Home » Білім және тұлға » Серікзат Дүйсенғазы: «Қазаққа үлкен еңбек сіңірген ұстаздарым бар»

Серікзат Дүйсенғазы: «Қазаққа үлкен еңбек сіңірген ұстаздарым бар»

      Серікзат Дүйсенғазы – ақын, филология ғылымдарының кандидаты: «Қазаққа үлкен еңбек сіңірген ұстаздарым бар»

Жасынан домбыраны жанына серік етіп, жиырма жылдан астам уақыт аралығында айтыс өнерінде қара сөзден қамшы өрген, талай республикалық жыр додаларында топ жарған арқалы ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті – Серікзат Дүйсенғазының есімі көпшілікке мәлім. Ақын «Шетел әдебиетінің тарихы» оқулығының, «Халық поэзиясы және Ғабдиман Игенсартов мұрасы» атты монографияның авторы, сондай-ақ «Халықаралық Наурыз айтысы», «Астана көшелерінің атаулары», «Бізге де сөйлер кез келер», «Қазіргі айтыс» атты екі томдық жинақтардың құрастырушысы екенін және білеміз. Осы ретте біз айтыс өнері мен жазба жырды қатар алып, талай шәкірттің жүрегіне білім нәрін құйған азаматтың ұстаздары жайлы өз азуынан тыңдап, оқырманға жариялауды жөн көрдік.

 Өмірдерек:
         Серікзат Дүйсенғазы 1974 жылы 8 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Аякөз ауданы Тарбағатай ауылында дүниеге келген.
Айтыс ақыны ретінде алғашқы қадамын 1990 жылдан бастады.
1993 жылы Семей облысы Ақсуат ауданында өткен би Боранбайдың 300 жылдығына арналған Республикалық айтыста 2 орын;
1998 жылы Ш. Құдайбердіұлының 140 жылдығына арналған Республикалық ақындар айтысының арнайы жүлдегері;
2003 жылы Аякөз қаласында  өткен халық ақыны Төлеу Көбдікөвтың 130 жылдығына арналған Республикалық ақындар айтысының бас жүлдегері;
2006 жылы Қорғалжында өткен «Қорғалжын – құтты мекенім» атты Республикалық ақындар айтысының  бас жүлдегері;
2006 жылы Астана қаласында өткен «Туған тілім – тұғырым» атты Республикалық ақындар айтысының 2 орын жүлдегері;
2008 жылы Қарағанды облысында өткен Бұхар Қалқаманұлының 340 жылдығына арналған Республикалық ақындар айтысының 3 орын жүлдегері;
2009-2010 жылдары Астана қаласының туған күніне арналған Республикалық айтыстың  2 орын иегері, тағы басқа отыздан аса республикалық, халықаралық айтыстарда ел қошеметіне бөленді.

  Баламыз ғой, Тарбағатай тауларының баурайында үлкен ас беріп, ауылда мәре-сәре болып жатқан кездерде ұлттық ойындар алаңдарына барып, қызығып қарап тұратынбыз. Астымда атым болды, бірақ кішкентайсың деп ойнатпайтын ауыл үлкендері. Жеті, сегіз жасар кезім ғой сол. Айтыс болып жатса қасына барып тыңдап отыратынмын. Алғаш мектепке барғанда ұстазым болған Ибраева Бақыт деген апай. Ұстаз дегенді ең бірінші сол кісіден көрдік. Бірақ ол кісі бірінші сыныпты бітірер кезімізде марқұм болып кетті. Жәні жәннатта болғай. Баламыз ғой сол кезде, митингісіне қатыстық. Ең бірінші әріп танытқан ұстазым. Ол кісіге қарыздармын деп ойлаймын. Себебі, қолға қалам ұстатып, жазуды үйретті. Кейіннен ұстаздарым көп болды ғой. Дәмеш дейтін апайымыз жоғары сыныпта әдебиет пәнінен сабақ берген еді. Әдебиетке жақын болғанымның бірден бір жолы осы кісіден еді. Әдебиетке деген қызығушылығымды арттырып, сабақтан кейін қандай кітаптар оқу керектігін айтып беретін. Күнде әр түрлі тапсырмалар беріп отыратын. Әңгімелерді жақсы айтатын. Бала кезден поэзияны жақсы көрдім. Бірақ кейін, ұмытпасам 7-8 оқитын кезім болса керек, жазушы болсам деген сезім оянды. Себебі әкем Мақсұттың ағасы Ерғазы Рахимов деген жазушы болатын. Сол кісіге еріп біздің ауылға Алматыдан Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов, Тоқтархан Шәріпжанов т.б. жазушылар келіп жатушы еді. Айтыс өнеріне тәй-тәй басып, өлең жаза бастаған маған осының барлығы қатты әсер етті. Сол бір арман ғой мені Алматыдағы ҚазМУ-ге жетелеп әкелген.

Кейін ҚазМУ-ге келіп, студент атанған соң, Тұрсынбек Кәкішұлы деген қазақтың әйгілі ғалымы менің университет қабырғасындағы ұстазым әрі ғылыми жетекшім болды.  Сонымен қатар, академик Зейнолла Қабдолов, академик  Мырзатай Серғалиев, Берікбай Сағындықұлы, Рымғали Нұрғалиұлы мені ғылымға жетелеген ұстаздарым. Рымғали Нұрғалиұлының жетекшілігімен, қамқорлығымен Астанаға келіп, қызмет істеп жатырмын. Талай ғылыми жұмыстарымды жарыққа шығардым. Мен өзімді осындай ұстаздардың алдынан өткен бақытты шәкірт сезінемін.

                                                                Жазып алған: Қуаныш Тұрғанбай

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.