Home » Мақалалар » Созақ сапарында

Созақ сапарында

Еліміздің кең байтақ даласы тұнған тарихқа толы. Солардың ішінде көнеден сыр тартып, бүгінде жыр қылып айтар өңіріңіз-  Созақ..

Бір заманда қазақ хандығының ордасы, адамзат баласының ошағы болған, Қазыналы Қаратау бауырына басқан құтты мекен.

Қырында қарақұйрық, киігі жосыған, тауында ежелден  тауешкі мен арқары өрген киелі де ырысты мекен.

Қаратаудың күнгейі мен теріскейі. Яссауидің 13 атасы Бабаата, Қарабура, Бабай түкті шашты Әзиз, Бибімариям әулиелер, Саңғыл бидің мекені.  Сондай-ақ, күй өнерінің дүлдүлдері Сүгір Әлиұлы, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзолла Үрмізов, кешегі қазақта қара сөздің хас тұлпары Тәкен, әлем әдебиетін езіп ішкен марқасқа Асқар, дарабоз сыншы Тоқбергеннің Төлегені, ақын қызы Бәтима, бүгіннен Дулат Тұрантегі сынды  тұлғаларды тудырған Созақ топырағы қалайша қасиетті болмайды. Кенді Қаратаудың осылайша тұнған тарихы асқан дарын иелерімен ерекшеленбек.

Осынау өлкеге әдістемелік көмек көрсету мақсатымен А.Ысқақов бастаған бір топ орталық қызметкерлері іссапармен жол тарттық.

«Селдір қияғы шежіре шертіп, бір түп шиі ертегі айтқандай». Сасыр, көкемаралы тәнге қуат бергендей. Қышқылтым кеудені жарар жусанның кермек иісі аңқыған жазиралы, өркештене созылған нәзира таулары, бетегелі, алтынды белі, күмісті назды көлі. Көл маңында тік көтеріле қалықтай ұшқан қырғауылы, өжет қырғиы, аңғырт дуадағы…Көгінде жасқануы жоқ уытпен сорғалай жарқ етіп қасқыр, қарсақ, түлкі ілер аспан еркесі …  Әсіресе, біз ат басын тіреген Абай ауылында әке тұлғасын мәңгілік асқақтатып, қыз зердесіне сындарлы ой тастап, алыстан Келіншектау түйелі керуенімен көз тоқтатты…

Күз бен қыстың өларасы. Күн тым қатты қысқарып, көгілжім керенау кешкі ымырт түскен шақ. Самсаған жұлдыздар көкке жұтылып, ақ тұманданып, жер жүзі әп-сәтте ақ түбітке оранды. Қорқытып алмайын дегендей жүрер жолдан ығысып, әрегірек барып, паңдана қараған есік алдындағы салпанқұлақ қара итімен қоса, шығыстан  бұраңдай соққан   ерке желі де көзді аштырмай бірауық рәпәтты алғанмен, дағдылы қонақжайлылықтан болар аса ызғарлық танытқа қойған жоқ.

Дастархан басында біздің іссапарымыз  Саммидпен тұстас келгендігі турасында, Саммидтің біздің өміріміздегі тарихи маңызы, 1999 жылғы Стамбулдағы басқосудан кейінгі, араға аттай он бір жыл салып біздің елімізде өткізілуі., «Астана» декларациясының қабылданғандығы жөнінде, бүгінде Қазақстанның жаһандық саясатта әлем халықтары арасында бейбітшілік жаршысына айналып отырғандығы, ЕҚЫҰ-на мүше 56 алпауыт мемлекеттер арасында, саяси сахнада Қазақстанның беделінің арта түскендігі, ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет Азия және ТМД елдерінің арасында Қазақстанның биік тұғырға көтерілгендігі, достықтың алтын арқауы мен  ерлік пен елдіктің тұтастығының рәмізіне, ұлтаралық татулық пен экономикалық тұрақтылықтың бесігіне айналғандығы  турасында әңгіме арқауы тарқатылды. Соңынан Жетілген ағамыз перзентханада Саммидхандар мен Обсебектердің дүниеге келіп жатқанын айтып, баршамызды ду күлдіріп алды. Әңгіме ауаны осымен ғана шектеліп қалды. Біз күткен ұлылардың өнегелі өмірінен, жүріп өткен жолдары хақында шертілер сыр, тартылар күй, айтылар ой-жыр жұмбағына құныға, тұшына алмай көңіліміз құлазыды.

Ауданның құрметті азаматы, елағасы Сағынтай қарттың үйіне асығыс қана бас сұқтық. Бүгінгі күн зейнеткердің барқын тартқан кезі. Ұзын бойлы, кең иық, оқтаудай жұмыр  ақыл иесі  бізге қазағымның апайтөс ұлындай, ұлылықтың кезек қырындай көрінді. Сөз кезегінде еркін көсіле шабар  кең алқымды шапқан сайын тынысы кеңге тартар қалыпты шабыстағы өрен жүйріктігін аңғартып,  Асқар, күйші Төлегендер туралы тағылымды ой бастап, асығыс екенімізді аңдап, ақырындап сөзін тәмамдады. Көкке атылған жасындайын бір ұшқын ойды шарпып өтті. Түбі терең тұңғиық қайнаған ойдың қазаны ашыла сала шарт жабылғандай. Әсіресе, даласындай кең пейілді қариямыздың жампоздық қасиеті  аса сүйсіндірді. Осындайда қазақтың «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөзін  еріксіз ойға оралтты.

Ертеңіне Т.Әлімқұлов атындағы мектеп-интернатына қарай аяңдадық. Мектептен Тәкеннің нақ өзі шыға қалардай. Айнала алақотан жүргендердің арасында Тәкен шығармаларының кейіпкерлері Елеусіз, Тәпсір, Назар, Сәкен жүргендей. «Мені танырмысың?»- дегендей. Жүрегім лүпіл қағып, әлдекімді іздегендей жан-жағыма алақтаймын. Әлденеден қысылып, қымсынғандаймын…

…Қайтар жолда Абдолла ағай Таскөмірден өте бере қыстың көзі  қыраудағы ақтүтек боранда үрінді қар толып, көліктер не ары, не бері өте алмай жиі ошарылатын тұсы — осы Одаман асуы  екеніне көпшілік назарын аударып өтті.

Ұлттық болмысымызбен біте қайнасқан күй өнерінің тылсым табиғатын жанымен түсіну, қыр-сырын жүрегімен ұғыну, тереңіне бойлау кез келген жан иесіне бұйырмайтын бақ. Бұл тұста, күні кеше ғана бақилыққа аттанған А.Сейдімбектің  тұнған дала тарихын, күй өнерінің тылсым сырын, құдіретін, хал-қадірінше қаттаған толайым еңбектері арқылы Созақ өңірінің күллі тарихын бүгінгі ұрпаққа жеткізу міндетін атқарған сықылды..

Менің құлағымнан көпке дейін жер тарпып, кісіней көкке шапшыған  өр мінезді өктем дарабоздар мен тарланбоздар тұяғының дүбірі кетпей тұрып алды.

 

 

 

Жанысбек Ләззат

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.