Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы елдің бүгіні мен болашағына нақты бағыт-бағдар көрсетеді. Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу – мақаланың басты арқауы. Біз ұлтымыздың бойындағы тек жақсы қасиеттерді дамытсақ, озық білім мен технология, үздік жаңалықтарды дарытсақ жерұйықтай мемлекетке айналамыз делінген.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы болып табылатын жақында ғана жылы жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында нақтыланып отыр.
Осы бағдарламалық мақалалар негізінде Д.М.Карбышев атындағы №16 орта мектебінде қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Жаңартылған білім мазмұны аясында қазақ тілі пәнін оқытуда қалыптастырушы бағалауды қолданудың тиімділігі» тақырыбында семинар-практикум өтті. Семинар-практикумның мақсаты: «Жаңартылған білім мазмұны жағдайында қазақ тілі пәнін оқытуда қалыптастырушы бағалауды жүргізу жолдарын көрсету». Семинар-практикум мектеп директоры Ж.Б.Онгарбаеваның басшылығымен жоғары деңгейде өткізілді. Мектеп директоры өз сөзінде ҚР-ның Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауында былай айтылған: «Қазақстанды 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім» деп көрсетті. Сондықтан қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесіндегі өзгерістерді, жаңа үрдісті үйренуде, біз, ұстаздар өзгеруіміз қажет деп есептеймін» деп өз сөзін қорытындылады.
Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің әдіскері Г.Ж.Шеримова семинар-практикумға қатысушыларға бүгінгі бастаған жұмыстың сәтті аяқталуына тілек білдірді.
Семинар-практикум 3 бөлімнен тұрды. Кіріспе бөлімінде семинар-практикумға қатысушылар «Ер Түріктің бесігі» атты шығармашылық көрмесімен таныс болды. Көрмеге білім алушылардың авторлық өлеңдері мен жазған озық шығармалары, эсселері, сонымен бірге осы туындылардың авторларының жетістіктері қойылды.
Семинар-практикумның теориялық бөлімінде директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ж.А.Джолдасова жұмыс барысымен таныстырып өтті. Келесі кезекте мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Р.М.Алишева «Оқу мен оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы нәтижеге бағытталған тұлға қалыптастыру» тақырыбында өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, бірлестік жетекшісі А.Мамбетқызы «Қалыптастырушы бағалауды жүргізудің тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы коучинг барысында қатысушылар арасында жылы ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыра отырып, оқу үдерісінде қалыптастырушы бағалаудың тиімді жолдары туралы өз тәжірибесін ортаға салды.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері А.С.Шубекова 6 «А» сыныбында «Сүйінші», Д.А.Джанабаева 4 «Д» сыныбында «Құстар», З.М.Құрманқұлова 8 «Б» сыныбында «Қасиет пен қасіретке айналған поэма», М.Қ.Тоғысбаева 5 «Д» сыныбында «Жұлдызды аспанның құпиясы» тақырыптарында ашық сабақтар өткізді. Пән мұғалімдері оқу үдерісінде оқытудың белсенді әдіс-тәсілдерн тиімді қолдана білді және қалыптастырушы бағалауды жүргізудің тиімді жолдарын көрсетті, сындарлы кері байланыс бере отырып, озық сабақ үлгілерін көрсетті.
Семинар-практикум барасында мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.К.Токушева қазақ ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің, ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің және қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Бейімбет Майлиннің туғанына – 125 жыл толуына орай «Үш бәйтерек-үш ғұмыр» тақырыбында сыныптан тыс іс-шара өткізді. Өткізілген іс-шара қатысушылардың жоғары бағасына ие болды. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне мектеп директорының орынбасарлары С.Орысбекқызы, Г.Ж.Кутумбетовалар үлкен үлестерін қосты.
Джолдасова Жанна Аширхановна,
директордың ғылыми-әдістемелік
ісі жөніндегі орынбасары,
Д.М.Карбышев атындағы №16 орта мектеп,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы