Home » Жаңалықтар » Семейдегі Зияткерлік мектепте «Ашық есік» күні өтті

Семейдегі Зияткерлік мектепте «Ашық есік» күні өтті

«Семейге Зияткерлік мектеп үшін көшіп келдік», -дейді немересінің болашағына бей-жай қарамайтын ақсақал. Бекқали Ахметқалиұлы шаһарға  осы жылы Абай ауданынан қоныс аударған. Басты себеп – немересін физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға беру. Қазір қаламыздағы №8 мектептің 6 сыныбында оқып жүрген Данара Бекқалидің арманы – осы мектептің шәкірті атану. Есепке жүйрік оқушы математиканы төменгі сыныптан қызығушылықпен оқитын болып шықты.

-Немеремнен үлкен үміт күтем. Мектеп табалдырығын аттағалы математикаға деген ынтасы ерекше. Қазір осы мектепке түсу үшін қызу дайындық үстінде. Ағылшын тілінен алған білімі де жаман емес. Сабақ үлгерімі жақсы. Оқу озаты. Мектепте ашық есік күні өткізілетіні жайлы күні бұрын естіп, келіп отырмыз. Біздің өңіміз түгілі түсімізге енбеген мектеп әр баланың арманы екені анық. Балаларға жағдайдың барлығы жасалған екен. Көріп көңіліміз толып тұр. Енді тек қана білім ал, басқаны ойлаудың қажеті де жоқ екен бұл жерде, — деп өз ойын ортаға салды Бекқали қария.

Орта мектептердің 6-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылған ашық есік күні Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мерекеге пара-пар өтті. Мектептің акт залында білім ұясы жайлы әзірленген арнайы бейнесюжеттер көрсетіліп, мектеп оқушылары мен ұстаздарынан құралған еріктілер тобы келушілер үшін саяхат жүргізді.  Саяхат барысында мектеп өмірі жайлы кеңірек ақпараттар беріліп, кітапхана, спорт зал, жаттығу залдары, робототехника, асхана, түрлі үйірмелер өтетін кабинеттер көрсетілді.

— Мектеп маған қатты ұнады. Әсіресе, кітапхана, спорт зал, робототехника кабинеті қызықтырды. Кітапханадағы сан түрлі кітаптар, олардың орналасуы, түрлі тақырыптылығы ерекше әсер етті. Осы мектепте оқығым келеді. Қазір сынақты ойдағыдай тапсыру үшін дайындалып жатырмын. Өзіме сенімдімін, -дейді ашық есік күніне қатысушы Айдана Хасен.

Шарадан қанаттанып шыққан оқушылар алға қойған мақсаттарына қалайда жетуге ниет білдіріп аттанды. Өйткені, Зияткерлік мектеп әр талантты, дарынды баланы өз шәкірті етуге қашанда дайын.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.