Үстіміздегі жылдың 21 ақпанында Елбасы кітапханасы Музейінің ғимаратында Семей қаласы Балалар өнер мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстары көрмесі ашылды.
Елбасы кітапханасында Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай балалар шығармашылығын қолдау бойынша «Туған өлкем» жаңа көркемдік бағдарламасы өз жұмысын бастайды. Бағдарламаның серіктесі – «Балалық шақтан көзқарас» жобасын іске асырушы Астана қаласы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы.
Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов көрмені ашқан алғы сөзінде:
– Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу мәселесін алға тартады. Елбасы айтып өткендей, «патриотизм» кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады». Бұл идея бүгін Елбасы кітапханасында бастау алып, балалар шығармашылығын қолдауға бағытталған жаңа бағдарламаның негізін қалады. Жастарға қосымша білім беру, әсіресе шығармашылықтың барлық түрін дамыту бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды қадам болмақ. Біздің «Балалық шақтан көзқарас» жобасы бойынша Астана қаласы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубымен, қайырымдылық қорлары және қоғамдық ұйымдармен көп жылдық әріптестігіміз бүгінде қалыптасқан заңдылықпен дамуда. Біз еліміздің барлық өңірлерінде жасөспірім таланттардың көптеп дамуына куә болып отырмыз. Әрине бұл – ата-аналар мен көркемсурет, өнер мектептері ұстаздарының ұйымдасқан жұмыстарының нәтижесі. Елбасы кітапханасы Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларын зерттей және насихаттай отырып, дарынды балаларды мейлінше мадақтау мен қолдауды өз қызметінің маңызды бір бағыты деп санайды. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда, жас достар! Біз сіздердің таланттарыңыз бен өнерге деген құштарлықтарыңызға сүйсініп, болашаққа сеніммен әрі мақтанышпен қараймыз.
Бағдарламаның 2018 жылғы басты тақырыбы – Астананың 20 жылдығы. Мерейтой қарсаңында Елбасы кітапханасында ұйымдастырылатын көптеген мәдени іс-шаралардың алғашқыларының бірі – осы көрме болды.
Бағдарламаның аясында елорданың қонақтары мен тұрғындары республиканың балалар көркемсурет мектептері тәрбиеленушілерінің үздік деп танылған дипломдық жұмыстарымен танысса, бағдарламаның қатысушылары өнердегі өз жетістіктерін орталық алаңда көрсетуге мүмкіндік алады. Елбасы кітапханасының алаңында қазақстандық балалардың шығармашылық қырларын ашатын шеберлік сыныптары, пленэрлер, шығармашылық кездесулер ұйымдастырылатын болады.
Осы күні Семей қаласы Балалар көркемсурет мектебінің ұстазы Жеңіс Мұқышевтің «ПВХ-дағы нақыш. Пейзаж» шеберлік сыныбы өтті.
– Бүгінгі шеберлік сыныбында балалар ПВХ-дағы нақыш өнерінің ерекшеліктерімен танысты. Бұл өнердің балаларға қашанда қызық болатыны сөзсіз, себебі бір сюжет дайындайсың, соңында мүлдем басқа нәтиже шығады. Жыл сайын біздің нақыш өнері мен техникасы мектебінде өтетін Ашық есік күні кішкентай көрермендердің қызығушылығын туғызады. Менің осы салада ұстаздық еткеніме бірнеше жыл болды. Осы жылдар ішінде өнердегі балалардың қабілеті шексіз екеніне көз жеткіздім. Алайда біз дарынды балалардың қабілеттерін ашуға көп мән бермейміз. Президентіміз айтқандай: «Егер адам қолмен жұмыс істесе, ол – еңбеккер, қолмен және баспен жұмыс істесе, онда ол – шебер. Ал егер қолмен, баспен және жүрекпен істесе, ол – суреткер». Өнердегі балалар өте сезімтал келеді. Балаларға бәрін үйретуге болады. Ең бастысы – олардың әрқайсысының тілін тауып, жағдай жасау, – деді Жеңіс Мадиярұлы.
Семей қаласы Балалар өнер мектебінің директоры Күлғазы Ргелова балалардың жетістіктері жөнінде айтып берді:
– Балалар өнер мектебі 2017 жылдың тамызында Балалар көркемсурет мектебі мен № 2 Балалар музыка мектебінің бірігуінен кейін ашылды. Қазір өнер мектебінде 800-ге жуық бала оқиды. Көркемсурет мектебі көп жылдық қызметі барысында өзіндік дәстүрлерін қалыптастырды. Мәселен, қала мектептерінің балаларына арналған бейнелеу өнері бойынша «Әлем балалар көзімен» және «Наурыз» қалалық олимпиадаларын, «Көңілді түстер» БКМ оқушыларының қорытынды көрмесін өткізу дәстүрге айналды. Балалар көркемсурет мектебі жыл сайынғы Жапония, Ресей және басқа шет елдерде өтетін Халықаралық байқаулардың қатысушысы. Қазіргі таңда мектебіміздің түлектері Қазақстанның және таяу шет елдердің жоғары оқу орындары мен колледждерінде бейнелеу, дизайн, сәулет өнері бойынша білім алуда.
Көрмеге келушілер шараның ашылуына арнайы келген өнер мектебінде білім алатын жас өнерпаздардың ең үздік өнерлерін тамашалады. «Тұмар» өнер мектебі ансамблінің жетекшісі Ардақ Тоқтарова өнерлі балалардың көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері екенін айтып өтті.
Көрмеде 70-ке жуық, кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы және мүсін өнер түрлері бойынша туындылар ұсынылды. Аталмыш көрме соңғы үш жылдағы мектеп түлектерінің үздік дипломдық жобаларынан жинақталған оқушылардың шығармашылық жетістіктерін ғана емес, ұстаздардың кәсіби жетістіктерін де көрсетеді.
Көрме 2018 жылдың 25 наурызына дейін жалғасады.