(әдіскер күнделігінен)
Осынау ұланғайыр қазақ жері өмірдің сан тарау, сансыз соқпақты ғасырлар қойнауынан бабаларының найзасынның ұшымен, білегінің күшімен қорғалып, ұрпағына мирас еткен атақоныс-атамекені. Туған халқының салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы, ұлттық дүниетанымы, рухани-адамгершілік сынды мұраттары кейінгі ұрпағына мұра. Бұл елдің бірлігі, тұтастығы қашанда Отанды, туған елді сүю төңірегінде өрбігенді. Қасиетті қазақ топырағында туылып, түлеген текті ұрпақтың бойынан достық, бірлікпен бірге даласындай кеңдік, қайсарлықты, ерлік пен елдіктің тұтастығын аңғарамыз. Мұндай қасиет дарыған, топырағынан туа қалыптасқан жерде Отанды сүю, елді қорғау, сол арқылы алға ұмтылу секілді ерекше көріністері, исі қазақ, рухы асқақ Отанының адал перзенттері қалыптасары анық. Ықылым заманнан ел мен жерді қорғау ерліктің алғышарты саналған. Осы тұста «Ұлды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген грек ғалымы Платонның қанатты қағидасын есте тұтқан абзал.
Әлем өркениетіне құлаш ұрған, ғылымы мен мәдениеті үзеңгілесе дамып келе жатқан тұстағы еліміздің асқақ мұратының бірі- ұрпақ тәрбиесі. Ал адамзат тарихындағы патриоттық тәрбие- Отанға деген сүйіспеншілікті, бойындағы бар күш-қуатын, білімін Отанының игілігіне, халық мүддесіне жұмсау дегенге саяды.
Бүгінгі жас сарбаздарымыздың бойындағы жаңа заман үшін күрестің, тартысты өмірдің жаңа тұрпаты, адалдық, әділдік, отансүйгіштік сынды қасиеттер сәт сайын биікке жетелейді. Тұла бойыңды қуаныш оты кернейді. Өйткені ақ үрпек балапандай бұлғақтаған жасөспірім соларға қарап бой түзейді, еліктейді. Бала қиял өскенде солардай азамат болуды армандайды.
Осы тұста еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас жауынгерлермен өткізген бір сәттік жүздесуден алған әсеріммен бөлісуді жөн санадым.
Ол кез менің орталыққа жаңадан орналасқан тұсым еді.Тамыз айының тамылжыған соңғы күндерінің бірі. Әдіскерлердің көпшілігі кезекті еңбек демалысында болғандықтан, ойламаған жерден маған басшылар тарапынан жауынгерлік тапсырма берілді. Республика көлеміндегі батальон командирлерінің жиыны. Әдістемелік тәжірибе алмасу сабағы. Алдымен мені конференция залына шақырды. Онда мен тәпелтек бойлы сары әйел мен орта бойлы, шегір көзді қарасұр, бойында артық қырым еті жоқ шымыр денелі формадағы жігіт ағасын кездестірдім. Олар маған істің мән-жайын түсіндіре бастады. Сірә, жаңадан келгенімді білген болуы керек, маған сабақтың олар үшін де, мен үшін маңызды екенін, жауапкершілікпен қарау қажеттігін ұқтырып жатты… « Әншейінде «амандық», «тыныштық» деп қалтырап жүретін жабы көңілді жазалап сөйлегендей. Жабыны тұлпар етіп шынықтырып, ширықтыру үшін, өзін-өзі тасқа түсер асылдай өткір қайрап алу үшін осылайша жаныса керек». Ертеңіне сенбі күні жасөспірімдер кітапханасына бардым. Жабық. Дүйсенбіде қайта бардым. Өзіміздің кітапханаға кіріп, біраз кітаптарды ақтардым. Түркі халықтары әскери әдебиетінің негізін салушы Б.Момышұлы секілді даңқты жазушымыздан оқығандарымды санамда сан қайтара сапырып шықтым, ой елегінен өткіздім…
…………………………………………………………………………………………………………………Содан сабақ басталды. Сабағымның бірінші кезеңін «Тіл толғам» стратегиясынан бастап кеттім… Сабақтың екінші кезеңінде, мен маркерді алып, тақтаға тік төртбұрыштың нобайын сала бастадым. Алайда, маркерім атқан оқтай көздеген нысанама дәл тимей тайқып кетіп жатты. Техникалық ақауларға байланыста интерактивті тақтамыз, …., болған жайттарға күйініп, күйім болмай мен тұрмын. Осы кезде, өткендегі шегір көзді әлгі жігіт ағасының сенімсіздік таныта, әккі, адуынмен, күмәндана қараған көзқарасы (аянбастың серті осы) есіме түсіп, бұрыла бере көз қиығымды тастадым. Сол сәт аудиторияда отырғандардың бақытты екенін ұғындым. Сонда, әлгі шегір көзді қырағы қыранымыздың аңсарын аударып отырған не нәрсе дейсіздер ғой. Зеңгір аспан. Құзар тау. Баршасына биіктікті тілеп отыр. Байқап, бағамдағаным- жас қырандарымызды өмір бәйгесіне даярлаушы кәнігі бапкерлердің бірі екен. Аса тәжірибелі. Сол жақ қанаттың сол жақ бұрышын ала жайғасыпты. Жүзінен дарқандылық байқалады. Өткендегі сұстылығынан сызат та қалмапты.
Сабақ барысында оң қанаттағылар белсенділік танытты. Оң қанат, оң қапталдың оң жақ бұрышында екі қанатын қомдап, қозғалақтап қойып, неге болса да тастүйін дайын, бабында отырған дала бүркітінің қалпын танытып, керме иықты бір тастүлек жауынгеріміз отырды. Қандай қауіп келсе де «Әзірмен, аянбай аңқып ұшамын!» дегендей. Қияпат, шалт қимылынан, сөйлеген сөздерінен қырғи мінезін байқау қиын емес. Сол қанаттағы Солтүстік Қазақстандық азаматтарымыз байыптылығымен, байсалды қалыпта аса сергектігімен еркін өскен ой құсы екендіктерін анық аңғартқандай.
Сол қанаттағы алдыңғы сапта жалт еткенді шалт қимылмен тап басып, дөп тауып, аса елгезек, жылт еткенді шаншыла да, сыпыра алатын, іліп те алатын алғырлық танытып бір сырбаз жауынгер көз тоқтатты. Мұзбалақ қыран дерсің. Бүгін ерекше жайсаңдық танытады. Онысы өзіне жарасымды. Алмастай жарқылдаған жалын шағы…
Сол қалыптарынан таймағай. Күні ертең, бірің – қана, бірің-жаңа, боларсың елге пана! Сонан соң, бірің- баршын, бірің- барқын, жүрерсің ойлап әркез елдің қамын! Болашақтарың, әманда болғай жарқын!
Жанысбек Ләззат