Home » Жаңалықтар » Семейдегі Зияткерлік мектепте 10 –шы мәрте алғашқы қоңырау соғылды

Семейдегі Зияткерлік мектепте 10 –шы мәрте алғашқы қоңырау соғылды

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі білім күнін ерекше қарсы алды.  Өйткені, биыл мектебіміз 10 –шы қатарынан өз шәкірттеріне алғашқы  қоңырауын  соқты.  «Мәдениетті ұрпақ – ел тұтқасы» тақырыбымен өткізілген салтанатты лездемеге мектеп ұжымы, оқушылар, ата-аналар, арнайы шақырылған қонақтар қатысты.  Биылғы алғашқы қоңырау мерекесі  танымдық-тәрбиелік мәні зор ел көлеміндегі айрықша мерекелермен орайластырылды. Атап айтқанда, «Жастар жылы», 2020 жылы аталып өтілетін Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл, Хәкім Абайдың туғанына 175 жыл толуы сынды шаралар назардан тыс қалмады.

Лездемеде сөз алған мектеп директоры Бағдан Қайыржанов білім күнінің бүкіл халықтық мерекеге айналғанын айта келіп, бүгінгі білім мазмұнының тез өзгеріске ұшырап отыратындығын атап өтті.

— Жаһандану процесі барысында біз білім сапасына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы бағытта еліміздің барлық мектептеріне жаңартылған білім мазмұны енгізіліп, әдістеме мен оқу нәтижесін бағалауда Назарбаев мектептерінің тәжірибесі таратылып жатыр.Бұл жұмыс әлі де нақты жалғасын тауып отыр. Өткен оқу жылдың қорытындысы бойынша мектепбімізді бітірген 10 түлегіміз шетелдік оқу орындарына, 45 түлегіміз Назарбаев университетіне, қалғандары рейтингтері жоғары отандық оқу орындарының студенттері атанды. Сыртқы жиынтық бағалау нәтижесі былтырғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға асты. Мектеп ұжымына осы биіктерден түспей, алдағы оқу жылын  ойдағыдай аяқтауға тілектеспін. Оқуда да, еңбекте де алда болайық, — деді Бағдан Тоқтамысұлы өз сөзінде.

Биыл мектеп оқушыларының қатарын конкурстық іріктеуден сүрінбей өткен 118 шәкірт толықтырып отыр. Салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған ШҚО мәслихатының депутаты, «Семей қаласының Құрметті азаматы» Марат Құрманбай мен  жас кәсіпкер, «KAZAKSTAN SPEEDCUBING FEDERATION» ҚБ президенті Арман Машимов сөз алып, ұстаздар, оқушылар, ата-аналарды айтулы мерекемен құттықтады.

Шара барысында Абай шығармаларының негізінде әдеби-сазды – композициялық қойылым сахналанып, домбырашылар оркестрі «Секіртпе» күйін нақышына келтіре орындап шықты.  Мектебіміздің жоғары сынып оқушылары қатарымызға енді ғана қосылған іні-қарындастарының құрметіне флешмоб ұйымдастырды.

Сонымен бірге «100  кітап» жобасы аясында естелікке кітап алған 7 сынып шәкірттері оқуда алғыр, адал әрі тәрбиелі болуға бүкіл мектеп алдында ант берді.

Зияткерлік мектептегі алғашқы қоңырау соғылысымен оқушылар «Шаңырақ сағатына» қатысты.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы

 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.