Home » Жаңалықтар » Семей қаласындағы Зияткерлік мектебі халықаралық мектеп дәрежесінен үмітті

Семей қаласындағы Зияткерлік мектебі халықаралық мектеп дәрежесінен үмітті

Мектептің халықаралық деген атауға қаншалықты  лайық екенін анықтау мақсатында штаб пәтері Нидерланды мемлекетінде орналасқан халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) өкілдері бір апта бойы Семейде жұмыс жасады.

Құрамына Англия, Германия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ливан, Иордания және АҚШ сияқты мемлекеттердің өкілдері  жиналған комиссия осы уақыт аралығында мектептің күнделікті тыныс-тіршілігімен етене танысып, атқарылған жұмыстардың куәсі болды.

Бір апта бойы комиссия көптеген мәселелерді  жіті назарда ұстады. Айталық, халықаралық мектеп атына сай болу үшін негізгі алты талаптың үдесінен шығу керек екен. Олардың біріншісі ұстаздың шәкірт санасына сіңіруі тиіс «Өмірлік құндылықтар» яғни, адалдық, ашықтық, Отансүйгіштік, өзгелерді сыйлау. Екінші әрі ең ауқымды талап «Оқыту және үйрету». Ол бойынша мектеп бағдарламасының халықаралық бағдарламаларға сәйкестігі бағаланады. «Басқару және көшбасшылық» талабы бойынша оқыту үрдісінің тұтастай дайындығы назарға алынады. «Кәсіби құрам» атты талапқа сәйкес ғылыми-оқытушылық құрамның, шетелдік мұғалімдердің, техникалық және оқытушы-көмекші мамандардың  жұмысы бағаланады. «Қолжетімді білім» талабы бойынша бірінші кезекте мектептің оқушыларға психологиялық көмек көрсетіп, олардың тұлғалық қасиеттерін ашуға дайындығы ескеріледі.  Алтыншы талап — «Қаржы-шаруашылық бөлім», мұның ішіне мектептің материалдық-техникалық жарақтануы да енеді. Ең маңызды талап деп оқушылардың шет тілдерін меңгеру деңгейін айтуға болады.

Халықаралық мектептер кеңесі  комиссиясының хатшысы,  Бакулік Гүнәтай Каримова мектеп өте жақсы, оқушылар өте мәдениетті, тәрбиелі екен- дей келе, Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне  көңілдерінің  толғанын жеткізді. Алдағы уақытта комиссия мүшелері атқарылған жұмыстар бойынша есеп бергеннен соң халықаралық мектептер кеңесі (CIS) өз шешімін шығаратын болады. Оң шешім қабылданған жағдайда Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне біршама мүмкіндік ашылмақ. Мысалы, Зияткерлік мектебінің түлегі халықаралық мектептер кеңесі құрамына енетін кез-келген жоғары оқу орнына құжат тапсыра алады. Бұл дегеніңіз – талапкерлерді  таңдау және грант бөлу барысында басқа мектептер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне қарағанда, басымдық Зияткерлік мектептің түлегіне беріледі деген сөз. Бұдан бөлек, кәсіби біліктілігін арттырып, тәжірбие алмасу мақсатында мектеп мұғалімдері халықаралық мектептер кеңесіне енетін мектептер мен жоғары оқу орындарының семинарларына, шеберлік сабақтарына қатыса алады. Бұл  – халықаралық  деңгей  беретін игіліктің бір бөлігі ғана.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.