25 мамыр – еліміздегі барлық орта білім беру мекемелері үшін ерекше күн. Өйткені, дәл осы күні кезекті оқу маусымы аяқталып, мектеп оқушылары үшін соңғы қоңырау соғылады. Биылғы соңғы қоңырау салтанаты Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үшін тарихи оқиға деге болады. Себебі, биыл білім ошағы қабырғасынан 12 сыныпты аяқтаған алғашқы түлектер үлкен өмірге қанаттанбақ.
Жалпы биылғы жылы мектебімізді 7-12-сынып аралығында білім алатын 693 оқушы ойдағыдай аяқтап отыр. Мектеп бітіруші түлектер саны -137 бала. Олардың 5-уі «Алтын белгіге», 29-ы «Ерекше аттестаттан» үміткер.
Қазіргі күннің өзінде 14 түлегіміз шетелдік және отандық маңдайалды оқу орындарының гранттарын ұтып алды. Олардың арасында Гонконг политехникалық университеті, Гонконгтағы Баптист университеті, Абу-Дабидегі Нью-Иорк университеті, Лойола Мэримаунт университеті, Торонто университеті, Санкт-Петербургтегі ақпараттық технология, механика және оптика ұлттық зерттеу университінен бөлек еліміздегі Халықаралық Бизнес университеті, Ақпараттық технология халықаралық университеті, КИМЭП сынды білім ошақтары бар. Бұдан бөлек қазірдің өзінде 34 түлегіміз Назарбаев Университетінің студенті атанды деп толық айта аламыз.
Биылғы соңғы қоңырау шарасы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының сонымен қатар, Елордамыз Астананың 20 жылдығы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 10 жылдығы аясында орайластырылып отыр. Соңғы қоңырау салтанатына Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова, «Нұр Отан» партиясының Семей қаласындағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Семей қалалық мәслихатының депутаты Зульфия Жамалтдиновалар арнайы қатысып, мектеп ұжымы мен түлектерге арнаған ыстық ықыласқа толы тілектерін жеткізді. Зульфия Фазылжанқызы өз кезегінде өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, еліміздің қоғамдық- саяси өміріне белсене араласқаны үшін мектеп директоры Бағдан Қайыржановқа облыс депутаттары корпусы атынан Алғыс хат табыс етті.
— Мектеп бітіру әрбір адамның қызықты сәті болса да, бізде қимастық сезімнің бар екені рас. 12 жыл көзді-ашып жұмғанша өте шыққанын бүгін анық сезініп тұрмын. Алтын ұя мектебімізден қанат қаға отырып, ұстаздарымызға бас
иіп алғыс айтамыз. Солардың арқасында білімнің биік шыңдарын бағындырдық. Достарыма сәт-сапар, ақ жол тілеймін, — дейді биылғы түлек Дастан Беков.
Шара барысында өткен оқу маусымында білім мен өнерде, спорт пен шығармашылықта үздік нәтижеге қол жеткізген оқушылар, ұстаздар марапатталып, мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасы ұсынылады.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі