Қырандай едің шырқар биік асқарға,
Айналатын ұлан едің мақтанға.
Пенделіктің ашпай жатып пердесін,
Періште боп ұшып кеттің аспанға.
2016 жылдың жазында Шұбарсу ауылындағы М. Исламқұлов жалпы орта мектебінің оқушысы Бердіқұлов Ержан кенеттен қаза тапты. Алдымызда аман-сау жүрген алғыр да өнерпаз оқушымыздан бір сәтте көз жазып қаламыз деп кім ойлаған?!. Тал шыбықтай өсіп келе жатқан ұланнан айрылып қалу ата-ана тұрмақ, ұстаздар мен оқушыларға да ауыр соққы болған еді. Міне, содан бері екі жыл өтіпті.
Жақында музыка пәнінің мұғалімі Ақкенже Нурушеваның ұйымдастыруымен «Өмір — маған қымбатсың» тақырыбында еске алу кеші өтті. Онда оқушылар Ержанның ән салған, өлең оқыған, жарыстарда жүлде алған сәттерінен бейнебаян көрсетіп, сағымға айналған достарын сағынышпен еске алды. Сыныптастары толқып тұрып өлеңдер оқыды. Сынып жетекшісі Жадыра Омарова: «Жарқырап енді жанып келе жатыр еді. Өте мейірімді, кішіге қамқор, өлең жазатын, ұйымдастырушылық қабілеті де бар болатын. Алға қойған мақсаты айқын еді»- деп жанары жасаурап есіне алды.
«Аман болғанда талай жарыстарға қатыстыратын едім,»- деген бір ауыз сөзінен Ақкенже апайының орындалмаған арманының өкініші мен өнерпаз шәкіртіне деген сағынышы аңғарылып-ақ тұрды. Сол жердегі әрбір оқушының көзінен: «Біз. Ержанды ұмытпаймыз!» дегенді ұғу қиын емес еді. Жастарға ой салатындай. Бұл өмірде әркімнің өз орны бар екенін, бір-біріне керек екенін ұғындыратындай мағынасы салмақты кеш болды. Осы кешке қонақ ретінде шақырылған Ержанның анасы Гүлчехра апай ұлына арналған іс-шара үшін, оқушылар мен ұстаздарға алғысын білдірді.
Күлайша АБЕНОВА
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылы,
Мұхаметқұл Исламқұлов атындағы жалпы
орта мектебінің мұғалімі