Білім беру жүйесі – қызығы мен қиындығы мол күрделі сала. Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу – әрбір ұстаздың оқу тәрбие үрдісіндегі басты міндеті. Қазақстан мектептерінің білім беру жүйесінің бағыт-бағдарын өзгертуге ықпал ету үшін қоғамдағы білім беру көлемінің өсуін ұлғайтып, әрбір оқушының мүмкіндіктерін игерту басты міндет. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» Қазақстан халқына Жолдауындағы бесінші тараудағы «Осы заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлау, «парасатты экономиканың» негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту» деп аталатын алтыншы міндетте: «Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілуі болып табылады. Оқушыға нәтижелі білім беру үшін оның оқыту әдістемесін жетілдіре түсіну – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін маңызды мәселесі. Міне, заманымыздың тілек-талабы білім мазмұнын жаңартумен бірге, оны өмір мұқтажына орай дамытып, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін қолданудың мүмкіндіктерін арттыруды күн тәртібіне қойып отыр. Осындай мәні мен маңызы зор өзекті мәселелердің бірі – оқушы тілін дамыту процесі. Себебі оқушылардың берілген білімді саналы түрде ұғынып, ойының дәлдігі, өмірге көзқарасының қалыптасуы, өз бетінше білім алуға дайындығы, басқа ғылым негіздерін меңгеру нәтижелері ана тілінде сөйлеу деңгейіне байланысты. Біз елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз» деген. Сонымен қатар осы жолдаудағы жиырма алтыншы бағытта – Қазақстан халықтарының рухани дамуы және үштұғырлы тіл саясаты айтылған. Н. Ә. Назарбаевтың осы Жолдауындағы айтылған мәселелерге баса назар аудару қазіргі мұғалімдердің міндеті болып табылады. Жаңа заманда жаңаша оқыту, оқушыға сапалы білім, саналы тәрбие беру – ол ұстаздардың борышы. Әсіресе оқушылардың жазбаша тілін дамытуын жүзеге асыруға көп көңіл бөліп, әр мұғалім өз сабағына күнделікті дайындалып, ізденіп, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы жөн. Жеке тұлғаның қалыптасу деңгейінің саласына қойылатын қоғамдық-әлеуметтік сапалардың үнемі өсіп отыруына сәйкес педагогикалық құралдарды да тұрақты жаңарту қажет болады. Бүгіндері ондай жаңартулар педагогикалық ғылым мен мектеп тәжірибелерінің үздіксіз сабақтастықта дамуынан көрінеді. Онда педагогикалық технологиялар көмегімен күнделікті оқытудағы педагогикалық оқу-тәрбие үрдісін алдын ала жобалау жолына ауыстыру, оларды ізбе-із сыныпта қолдану көзделеді. Мұғалім үшін жазылатын дәстүрлі сабақ жоспарларынан өзгеше жұмыс ретінде педагогикалық технологияда оқушылардың оқу-танымдық әрекеттерінің құрылымы мен мазмұнын анықтайтын оқу-тәрбие үрдісінің жобасы жасалады. Ол мақсат нәтижелерінің нақтылығымен, білім мазмұнының сұрыпталуымен, оны меңгерудің әдіс-құралдарының және оқу түрлерінің біртұтастығымен анықталады. Мақсат қою мен тұтастықты сақтау басты қағидалары ретінде танылады.
ХХІ ғасырда біздің еліміз ғаламдану және жаһандану процессіне көшуде. Осы процессті жандандырып дамытуда жас ұрпақтың білімі мен біліктілігі орасан зор рөл атқарады.
Оқушы бойындағы сан қырлы қасиеттер мен ерекшеліктерді ашуға, жеке мүмкіндіктерін жетілдіруге жағдай жасауымызға бағыттап, оның қызығушылығын, танымдық белсенділігін арттыруға зор ықпал етеді, білім-білік дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Осы мәселенің төңірегінде көптеген көкейкесті сұрақтар пайда болуда. Мұғалім, қазіргі таңда қай технологияны болмасын ұтымды және тиімді пайдалануы шарт. Мен, өз мақаламда Н.А. Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясы жөнінде пікір бөліспекшімін.
«Сатылай кешенді талдау» технологиясы, бұл – қазақтың төл технологиясы деп атауға болады. Бұған дәлел ретінде осы технологияның авторы Нұрша Алжанбайқызы Оразахынова ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ ғалымдарының оқыту-тәрбие туралы жасаған ғылыми тұжырымдамаларын және әдістемелік кешендерін негіз етіп алған. «Сатылай кешенді талдау» технологиясы теориялық негізін А. Байтұрсынов, Ж. Аймаутов, М.Жұмабаев, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов тағы басқа қазақ ғалымдарының ғылыми әдістемелік тұжырымдамалары автор арқылы басшылыққа алынып, ағартушылық негізін Ыбырай, Абай, Шоқан, тағы басқа ағартушылардың педагогикалық ұстанымдарын, ұлттық құндылыққа негізделген әдіс-тәсілдерін енгізіп, балабақша және бастауыш сыныптардан бастап, төмендегідей пәндерге енгізудің жолдарын көрсетеді. Олар: қазақ тілі, ағылшын тілі, әдебиет, математика, тарих, георафия, физика, химия, информатика секілді негізгі пәндер.
Оқушыларға қазақ ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығын және әдеби тіл нормасын үйретіп, дұрыс сөйлесу, сауатты жазу дағдысын қалыптастырады. Сол арқылы басқа пәндерді сауатты меңгеруге негіз қаланады.
Сатылай кешенді талдау технологиясы бұл қазақтың тек қана білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен ғана шектелмейді, сонымен қатар баланың жалпы тұлғалық дамуына, ойлау, есте сақтау, қиялдау, ізденушілік, зерттеушілік әрекеттерін ұйымдастыру да басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезінетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып, ол білім алуға әрекеттенеді. Сатылай кешенді талдау технологиясымен оқытуда мұғалім мен оқушы қарым қатынасы жаңа қағидаларға негізделеді. Олар: ынтымақтастық, түсіністік, әріптестік секілді қасиеттер. Бұл технологияның маңыздылығы әрі тағы бір ерекшелігі оқушыларды «жақсы», «жаман», «орташа» деп бөлмей, тек материалды өте жылдам, баяу, қабылдауына қарай тапсырманы икемдеп барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызуды мақсат тұтады.
Бұл технологияны меңгере отырып оқушы ғылыми тілде сөйлеуге үйренеді, қарапайымнан күрделіге, уақиғаны сатылап түсіндіре алып, тұжырым жасауға үйренеді, оқушыны болжамнан сөйлеуден құтқарады. Басты мақсаттарының бірі: барлық оқушыны табысты оқыту, білім-білік дағдысын қалыптастыру, білім алуға деген ынтасы мен іскерлігін арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және ғылыми ізденіске жетелеу.
Қазіргі кезде әлемнің қай елінде болмасын түрлі авторлар әр түрлі инновациялық технологияларды заман талабына сай деп ұсынып отыр. Бірақ кез келген технологияны білім беру және тәрбиелеу жүйесіне ендіріп лайықтандыру оңай іс емес, себебі кейбір технологиялар білім беруде тиімді болғанымен, оқушыларды заман талабына сай тәрбиелеу жүйесіне сәйкес келмей, білім беруде де қайшылықтары көп кездеседі. Ал бұл процессті тиімді ұйымдастырудың бірден бір жолы – Н.А. Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясын білім беру және тәрбие жүйесіне толығымен енгізу болып табылады. Мен басшылық жасап отырған №52 мектепте былтырғы жылдан бастап «Сатылай кешенді талдау» технологиясын қолданысқа енгізіп келеміз. Тәжірибелік алаңмен 2016-2019 жж. аралығындағы мерзімде жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болу – мектебім үшін үлкен мәртебе. Тәжірибелік алаңға бастауыш сыныптардан 9-сынып, орта буыннан 6-сынып енді. Тәжірибелік алаңға жетекшілік жасап, игілігі мол іс-шараның ұйымдастыру жұмыстарына басшылық жасап жүрген бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасар – Р.Т. Сапарбаева, бастауыш сыныптардағы оқу ісі жөніндегі орынбасары – З.А. Қожахметова «Астана қаласы білім кеңістігіндегі тәжірибе жұмысын ашу туралы» бұйрық қолымызға тиген күннен бастап, мұғалімдер Нұрша Алжамбайқызының басшылығымен жауапкершілігі зор іске кірісіп, бүгінгі таңда аянбай еңбек етіп нәтиже беруде. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың негізі атты тәжірибелік алаң алғашқы жылы-ақ 15 командамен қалалық олимпиадаға шығуымыз да жетістік. Республикалық ауызша командалық олимпиадаларда да бас жүлде, I, II орындарға ие болып отыр. Олимпиадаға қатысқан команда олжасыз келген емес. Бұл жүйеге бүгінгі таңда оқушыларымыздың да, мұғалімдеріміздің де қызығушылығы жоғары. Өйткені бұл технологияның әр пәнді оқытудағы алдына қойған мақсаты айқын. Сол арқылы оқушының өз бетінше ойлау, пікірін жасқанбай айта білу, жинақтаған әдеби білім қорын орынды қолдана алуға дағдыландырады, танымдық болмысын қалыптастырады. Оқушылар бірте-бірте шығармашылық ізденіс деңгейіне жетеді. «Сатылай кешенді талдау» технологиясының жеткен жетістігін жыл сайынғы олимпиадаға қатысатын командалардың өсіп келе жатқандығынан көруге болады. Былтырғы жылы «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты V ауызша қалалық олимпиадаға Астана қаласының өзінен-ақ 90 команда олимпиадаға қатысты. Өзім басшылық жасап отырған мектепте бұл технологиямен жұмыс жасағысы келетін тағы да бірнеше ұстаздар биылғы жылы ұсыныстарын білдіріп отыр. Ендеше, мектебімдегі командалар саны көбеймек. Қорыта айтқанда, «Сатылай кешенді талдау» — тек қана білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен шектелмей, сонымен қатар баланың жалпы тұлғалық дамуына, ойлау мен есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты танымдық-психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесімді дамуына бағытталған оқытудың түрі» — деп, Н. А. Оразахынованың өзі айтқандай, бұл талдау арқылы оқушылар ана тілінің қадір-қасиетін бағалай білетін тұлға болып шығатынына сенемін. «Сатылай кешенді талдау» технологиясымен білім беретін мектептердің ортасы әлі де толығатынына сенімім зор.
Байтасова Ұлбосын Бекмырзақызы
№52 мектеп-гимназиясының директоры
Астана қаласы