Home » Эссе » Сапалы білім – болашағыма құйылар инвестиция

Сапалы білім – болашағыма құйылар инвестиция

 

Абай атамыздың айтуы бойынша, адамзаттың даму жолын бірнеше сатыларға бөлуге болады. Адамға өзін-өзі танып, сана-сезімін өсіру арқылы бір сатыдан екінші сатыға көтерілу үшін қажетті білім жүйесі беріледі. Біз туылғаннан бастап айналамыздағы қоршаған заттарды зерттеп, онымен таныса бастаймыз. Оқи алатын жасқа жеткенде, білімге жол ашамыз. Сол жастан бастап өмірдің соңына дейін әрдайым ізденісте жүріп, күнделікті өзімізге жаңа дүниелер ашып, оқып, тоқып білім жинақтаймыз. Мектеп қабырғасында жүрген мезеттен өз болашағымызды жан-жақты ойластырып, сапалы білім алуға ұмтыламыз.

Сапалы білім алу деген не? Бұл ақпараттық технологияларды пайдалана отырып дамыта оқыту, келешек ұрпақтың жан-жақты білім  алуына, іскер, шығармашыл болуына тікелей септігін тигізетін білім жүйесі. Ақпараттық қоғам, ізденіс пен терең білімді талап ететін жаңа технологиялар дәуірінде сапалы білім алудың мәні зор. Қазіргі таңда ата-аналар балаларының болашағы үшін сапалы білім беретін, рейтингілері жоғары мектептерді,оқу мекемелерін таңдайды. Себебі сапалы білім алған жандар жан-жақты болып, өзін-өзі тауып, болашағын анық көре алады. Оған Қазақстандағы мықты деген РФММ, Tamos мектептерін бітіріп, кейін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Канада, Америка мемлекеттеріне оқуға түскен өзімнің туысқан аға-тәтелерімді көріп көзім жетті.
Мен №173 мектеп-лицейінде оқимын. Ата-анам ылғи да: «Оқитын бала күшті мектеп болсын, нашар мектеп болсын, өзін-өзі дамытып, көрсете алады. Ең бастысы – фундамент», -дейтін. Расында да, бастауыш сыныпта сапалы білім алғандықтан, жоғары сыныптарда қиналмай оқып кеттім. Бүгінгі күні 11-сынып оқушысы атанып,  алдымен болашақ мамандығымды таңдап, кейін жоғарғы оқу орындарын іздестіре бастадым. Бойымдағы шығармашыл, шыншыл, көп ізденуден қорықпайтын қасиеттерімді байқап журналист мамандығына тоқтадым. Жазушылықты сүюге ұстазым әрі сынып жетекшім Шатемірқызы Ақмаралдың ықпалы қатты әсер етті-ау деймін. Әдебиетті сүюді сол апайымнан үйрендім.

Оқу орнын таңдауда сапалы білім беру принципіне сүйендім. Себебі бұл – менің болашағым. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміз қарқынды дамуда. Заман талабына сай жаңа жоғарғы оқу орындары сапалы білім беруден, студенттер арасында білім жағының жоғары болуынан танымалдығымен көзге түседі.Мен сондай университеттердің бірі Халықаралық IT университетін таңдадым. Бұл таңдауды өзімді іздеу, жан қалауым және де осы университет туралы мәліметтермен танысу арқылы жасадым. XXI-ғасырдың өзіндік, технологиялық талаптарына сай болуды,  сонымен қатар өзімнің қалауым болған мамандығымды оқып, сол бағытта еңбек етуді арамандадым. IT университеті бұл арманыма электрондық журналистика факультетімен жол ашты деп ойлаймын. Бұнда мен сапалы білім алып, соның арқасында болашаққа басымды тік көтеріп, анық қадам басып, аға-тәтелерімнің жолын жалғастыра алатыныма сенемін. Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, жан-жақты, талпынысы мол адам ғана өмірде өз орнын тауып, елінің, халқының дамуына зор үлес қоса алады.

 

                                   Намет Асылзада,
Алматы қаласы, Әуезов ауданы
№173 мектеп-лицейдің оқушысы

     

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.