Астанадағы №52 мектеп-гимназиясында сатылай кешенді оқытудың тиімділігі және Алаш арыстарының білім беру технологиясы бойынша алғашқы семинар болып өтті. Семинардың тақырыбы: Алаш зиялыларының ой-тұжырымдары мен «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының үйлесімділігі. Мақсаты – Алаш зиялыларының педагогикалық мұраларын «Сатылай кешенді оқыту технологиясы» арқылы заманауи білім беру жүйесімен үйлестіре отырып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. Аталмыш семинарда ашық сабақтар, марафон және ата-аналармен жұмыс түрлері көрсетілді. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша мектеп-гимназиямыз былтырғы жылдан бері жұмыс жасап келеді, дегенмен жұмыс түрі жоғары деңгейде өткізіліп жүр. Алаш тағылымы жас ұрпақ жадында, Алаш ағартушыларының тәрбие, білім беру саласындағы тағылымдарын жас ұрпақтың сана-түйсіктеріне жеткізу арқылы оны өмірлерінің азығына айналдыруға, жадында мәңгі қалдыруға ықпал ету – мектеп-гимназия мұғалімдерінің басты міндеті. Алаш өлеңдері – патриоттық рухтағы тұлға келбеті, Алаш зиялыларының өлеңдеріне сатылай кешенді талдау жасау арқылы жастардың бойында ұлтына, еліне, жеріне деген патриоттық сезім қалыптастыру. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен деңгейлік және жаңартылған оқу бағдарламаларының үйлесімділігін сабақ үрдісінде жүзеге асырудың жолдарын сабақ барысында мектеп мұғалімдері жоғары деңгейде көрсете білді. Әр сыныптың оқушылары осы технология бойынша алған білімдерін көрсетті. Бастауыш сынып оқушылары әр әріптің дыбысталуына байланысты қандай өзгерістерге ұшырайтыны немесе еркін айтылатыны туралы тақылдап айтып берді. Орта буын оқушылары қазақ, орыс, ағылшын тілдерін осы сатылай кешенді оқыту әдісі бойынша мүдірмейді. Мектебімізде әрбір пәннің алгоритімі жасалған. Сол алгоритім арқылы әр балаға пәннің мазмұны берілген. Осы мазмұн бойынша балалар ары қарай өздерін дамытып, оқып жүр. Бұның нәтижесі жыл сайын болатын Ұлттық тест кезінде және білім олимпиадаларында көрінеді. Жүсіпбек Аймауытов өз еңбегінде «Балаға білім бергенде, көзімен көргендей, құлағымен тыңдағандай, қолымен ұстағандай етіп беру керек» — деген. Біздің мектеп ұстаздары да өз еңбектерін ұрпақтарына арнап жүр. Мен – алаштың ұрпағы, мақсатым – Алаш зиялыларының педагогикалық ой-тұжырымдары мен Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арасындағы үйлесімділік пен сабақтастық қалай жүзеге асып отырғанына көз жеткізу, осы сабақтастықты жалғау. Үш тіл білу — азаматтық борышым, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен қазақ тілі негізінде орыс, ағылшын тілдерін меңгертудің тиімділігін мектеп ұжымы дәлелдеп келеді. Бүгінде философтар мен педагог-ғалымдар білім беру саласында педагогикалық технологияларын енгізумен ғана шектелмей, білім берудегі дүниетанымдық ұстанымдарды қайта қарау, рухани-адамгершілік құндылықтарға бетбұрыс жасау қажеттігін дәлелдеуде. Сондықтан да оқу үрдісіне ұлттық инновацияны (ОСКО) енгізудің маңызы зор. Себебі, ұрпақ тәрбилеуде осы ұлттық инновациялық оқыту жүйесі басты құрал болатынына ешкім күмән келтірмейді. Мектеп бітірген шәкірт тек қана ғылым негіздерін меңгеріп қана емес, бірінші кезекте адам болып, тұлға болып шығуы қажет (Бұл – адамның ең басты мақсаты мен міндеті). Өмірдің басты заңдылығы «Кім болу?» емес, «Қандай болу?». Осы тұрғыда біз сөз етіп отырған төл технологиямыз (Н.А. Оразахынованың еңбегі) оқытудың ұлттық құндылықтарына негізделгенін қайталап айтқанымыз жөн. Қорыта айтқанда, бұл технология білімнің нәрін береді. Қазіргі таңда бұл технологияға сұраныс та, қызығушылық та күннен-күнге артып келеді. Бұл – өміршең технология, осы жүйе бойынша оқыған бала өмірге керек біліммен сусындайды, себебі бұл технологияның өн бойында үйретілетін, оқытылатын жүйелі білімнің өзі соған дайындық.
Калиева Акжанай Еркинбаевна
№52 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Астана қаласы