Балалар спорт киімімен В.Шаинскийдің «Когда мои друзья со мной» өлеңімен залға кіріп, жарты шеңбер құрып залға кіріп амандасады.
Жүргізуші: Мен сендерді көргеніме өте қуаныштымын. Бүгінгі күн біз үшін өте қызық және жақсы өтеді деп ойлаймын. Бір – бірімізді қошеметтейік.
Алақанымызбен шапалақ ұрайық – бір, екі, үш!
Аяғымызбен еденді басайық – бір, екі, үш!
Еңкейеміз, түп – түзу тұрамыз!
Енді бір – бірімізге күлімсіреп қарайық!
(Балалар мәтінге байланысты қимыл – қозғалыс жасайды да, одан кейін орындыққа отырады).
Жүргізуші: Теңіздің арғы жағында, таудың арғы жағында сиқырлы ел бар екен. Ол елдің аты Денсаулық және Спорт Елі. Балалар, біз бүгін Денсаулық және Спорт Еліне керемет саяхатқа аттанамыз. Ол үшін сендер барлық жігер, қайрат – күштеріңді көрсетулерің керек.
Дымбілмес (көңілсіз әуенмен залға кіреді): Ой! Ай! Ах! Не болды маған? Барлық жерім ауырып жатыр. Қартайып қалдым ба? Мен денсаулығымды қалай қайтарсам болады екен? Есіме түсті! Мен ғажайып «Еркін» бала бақшасына барамын. О!!! Міне балалар! Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Жүргізуші: Сәлеметсің бе, Дымбілмес! Не болды саған? Неге көңілсізсің?
Дымбілмес: Барлық денем ауырып тұр. Неге екенін білмеймін? Денім сау болу үшін не істеуім керек?
Жүргізуші: Дымбілмес, мен саған кімнің көмектесетінін білемін. Денсаулық және Спорт ханшайымы және сол елдің тұрғындары денсаулығыңды қалай сақтау керектігін үйретеді. Біз сол елге бара жатырмыз. Бізбен бірге барасың ба?
Дымбілмес: Әрине, достар мен сендермен бірге барамын.
Жүргізуші: Онда орнымыздан тұрамыз. Оңға бұрыламыз! Бір! Екі! Үш!
(Әуенмен жай жүру. Қолды белге қойып, аяқ ұшымен жүру. Қолды артқа қойып, өкшемен жүру. Аяқ ұшымен жеңіл жүгіру. Массаж көрпешелерімен жүру.)
Жүргізуші: Міне, балалар, Денсаулық және Спорт Еліне жеттік.
Дымбілмес: Қандай әдемі, қандай керемет!
(Денсаулық және Спорт ханшайымы кіреді).
Денсаулық және Спорт ханшайымы: Сәлеметсіздер ме, балалар!
Жүргізуші: Сәлеметсіз бе, Денсаулық және Спорт ханшайымы! Біздің сізге бір өтінішіміз бар еді. Дымбілмеске енді ауырмау үшін денсаулықты қалай нығайту керектігін үйретіңізші.
Денсаулық және Спорт ханшайымы: Әрине көмектесемін. Дымбілмес, есіңде сақта ауырмау үшін мына маңызды ережелерді есіңде сақта:
Таңертең ерте тұру керек. Тісті тіс щеткасымен тазалап, сабынмен жуыну керек. Таңертеңгі жаттығулар жасап, денені шынықтыру керек.
Дымбілмес: Таңертеңгі жаттығу дегеніміз не?
Денсаулық және Спорт ханшайымы: Таңертеңгі жаттығу дегеніміз – физикалық жаттығулар бірлестігі. Қанекей балалар, жаттығуды қалай жасау керектігін көрсетейікші.
(Балалар үш қатарға тұрады. Балалар мен Дымбілмес ритмикалық гимнастика видеокомплексін орындайды. Бір қатарға тұрады).
Дымбілмес: Міне керемет, жеңілденіп қалдым ғой! Енді мен таңертеңгі жаттығуды қалай орындау және не үшін керектігін білемін.
Денсаулық және Спорт ханшайымы: Сонымен қатар, Дымбілмес, таза ауада көбірек серуендеу керек. Балалар, енді орман алаңқайына серуендеп, ойнап, таза ауамен демалып қайтайық. Алдымен, кедергілерден өтеміз.
- Тау өзенінің үстіндегі көпірмен еңбектеп өту. (Төрт тағандап гимнастикалық орындық үстімен еңбектеу).
- Ирең жолмен өту. (Арқан жіптің үстімен сол жағынан, оң жағынан алға жылжып секіріп өту).
- Құлаған ағаштың астымен өту. (Жанымен арканың астынан еңбектеп өту).
- Тар тау жолымен өту. (Гимнастикалық орындықтың үстімен жүру).
Денсаулық және Спорт ханшайымы: Міне, орман алаңқайына да жеттік. Қараңдаршы, балалар, бір үйшік тұр. Қызық, бұл үйшікте кім тұрады екен. Есікке хат қыстырып кетіпті, ашып оқиықшы балалар: «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен орман қожайыны – Орманшымын. Бұл үйде кім тұратынын білгілерің келсе, менің жұмбағымды шешіңдер. Орманшы» Балалар, орманшының жұмбақтарын шешеміз бе? Онда мұқият тыңдаңдар.
(Қасқыр жайлы жұмбақ жасырады).
Денсаулық және Спорт ханшайымы: Қанекей, Дымбілмес, көрші не тұрады екен бұл үйшікте?
Дымбілмес: Балалар, дұрыс айтты, мұнда қасқыр тұрады.
Денсаулық және Спорт ханшайымы: Ондай болса, балалар, «Қасқыр» ойынын ойнайық. (Балалар ойын ойнайды).
Денсаулық және Спорт ханшайымы түлкі туралы жұмбақ жасырады да, балалардың біреуін көріп келуге жібереді.
Денсаулық және Спорт ханшайымы: Бұл үйшікте түлкі де тұрады екен, ондай болса, «Түлкі мен құстар» ойынын ойнайық.
Денсаулық және Спорт ханшайымы құстар жайлы жұмбақ жасырады.
Денсаулық және Спорт ханшайымы: Дұрыс айтасыңдар, балалар. Ондай болса алаңқайға отырып, демалып, орман дыбысын, құстар дауысын тамашалап тыңдайық.
(Релаксация. Дискіден орман дыбыс, құстар дауысы шығады).
Жүргізуші: Саяхатымыз да аяқталып қалды, балалар.
Дымбілмес: Менің де қайтатым уақытым болып қалды, балалар. Сендерге көп – көп рахмет. Сендер маған таңертеңгі жаттығуды дұрыс орындауды, кедергілерден өтуді, ойын ойнауды үйреттіңдер. Енді, мен ауырмауға тырысамын, ал ауырған жағдайда сендерден келіп кеңес сұраймын. Дене шынықтыру енді менің ең жақсы көретін іс – әрекетім болады. Сау болыңыздар, балалар. (Кетеді).
Денсаулық және Спорт ханшайымы: Балалар, біз көңіл көтердік, ойнадық. Енді қоштасатын кез де келді. Мен сендерге сыйлық дайындап қойдым. Менің дәрумендерімді алып, енді ауырмаңдар. Сау болыңдар! (Кетеді).
Жүргізуші: Балалар, балабақшаға қайтатын уақыт та болып қалды. Көздеріңді жұмыңдар, үш рет айналыңдар – балабақшаға қайтыңдар!
Міне, балабақшаға да оралдық. Көздеріңді ашыңдар. Жарайсыңдар! Енді топқа қайтайық. Оңға бұрыл! Бір! Екі! Үш!
(Балалар бір колоннамен залдан шығады).
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Шымкент қаласы,
Мемлекеттік арнаулы (коррекциялық)
№32 «Еркін» бөбекжай балабақшасы
№11 ЖТК Ересектер тобы
дене тәрбие пәнінің нұсқаушылары