Home » Мақалалар » Сертификатталған ұстаздар 5 жылдықты атап өтті

Сертификатталған ұстаздар 5 жылдықты атап өтті

Оқыту мен оқу, үйрету мен үйрену үнемі бір-бірімен астасып жатады. Шәкірттеріміздің бойында қандай қасиеттер мен қабілеттерді, ой-пікірлерді дамытуымыз керек? Ал, осыны жүзеге асыру үшін нені біліп, нені пайдалануымыз керек? Тегінде,  баланы өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен ізденіп білім алуға үйрету – ең тиімді жол.

Соңғы бес жылдықта Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде қаншама жаңғыртулар мен жаңа реформалар орын алды. Соның бірі – үздік әлемдік педагогикалық тәжірибе мен отандық педагогикалық тәжірибені пайдалана отырып сындарлы оқытуға құрылған деңгейлік бағдарламалар. 2012 жылдан бастап «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы ІІІ (базалық) деңгейлі Бағдарламасын жүргізіп келеді. Бүгінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында деңгейлік курстан өтіп сертификатталған ұстаздар саны 2 мыңнан асты.

Облыс ұстаздарының курстан кейінгі үздіксіз дамуын ынталандыру – 65 жылдық тарихы бар Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Осы бағытта 2017 жылдың 17-19 мамырында Деңгейлік бағдарламалардың оқу үдерісіне ендірілуіне 5 жыл толуына орай, «Оқу мен оқытудағы 7 модуль» үшінші (базалық) деңгей бағдарламасы бойынша сертификатталған мұғалімдерге арналған республикалық интернет-олимпиадасы ұйымдастырылды. Олимпиаданың мақсаты – үшінші (базалық) деңгей және «Тиімді оқыту» бағдарламалары бойынша сертификатталған мұғалімдердің курстан кейінгі үздіксіз дамуына кәсіби қолдау көрсету және қызметін бағалау. Олимпиада «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ www.orleu-taraz.kz  сайтында өтті.

Олимпиадаға Республикамыздың 3344 сертификатталған ұстазы қатысты. Оның ішінде: жалпы жеңімпаздар саны 424. Жамбыл облысы бойынша 699 мұғалім қатысқан.

26 мамыр күні республикалық интернет – олимпиадасының Жамбыл облысы бойынша жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті. Институт басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Медетбекова Гүлшат Онланбековна Республикалық интернет олимпиаданың жеңімпаздарын құттықтап, І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапаттады.

Салтанатты кешке жиналған ұстаздар Олимпиаданың мақсатымен сай келетін «Дара ұстаз» шығармашылық алаңында жұмыс жасады. Нәтижесінде Оқу мен оқытудағы 7 модульдің идеясын қолданып жүрген дара ұстаздар анықталды, ол ұстаздарға қошемет көрсетіліп «Креативті мұғалім», «Шебер мұғалім», «Интеллектуалды мұғалім», «Дарынды мұғалім», «Зерттеуші мұғалім», «Шығармашыл мұғалім», «Көшбасшы мұғалім» номинациялары бойынша дипломдар тапсырылды.

Курстан кейінгі іс-шараның қорытындысын шығару барысында таңдалған жұмыс түрлерінің артықшылығына назар аудардық:

  • сертификатталған ұстаздар курстан кейінгі тәжірибелік кезеңде де Бағдарлама идеясының теориялық құндылығына сүйеніп отырады;
  • тәжірибедегі ұстаздар өз біліктіліктерін дамытуға және өзін-өзі бағалауға оң көзқараста;
  • шалғай аудандардағы ұстаздардың олимпиадаға қатысу мүмкіндігі болған;
  • олимпиада жеңімпаздарын шығармашылық жұмысқа қатыстыру арқылы Бағдарлама идеясының қазақ мектептерінде қалайша көрініс тапқанын білдік;
  • курстан кейін уақыт аралығына мектеп басшысы деңгейінде көтеріліп, мектептің дамуын жоспарлап жүрген сертификатталған ұстаздар бар екені анықталды…

Ең үлкен жетістік деңгейлік Бағдарлама идеясын тәжірибеде қолданып жүрген рефлексивті-практиктер өзінің ғана емес жалпы мектебінің оқу мен оқыту үдерісінің қозғаушы күші екенін байқадық. Себебі қазіргі оқыту балаға бағытталған оқыту болса, сол оқытуды басқаратын – мұғалім.

Ұйымдастырылған іс-шара сындарлы оқытуға негізделген Бағдарламаның отандық ұстаздардың мәртебесін көтеруге бағытталған игі бастама екенін тағы да дәлелдей түсті.

Білім беру саласында жүргізілген әлемдік зерттеулердің нәтижелері тиісті кәсіптік қасиеттерге ие, оқыту және оқу үдерістерінің қажетті дағдылары мен терең түсініктерін игерген мұғалімдер жастардың білімін сапалық тұрғыдан өзгерте алатынын  көрсетіп отыр. Сондықтан да алға қойылған мақсаттарды іске асыруда мұғалімнің алатын орны ерекше екеніне ешкімнің таласы болмас.

С.М. Карымбаева

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ

Деңгейлік бағдарламалар орталығының жетекшісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.