Home » Мақалалар » Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі

Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жалпыұлттық мақаласында білімнің салтанат құруын атап өтіп, жиырма бірінші ғасырда білімнің үлкен маңызға ие екенін тайға таңба басқандай жазған болатын. Расымен де, жастарының білімі жетілген кез келген қуатты елдің саясат сахнасында ғана емес, әлем жұртшылығының алдында да абыройы биік болады. Біз осыны әрдайым естен шығармауымыз керек.

Естеріңізде болса, осыдан 4-5 жыл бұрын елімізде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен «Жүз мектеп, жүз аурухана» атты бағдарлама кәдеге асырылған тұғын. Және осы бағдарлама шеңберінде Ұлы Дала төсінде көптеген іргелі мектеп ошақтары салынғанын айта кеткеніміз жөн. Біз, аталмыш жобаның мұнымен шектеліп қалмайтынына сенгенбіз әрі сене береміз. Неге? Өйткені, бұл пікіріміздің оңды екеніне талай мәрте көз жеткізіп келеміз. Және оған дәлел керек десеңіз, біз бұған жаңа оқу жылында ауылымызда ашылған ордалы мектеп ғимаратын айта аламыз.

Ашылғанына санаулы айлар өтсе де, мектеп ұжымының ұстаздары өздерінің біліктілігімен талайды тамсантып үлгерді. Оқуда озат атанған оқушыларымыз бен ұлағатты ұстаздарымыз көптеген аудандық, облыстық байқауларда үздіктердің үздігі атанып жүр. Әрине, бұның бәрі еселі еңбек пен төккен тердің жемісі. Ал, оның бәріне жағдай туындатып, өзіндік күш-жігерін жұмсап жатқан мектебіміздің директоры Анар Абдешқызы Айдымбаева екенін де тілге тиек еткен жөн. 1200 орынға шақталып салынған мектеп ғимаратында бүгінгі таңда 111 мұғалім еңбек етуде. Заманауи үлгіде бой көтерген жаңа мектеп барлық оқу құрал- жабдықтарымен қамтылған. Аудандық бюджет есебінен тіпті, шалғай елді-мекендерде тұратын оқушыларды тасымалдайтын автобус та қарастырылған. Олардың саны – үшеу.

Қытай ойшылы Конфуцийден «Ұстазым мені төрт нәрсеге үйретті. Бірінші – Отанды сүюге, екінші – әділдікке, үшінші – мейірбандылыққа, төртінші – елімді қастерлеуге» деген өнегелі сөз қалыпты. Бұл сөз ұлағатты ұстаздардың өмірлік ұстанымы десем де болады. Ендеше, ұлт болашағына өлшеусіз үлес қосып жүрген мұғалімдеріміз жасай берсін. Құдай бейбітшіліктен айырмасын. Ең бастысы, жеріміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды болғай.

  

 

  Жанар Қойшықұлқызы Джакупова,
Кемертоған орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Кемертоған ауылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.