Өмірде өз орнын тауып, кірпіш болып қаланған кез келген адамға білім алған ордасы әрқашан ыстық көрінеді. Мен үшін ол – ғасырдан астам тарихы бар Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасына қарасты М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі. Семей қаласында орналасқан бұл колледжде еліміздің ғана емес, жалпы Орталық Азия аймағы бойынша тұңғыш мұғалімдер білім алған. Республика бойынша ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбиені, рухани құндылықтарды шәкірт бойына дарытып жүрген білім ошағының бірі де бірегейі дер едім. Алғаш ашылған кезде оқу ордасы бастауыш сынып мұғалімдерін дайындауға арналған мұғалімдер семинариясы деген мәртебеге ие болса, кейін 1920 жылы Халыққа білім беру институты болып қайта құрылған. 1967 жылы педагогикалық училищеге қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым М.Әуезовтің есімі берілсе, 1992 жылдан бастап оқу ордасы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж статусын иемденді. Мұғалімдер семинариясында Қазақ ҰҒА Тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтпаев, еліміздегі Археология институтының негізін салушы Әлкей Марғұлан, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Айманов секілді Қазақстан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері білім алып, ағартушылық, қайраткерлік, жазушылық қадамдарын бастаған. Өз тарихында мыңдаған ұрпақты тәрбиелеп, олардың жан-жақты дамуы жолында зор үлес қосып келе жатқан алдыңғы қатарлы білім ордасының түлектері ТМД мемлекеттері мен еліміздің әр өңірлерінде табысты қызмет етуде. Түлектер қатарында қоғам қайраткерлері, жазушылар, Азия және әлем чемпиондары, спорт шеберлері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімдері, мектеп директорлары, республикалық ән фестивалінің лауреаттары бар. Бүгінде білім ордасында 120-дан астам оқытушы жұмыс жасайды. Олардың 40-ы жоғары санатты білікті ұстаз болса, біреуі – ғылым кандидаты, үшеуі – Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, бесеуі – «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» және тоғызы – «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің қызметкері» төсбелгісінің иегері. Колледжде оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Айта кетсек, мемлекеттік стандартқа сай материалдық-техникалық базамен қамтылған төрт корпус жұмыс жасайды. Білім алушыларға арналған бес қабатты жатақхана бар. Оқу процесі заманауи оқу кабинеттерінде жүреді. Колледж директоры Шағангүл Алдамжарқызының бастамасымен ұлтжанды қоғам қайраткерлері мен кәсіпкер-меценаттардың қаржыландыруымен білім ошағы Wi-fi нүктесі арқылы интернетке қосылды.
Колледж әкімшілігі оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік білім беру ұйымдарынан тағылымдамадан өтуге елеулі үлес қосып келеді. Әсіресе, колледж ұстаздары Ресейде, Қырғызстан Республикасында, ҚХР-да, Литва Республикасында, Түркияда, Финляндияда тәжірибеден өтуде. Халықаралық серіктестік – оқу орны қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылады. Түркияның Акдениз ДОГУ университетімен білім беру және ғылыми-ізденушілік қызмет саласы бойынша халықаралық серіктестік келісім жасалған. Сонымен қоса колледж Ресей Білім академиясының теория және педагогика тарихы институты және Педагогикалық ғылымдардың қазақстандық академиясымен үш жақты келісімге қол қойды.
Тағы бір айта кететін мәселе, колледж түлектері еңбек нарығында бәсекеге қабілетті және Қазақстанның білім беру мекемелерінде табысты еңбек етуде. Мәселен, былтыр бітірген 516 түлектің 78,4 пайызы жұмыспен қамтылды. 2012 жылы колледж мемлекеттік аттестациядан өтіп, Мемлекеттік комиссия мүшелерінің жоғары бағасына ие болса, өткен жылы Рейтингілеу және аккредитациялаудың тәуелсіз агенттігі институционалдық және мамандандырылған аккредитациясы жұмыстарының қорытындысы бойынша педагогикалық колледж сапа менеджменті жүйесінің ҚР СТ ИСО 9001-2016 стандарты талаптарына сәйкес деп танылды. Сондай-ақ білім ошағы 2015, 2016, 2017 жылдары ҚР кәсіпорындары арасында «Білім беру саласының көшбасшысы» номинациясы бойынша «Рейтинг алтыны» Ұлттық сертификатына, «Сала көшбасшысы – 2016» аталымы бойынша «Рейтинг алтыны» халықаралық сертификатына ие болды. Колледжде күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде оннан астам мамандық бойынша мамандар даярланады. Айта кетсек, мұнда бастауыш білім беру мұғалімі, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, информатика, бейнелеу өнері және сызу, музыкалық білім беру мұғалімдері секілді бірнеше мамандықтар бар. Білім алушылар спорт, ырғақ залдары мен «Спартак» стадионында, «Дельфин» бассейнінде, қыс мезгілінде «Тисса» шаңғы базасында спортпен шұғылданып, денсаулықтарын шыңдайды. Сондай-ақ оқу орнында 100 орынға шақталған асхана, буфет жұмыс істейді.
Колледжде білім алушылардың қабілеттерін дамытуға және шығармашылық ізденістерін жүзеге асыруға толық жағдай жасалған. Әсіресе, көркемөнерпаздар үйірмесі, поэзия клубы, «Жайдарман» КТК командасы, «Оратор» дебат клубы жүйелі жұмыс жасайды. Клуб мүшелері республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі турнирлерде үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Жыл сайын оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсенді білім алушылар М.Әуезов атындағы стипендияны иеленіп, арнайы төсбелгімен және куәлікпен марапатталуда. Сапалы біліммен қамтамасыз ету – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж ұжымының алдына қойған мақсаты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде 28 қыркүйекте М.Әуезовтің туған күніне арналған салтанатты лездеме, «Әуезов сыны», «Әуезовшілер қатарына қабылдау», «Менің елім – Қазақстан» секілді мәдени шаралар ұйымдастырылып тұрады. Колледж оқытушылары халықаралық «Біліктілікті арттыру жүйесіндегі Smart-технологиялар: халықаралық тәжірибе мен отандық практика», «Жаңартылған білім беру мазмұны аясында болашақ мамандардың кәсіби құзіреттілігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру» тақырыбында өткізілген семинарлар мен практикалық конференцияларда біліктілігін жетілдіруде.
Мұнда қайырымдылық іс-шаралары да жүйелі жүргізіліп тұрады. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің «Мейірім – 2016» сертификатымен марапатталған болатын. Яғни, сол жылы колледж білім алушысы, қамқоршысыз қалған А.Кузбасоваға колледж басшылығы баспана алып берсе, 2017 жылғы түлек Н.Костановаға пәтер қаражатын жинап, тұрғын үймен қамтамасыз етті.
Елбасы «Білім беру жүйесінің басты міндеті – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру үшін қажетті жағдай жасау» деп ерекше атап өткен болатын. Ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің есімін иеленген Семей педагогикалық колледжі – осы үрдістің үдесінен шыға білген ордалы оқу орны. Бүтінде бір елдің бірнеше буын ұрпағын тәрбиелеп шығарған киелі білім шаңырағында білім алғанымды мақтан тұтамын. Ұрпақтар сабақтастығын жалғай бер, білімнің қасиетті қара шаңырағы!
Дулат Мұратбекұлы Тұрарбеков,
Орал қаласындағы физика-математикалық
бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары