Ағымдағы жылдың сәуір айының соңына қарай Алматы қаласындағы Халықаралық мектептің базасында Юнеско қауымдастырылған мектептері арасында «Мен келешек әлемге жауаптымын» атты оқушылардың шығармашылық және әлеуметтік жобалар сайысы өткен болатын. Оқушылар шығармашылығын дамыту мен әлемдік қоғамдастықта әр адамның рөлі бар екендігін білдіруде көздеген сайысқа жиыны 12 мектептен 80 оқушы қатысты. Олардың арасында Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дарынды шәкірттері де бар. Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді басты зерттеу нысаны етіп алып, оның халыққа тигізер пайдасын нақты дәйектермен дәлелдеп шыққан шәкірттеріміз түрлі тақырыптардағы жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Сайыстың басты талаптарының бірі – әр қатысушы өз жобаларын орыс және ағылшын тілдерінде қорғау тиіс болды. Біздің оқушылар бұл кедергіні де оңай еңсере білді. Нәтижесінде сарапшылар, қазылар алқасы тарапынан жоғары бағалауға ие болып, жеңіс тұғырынан көріне білді. Мәселен, 9«Е» сыныбының оқушылары Дәулет Әбішевпен Нұртілеу Ережеповтің (жетекшілері А.Жұмабекова, М.Мыңбаева) «Семей қаласының туристік маршрутын анықтауға көмектесетін мобильдік қосымша құру» атты жобалары 1 орынға лайық деп танылды. Ал 9 «В» сыныбының оқушысы Мөлдір Сиязбекова мен 9 «Д» сыныбының оқушысы Әлия Таңатованың (жетекшілері А.Қалелова) бірлескен «Подари людям радость», 9 «В» сыныбының оқушылары Алина Серік пен Дильназ Дүйсенғалиевалардың (жетекшілері Н.Смағұлова, Қ.Омарбекова) «Музей восковых фигур» атты жобалары жүлделі 2 –ші орынға тұрақтады. Сайыста 3-ші орынға қол жеткізгендері де жоқ емес. «Светофор для дальтоников» жобасын сәтті қорғаған 8 «М» сыныбының оқушысы Дильназ Қойшыбекова мен 9 «Е» сыныбының оқушысы Дильназ Мырзахметова, «Мобильное приложение справочник «Semey» » жобасын қорғаған 9 «Е» сыныбының оқушылары Гаухар – Маржан Сәлменбаевалар (жетекшілері Д.Есмағамбетова) мектеп намысын абыроймен қорғады.
Бұдан бөлек, «Мобильное приложение “Travel & help”» жобасы үшін 9 «Е» сыныбының оқушылары Эльжана Оралғазиева мен Айым Кәрімғожиноваларға «Қоғам жаңалығы» аталымы бойынша, «Движение песков и здоровье человека» жобасы үшін 9 «Е» сыныбындағы оқушымыз Айназ Тоқпаеваға (жетекшісі А.Қалелова) «Жасыл ғаламшар» аталымы бойынша көрермендер көзайымы сыйлықтары табысталды.
Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі