Мақсаты: Балаларды күз әлемімен таныстыру. Күз мезгілінде болатын ерекшеліктерді сахналау. Балаларды күз байлықтарымен, күзгі еңбекпен таныстыру. Табиғатты сүюге, қорғауға тәрбиелеу.
(Әсем әуен ойнап тұрады. Балалар залға музыкамен көңілді кіреді)
Жүргізуші: Армысыздар құрметті қонақтар, әріптестер және осы бөбекжайдың кішкене бүлдіршіндері! «Сиқырлы күз!» атты мерекелік ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
-Балалар, біздер қандай мерекені тойламақшымыз?
-Алтын күз мерекесін тойлаймыз.
-Алтын күздің жапырағы қандай екен? Қане, қарайықшы.
-Жапырақтары сары, қызғылт, қызыл.
-Өте әдемі екен?! Солай ма, балалар? Ал осыларды кім әдемілеп қойғанын білесіңдер ме?
Балалар: Сиқырлы күз әдеміледі.
Жүргізуші: Дұрыс, балалар.
Ән: «Жаңбыр»
Жүргізуші: Балалар, тыңдаңдаршы, жел соғып жатыр. Қане, бәріміз желмен бірге үрлейік. (Үф –ф… үрлейді)
Қараңдаршы, желмен бірге бізге не келе жатыр? (тыңдайды)
Таң атпай тұрыпты
Ойқастап жүріпті
Жан-жаққа қарапты
Айдарын тарапты, — бізге келе жатқан не екен?
Залға әтеш кіреді: Сәлеметсіздер ме, балапандар! Бүгін сендер қандай әдемісіңдер?! Мен сендерге қонаққа келдім.
Жүргізуші: Қош келдің! Біз Алтын күзді тойлап жатырмыз. Бізбен бірге тойла.
Әтеш: Рахмет! Балалар, сендер жаңбырдың қалай жауатынын білесіңдер ме?
— Иә, білеміз!
Әтеш: Өте жақсы. Жаңбырдың өте жай, кішкене түрі болады. Оны салу үшін қолымызды жай шапалақтаймыз (балалар қолдарын жай соғады, әуен жай ойнайды). Сонымен қатар үлкен, қатты жаңбырлар да болады (балалар қолды қаттырақ, тезірек соғады, әуеннің дауысы қатты шығады).
«Қандай жаңбыр?» ойыны ойналады.
(Әтеш басқарады: Жай жаңбыр дегенде қолды жай соғады. Қатты жаңбыр дегенде қолды қаттырақ соғады.)
Сән үлгісі:_______________________________
Әтеш: Ой, балалар, сендер өте тамаша ойнадыңдар, сән үлгісін көрсеттіңдер, сендермен уақыт өте көңілді өтті. Рахмет сендерге, балалар! Мен енді достарыма кетейін. Сендердің қандай ақылды, көңілді екендеріңді айтайын. Сау болыңдар, балалар.
Жүргізуші: Балалар, мен бір сыбдыр естіп тұрған сияқтымын. Кім екенін білгілерің келе ме?
Залға түлкі келеді: Ах, күздің күні қандай суық еді, жаурап қалдым ғой.
Мен түлкімін күлкілі,
Кім білмейді түлкіні.
Алдамаймын ешкімді,
Алтынданған күз күні.
Жүргізуші: Қу түлкі, сіздің бізге келгеніңіз қандай жақсы болды! Біздің балалармен бірге бойыңды жылытып, би билегің келмей ме?
Түлкі: Сендер сондай кішкентайсыңдар, билей аласыңдар ма?
Би: «Қолшатыр»
Түлкі: Ой, жарайсыңдар, кішкентайлар!
Жүргізуші: Балалар, енді мен сендерге жұмбақ жасырамын, тыңдаңдар:
Менің атым ұзынқұлақ,
Ылғи түнде жортамын.
Қалдырмаймын ізімді,
Өте қатты қорқамын.
(қоян)
Залға қоян келеді: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Сендерде болып жатқан қандай мереке? Қандай көңілдісіңдер?
Жүргізуші: Сұр қоян, біз бүгін Алтын күз мерекесін тойлап жатырмыз.
Түлкі: Сұр қоян, осы сені неге желаяқ деп атайды?
Қоян: Соны да білмейсің бе? Мен өте тез жүгіремін ғой. Сондықтан мен желаяқ атандым.
Түлкі: Ой сұр қоян, мақтанба. Сен менен де тез жүгіре аламын деп ойлайсың ба?
Қоян: Әрине, сен менімен жарыссаң жете алмай қаласың.
( Түлкі қоянды қуады, жете алмайды)
Түлкі: Сұр қоян, сен расында жеткізбейді екенсің.
Түлкі: Бүгін біздер ойнадық та,
Ән салдық та, биледік.
Қоштасатын кез де келді,
Біздер енді кетейік.
Қоян: Сау болыңыздар, балалар!
Жүргізуші: Балалар, бүгін бізге әтеш те, қоян да, түлкі де келді. Ал сиқырлы күз болса әлі жоқ. Біздер Күзге арнап әнімізді айтып, сиқырлы күзді ортаға шақырайық.
Ән: «Күз жомарт»
Залға күз кіреді:
Сәлем, өрен достарым,
Алақанды тос бәрің.
Қымбатты сый алыңдар,
Қызығыма қаныңдар.
Ән салыңдар, күліңдер,
Жайнап гүлдей жүріңдер.
Кел, күз тойын тойлайық,
Би билейік, ойнайық!
Сәлеметсіздер ме, балалар! Дауыстарың қандай әдемі! Сендер мен туралы әндетіп жатырсыңдар ма? «Мереке басы ән болар, береке басы дән болар» дейді халқымыз. Мен көктемде еккен мол астықты жинап, қамбаларды алтын дәнге толтырып, көкөністер мен жемістерімді жинадым. Сондықтан халық мені Жомарт күз деп те атайды. Сендерге көкөністер мен жемістерден мүсіндер жасап ала келдім.
Көрініс:
Амир: Тоқтаңдар, тоқтаңдар!
Бойымнан әл құрып,
Көздерім бұлдырап,
Басым айналып барады!
Амина: Енді, енді не етеміз?!
Амирге қалай көмектесеміз?
Ислам: Сабыр сақта, саспайық,
Дәрігер шақырайық!
Амир: Жо-жоқ! Дәрігер керек емес!
Қазір өзім тұрамын тез!
Сабина: Онда дәрі ішіп ал,
Менде, міне, көп дәрі бар!
Ислам: Ауырмау үшін суық суға шомылу керек
Бұл – дәлелденген рецепт!
Амир: Ах!
Бәрі бірге: Дәрігер, дәрігер! («Жедел жәрдем» машинасының дыбысы естіледі. Дәрігер киімін киген бала келеді)
Санжар: Мені неге шақырдыңдар,
Қандай шағым, арыздар бар?
Бәрі бірге: Амирге дәрігерлік көмек керек!
Санжар: Қазір қарап шығайын,
Неден ауырғанын ұғайын… (Фонендоскоппен кеудесін тыңдайды)
Санжар: — А — а — а — деп қане, аузыңды ашшы…… (тексереді)
Тістерің орнында, тамағың іспеген,
Қол-аяғың әлсізденген,
Қызуың ыстық екен,
Білдім, неден ауырғаныңды…!
Жеткілікті мөлшерде ағзаңа,
Дәрумендер жетіспеген!
Амир: Енді не істеймін?
Санжар: Дәрумендер табиғи болғаны дұрыс,
Көп-көп көкөніс, жемістер жеуге тырыс!..
Ойын: Жемістер мен көкөністерді ажырат?
Жүргізуші: Алтын күз, біздің балаларымыз сізбен бірге «Жапырақтар» биін билегісі келіп тұр.
Күз: Жақсы, билесек билейік.
Жүргізуші:
Күз арқылы білеміз,
Жомарттықтың салтын біз.
Біз өзіңді сүйеміз,
Балалар: Рахмет саған алтын күз!
Жүргізуші: Құрметті көрермендер,осыменен «Сиқырлы күз!» атты ертеңгілігіміз аяқталды, келесі кездескенше сау болыңыздар!
Алия Маратқызы Мухамбеткалиева,
БҚО, Қазталов ауданы,
Жалпақтал ауылдық
округі әкімі аппаратының
«Балдәурен» бөбекжайының тәрбиешісі