Home » Ашық сабақтар » Сенің құқығың мен міндетің. Қуанышева Жанагуль Алжаппаровна

Сенің құқығың мен міндетің. Қуанышева Жанагуль Алжаппаровна

Мақсаты: — оқушылардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық білім әр адамның ісі екенін ұғындыру;

— ой-өрісін дамыту, белгілі бір пікір айтуға, тұжырым жасауға үйрету, есте сақтау қабілетін жетілдіріп, сөздік қорын молайту;

— оқушылардың бойына құқықтық, патриоттық, адамгершілік тәрбиені сіңіру;

Көрнекілік: нақыл сөздер, бала құқығы туралы конвенция.

Барысы:

Мұғалім сөзі:

Қазіргі уақытта құқықтық тәрбие беру өте қажет. Ол оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, ойлау қабілеттерін дамытады, өз пікірін айтуға, тұжырым жасауға үйретіп, патриоттық тәрбие береді.

Әрбір адам өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын заңдарды білуі қажет. Сондай-ақ, заң адамға міндеттер жүктейді. Адам басқалардың құқықтарын бұзбауы, олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысына қол сұқпауы керек. Адам түрлі жағдайда өмір сүреді: отбасында, жұмыста, мектепте, көпшілік жерде. Адамның қоғам мен мемлекет алдындағы міндеті: мемлекетті қорғау, салық төлеу, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу. Сен сияқты қаншама адам дүниеге келуде. Осы адамдардың барлығы бір заңға бағынады. Ол – Конституция деп аталады. Әр елдің, мемлекеттің өз азаматтарына арналған Заңы – Конституциясы бар. Бұл Заңда біздің құқықтарымыз ғана емес, міндеттеріміз де қатар жазылған. Оның дәлелі міне, сен бүгін мектепте отырсың, сен барлық адамдар сияқты оқуға, білім алуға құқығың бар. Сонымен қатар, сенің міндетің де бар. Ол – сен орта білім алуға міндеттісің. Мына үлкен мектеп, жарық та, кең әдемі бөлме жақсы білім алып, тәртіпті, саналы азамат болып, өсіп Отаныңа қызмет етуің үшін жасалған.

Сөздікпен жұмыс:

  1. Қане, анықтап алайық, құқық дегеніміз не?

Құқық – қоғамдағы адамдардың өзара қатынасын реттеп отыратын, мемлекет белгілеп, қорғайтын нормалар мен ережелер жиынтығы, осы нормаларды зерттейтін ғылым.

Міндет – адамдар бұлжытпай орындауға тиісті тәртіп пен қарым-қатынасқа қойылатын талап.

Мораль – адамның іс-әрекетін қайырымдылық пен зұлымдық, әділдік пен әділетсіздік және т.б. тұрғысынан реттеп отыратын нормалар мен принциптер жүйесі (слайд № 3,4,5).

Конституция – конституциялық құрылысты бекітетін, адам мен азаматтың құқығы мен еркіндігін бекітетін, мемлекеттік биліктің федералдық органдарын тағайындайтын негізгі құрылтайшы саяси-құқықтық акт.

Әңгіме:

Балалар адамға қатысты барлық құқықтарға ие. Бірақ ересектерге қарағанда өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктері аз болғандықтан ерекше құқықтық қорғауды қажет етеді. Қазақстанда балалардың құқықтық жағдайы мына заңдарда көрініс тапқан:

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы.
  2. Бала құқықтары туралы Конвенция.
  3. Бала құқықтары туралы Декларация.
  4. Азаматтық кодекс.
  5. Неке және отбасы туралы Заң.

Қорытынды: Көптеген адамдар санасында құқық ұғымы жазалау, соттау, құқық бұзылуының ұғымдарымен байланысты түсіндіріледі. Бірақ құқық әділеттілік, теңдік, ізгілік екендігін, қоғамға негізделген тәртіп ережелері екенін естен шығармау керек. Дүние жүзі елдеріне ортақ заңдар бар. Біз ол заңға да бағынуға міндеттіміз. Ол былай аталады: «Адам құқықтары жайлы жалпыға бірдей Декларациясы». Дүние жүзінің балаларын қорғауға арналған «Балалар конвенцияның 6-бабында былай делінген: «Сіздің өмір сүруге құқығыңыз бар, ал мемлекет сіздің жан-жақты еркін дамуыңызға көмектесуге міндетті. Денсаулығына, өміріңе қамқорлық жасап, қорғауға міндетті».

Қуанышева Жанагуль Алжаппаровна

Қарағанды қаласы

№23 ЖББ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.