Бағдадқа аттанады.  Әбу Нәсір Бағдадта медицина ғылымы, логиканы, жаратылыстану ғылымдарын, астрономия мен грек тілін үйренеді. Сөйтіп, Әл-Фараби бар ынта-жігерін фәлсафаны зерттеуге арнап, логика, әуез (музыка), астрономия, математика және басқа ғылымдар бойынша көптеген еңбектер жазған. Әбу Әли ибн Сина да (980-1037) өзінің шығармаларын жазу үстінде оның еңбектерін пайдаланғанын, сол арқылы мәшһүрлікке қолы жеткен екен.

Әл-Фараби жаһанкездікті ұнатқан. Арада біраз жылдар салып, Бағдадтан Шамға келеді, бірақ мұнда ұзақ аялдамастан, мысырға сапарға шегеді.

Әбу Нәсір Аристотельдің «Метафизикасын» қырық рет, «Жан  туралы» еңбегін жүз рет, ал  «Риторикасын»  екі жүз рет оқып шыққан екен. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын игерген.

Әл-Фараби «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты т.б. көптеген трактаттар туындатқан. Ұлы ғұлама ғалым математика, медицина, әуез теориясына, алхимия мен магияға, фәлсафаның, логиканың, таным-наным теориясының, психологияның, этиканың (әдеп), саясат пен социологияның, педагогика, эстетика мен акустика, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ ол парасаттылық пен ағартушылықты жақтаған үлкен гуманист. Әбу Нәсір — халықтарды бейбіт өмір сүруге, достыққа шақыра отырып, адам баласының білім мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер. Әл-Фараби сонымен қатар, тіл білімі, логика, жағрафия, метафизика, этика т.б. ғылым    салаларын қамтитын жүз елуге тарта трактаттар жазған, жетпіс тілді жетік меңгерген дана.

Жоғарыда аталған ғылыми мектептер Европа елінде де өз жалғасын тауып, мұнда «Корольдік қоғам», «Философиялық қоғам», ғылыми қоғамдар ұйымдастырылған. Атақты ғалымдарымыз осы ғылыми қоғамның хатшысы қызметін атқарған. Мысалы, Исаак Ньютон (1643-1727) Корольдік қоғамның мүшесі болған. Ал, Майкл Фарадей (1791-1867) «Философиялық қоғамда» лекциялар оқыған [2].

Ал, дәл бүгінгі күні студенттерді ғылымға тарту, баулу, ғылыми бағыт-бағдар беру заман талабы. Дарынды балалармен жұмыс жүргізудің  негізгі мақсаты – олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру.

Шығармашылық адамның, қоғамның және жеке тұлғаның дамуындағы қозғаушы күш болып табылады. Ой бостандығы мен еріктілік болған жағдайда логикалық ойлауды бір ізділіктен талдағыштық тұрғыға жетектеп, өзін дамытатын белсенді еңбекті – студент шығармашылығы дейміз. Осындай еңбектің негізінде білім игеруге, оқуға, оқи білуге тәрбиелеу білім беру үдерісінің негізіне айналса, студенттің жан-жақты дамып, шығармашыл адам болып жетілуінің негізі болады. Заман талабына сай білім бере отырып, студент бойында танымдық қабілетін дамыту бүгінгі таңда ұстаз үшін үлкен жауапкершілік іс болып табылады. Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы, іскер, өмірге икемделген, жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны қалыптастыру», – деген тұжырымдамасында ашып көрсеткен.
Қоғамның осындай дарынды адамдарға деген қажеттілігін қанағаттандыру талабы білім беру жүйесінің алдына баланың жеке қабілеті мен әлеуметтік белсенділігінің дамуына жол ашу, шығармашылық қабілеті зор жеке тұлғаны қалыптастыру міндетін қойып отыр.

Сондай-ақ мемлекетіміз үшін Қазақстанның гүлденуіне, егеменді еліміздің өсіп өркендеуіне өз үлестерін қосатын тілін, дінін сақтаған, компьютерлік сауатты, білім мен ғылымды қатар меңгерген, өте тәрбиелі, өте мәдениетті, зиялы да дарынды, зияткер, қабілетті дарынды жастарды тәрбиелеу болып табылады.

Әдебиеттер

1.Ә.Қ.Бүркіт, М.Ш.Салибекова.  Әл-Фараби ғылыми қоғамы. — Шымкент, 2017 ж.

  1. Ерматов Ш.Р., Беркут А.Қ. Дарынды балалар ғылыми қоғамын құру жобасы. Әдістемелік нұсқау. – Шымкент, 2008.
  2. Ғаламтардың рұқсат етілген қолжетімді сайттары мен материалдары.

Әлеуметтік-экономикалық пәндер бірлестігінің оқытушысы Л.С.Барпиева

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.