Home » Баяндамалар » Саналы тәрбие қағидаты бұзылғаны несі?

Саналы тәрбие қағидаты бұзылғаны несі?

Саналы тәрбие сылдыр сөз, тұлдыр үлгіге неге айналды? Құлақ, мұрын,бет-бейнесі анық емес, берері мен көрсетері дүдәмал, тіпті имани мазмұны, руханы азығы жалаң, ғылыми негізі жұтаң, өсиет-өнегесі нәрсіз, жас ұрпақты жалықтыратын, сағыздай созылған үндеулер мен ұрандарға, орындалуы шүбәлі мақсаттар мен жобаларға малшынған бүгінгі тәрбиелеу тәсілі, кісі   қалыптастыру амалы,тұлға тәрбиелеу жол-жорасы, адам жетілдіру, өңдеу әдісі, түр тұлғасы жынойнақ шеңберінде, әдепсіз, түрпайы, тағы, нәпсіқұмар, қатыгез, ашкөз, алаяқтардың туып шығып жатқаны қандай тәрбиенің нәтижесі, нендей үлгі-өнегенің ықпалы?

Әрбір ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы мұрат- міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл — парасаты мол, мәдени- ғылыми өресі озық азамат етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Саналы ұрпақ-саналы тәрбие нәтижесі. Саналы тәбие дегеніміз не еді? Заманға сай осы ұғымымыз өзгеріп кеткен шығар. Сондығынан болып,қоғамда жүріліп жатқан күллі тәрбиелік іс-әрекеттер бізге «санасыз болып» сезіліп, танылып жүруі де мүмкін ғой!

— Сана — объективті шындыкты тану, адам психикасының ең жоғарғы түрі. Сана адамның өзіне, табиғатка, басқа адамдарға қарым-қатынасын сезіне алдына мақсат қоя білуге, оны жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды. Сана эрбір жеке адамға тән дара қасиет. Жеке санамен қатар өмір сүрген ортаға байланысты қалыптасатын қоғамдық санада болады, адам санасының мазмұнына оның өскен ортасы, қоғамдық болмыс ықпал жасап отырады. Адамның психикасы, санасы оның қоғамдық қызметтері мен түрмыс жағдайларына байланысты дамиды. Сана дегеніміз – объективті дүниенің адам миында пайда болатын субъективтік бейнесі, сәулесі. Бірақ ол жай бейне емес, шығармашылық бейне. Сана — қоғамдық құбылыс. Адамның санасы адамзат коғамының ұзаққа созылған дамуының нәтижесінде пайда болды. Психикалық және саналы қызметтің элементтері ақпарат алмасу үшін дыбыс сигналдарын және ишараны қолданатын жоғары дамыған, топтасып өмір сүретін жануарларда да көрініс береді. Бір катар жануарлардың — мысық, ит тектестер,приматтар, дельфиндер әрекеттерінің көбі күрделі және сананың қызметін талап етеді. Қазақ мұны қолында өсірген жылқысынынан, баулыған құсынан, басқа да жануарлардан көріп, байқап ерте аңғарған. Одан кейін жануарлардың өзіндік «моралі», өзін ұстау әдеттері, жетекшілік үшін күрес жүргізуі бар. Жалпы, жануарлардың өмірі өзінен-өзі жүріп жатқан жоқ, оларда санаға бағыныштылық, яғни бір мән бар. Алайда адамның санасы бүл жануарлардың күрделендірілген психикалық қызметінің жалғасы емес, терең ұстанымды өзгерістердің нәтижесі. Бүл өзгерістердің негізі-еңбек. Еңбек арқылы еңбек құралдары жасалды және материалдық заттарды кайта жаңғырту үшін адамдардың алдымен қарапайым, кейінірек күрделі қажеттіліктерін өтеу үшін пайдаланылды. Адамның эволюциясы 3 миллион жылға жуық мерзімді құрайды, соның 95%-ы адамның нышаны айқын көрінетін алғашқы ұжымдарды калыптастыру үшін жұмсалды Бұл материалистік ұғым болғанымен саналы тәрбие мәнін ашуға жеткілікті көзқарас.Адам санасы үш түрлі қызмет атқарады, олар-ақыл-ой, ерік, сезім. Адамгершілік рухани сананың мақсаты-өмірдің құндылығын түсіну, ақыл-ой арқылы үнемі шындықты, ақиқатты іздеу; сезім арқылы сұлулықты сезініп, түсіну;ерік арқылы мейірімділікке, рақымдылыққа ұмтылу.Адамның қиялы, өзіндік санасы, ар-ұяты, шығармашылық ұмтылысы бәрі де сананың қызметіне жатады. Осындай рухани қасиеттер болмаса, біз кісілік келбетімізді мүлде жоғалтар едік. «Адамның игі қылықтары мен жақсы әрекет-терін жүзеге асыруға көмектесетін жан қасиеттері – ізгілікті қасиеттер, ал адамның пасық істер мен оңбаған әрекеттер жасауына себепші болатындары – сұрқиялық, кемістік немесе опасыздық болып шығады». «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактаттарында әл- Фараби өз заманында сирек кездесетін ойлар айтады. Адам өмірін жай ғана сүрмей, үнемі қайырымдылық жасауға, ізгілікке, жақсылыққа қарай ұмтылуға қажеттігін ескертеді ұлы ойшыл, сонымен қатар қоғамдағы ең негізгі рухани құндылықтарға – «өзара көмектесуді» жатқызады. «Қайырымдылық екі түрлі болады, — дейді ғұлама: этикалық және интеллектуалдық. Интеллектуалдық – (жанның) ақыл-парасаттық жағына жататын қайырымдылық, мәселен, даналық, парасат, ақыл-ойдың тапқырлығы мен өткірлігі, ұғымталдық. Этикалық қайырымдылық – (жанның) ұмтылу жағына жататын қайырымдылық, мәселен, ұстамдылық, батылдық, жомарттық, әділдік. Жаман қылықтар да осылайша бөлінеді». Бұл жерде этикалық қайырымдылықтардың нағыз рухани құндылықтар екендігін атап өтуге болады. Сонымен қатар осы қасиеттердің тұрақтануы үшін көп рет қайталануы және соған үйренуі қажет екендігі айтылады. Бұл адамның тұлға болып қалыптасуындағы рухани дамудың ролі зор екендігіне қарай бағыттайды.

Тəрбие  сөзі  араб  тіліндегі  халаха  түбірінен  шығады. Мағынасы: мінез, табиғат, жаратылыс, сипат деген мағыналарға келеді. Терминдік мағынасына сай, адамның жақсы мен жаманды ажыратуына себеп болған руханитаңдауларды,  мінездер  мен  қатынастардың жиынтығын тәрбие деп атаймыз. Жалпы  ислам  сөзінің  тілдік  мағынасы:  мойынсұну, мейірім, шапағат, тәрбие, қабылдау деген мағыналарды береді.Терминдік мағынасы: Пайғамбарлар арқылы жаратушы тарапынан  жіберілген  әмірлер мен тыйымдардың  жиынтығы. Осы әмірлер  мен  тыйымдарға мойынсұна отырып тәрбиеленген  адамды  «Мұсылман» деп атаймыз. Демек, мұсылман тәрбиелі адам деген сөз екен. Ислам дінінде ахлақ (тәрбие) екі топқа бөлінеді: 1. Алла тағала алдындағы (тәрбиеміз) немесе міндеттеріміз. Бұған: Намаз, Ораза, т.б. ғибадат құлшылықтарымыз жатады. 2. Жеке тұлға мен  қоғам арасындағы  міндеттер,  тәрбиелік  қарым-қатынастар. Бұған: Өмір  сүріп отырған қоғамдағы жеке тұлғалық барлық қарым-қатынастар (әке-шеше, жанұя, Отан, ұстаз, шәкірт, қоғам алдындағы міндеттеріміз т.б) жатады. Ислам  дінінің  тәрбиеге берген  маңызының  тағыда  бір  бұлжымас  айғағыРаббы  сөзі тәрбиеші сөзімен тікелей  мағыналас.Орыс  тілінде  “Тәрбие”  сөзі  асырау,  өмірге  үйренбеген, көмекті  қажет  ететін  әлсіз, нәрестені тамақтандыру  деген  мағына  береді.Қазақ түсінігі бойынша (шығу тегі көне түрік тілінің игер, идірілген, баулынған, жігерлендірілген, тәрбиеленген): «Тәрбие — кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету  деген сөз» (М.Жұмабаев). Олай болса саналы тәрбие дегеніміз айтылған ақыл-кеңес,берілген үлгі өнегінің қажеттілігі мен маңызын санаға салып,ойланып–толғанып,жан азығын,жайсаң мінезбен,асқақ көңілмен,шын ниетпен қабыл алып, ұстаздың ықыласына көніп, тілін алуды айтамыз. Тәрбиелеу-тәрбиеші тәрбиеленушінің жан сарайының кілтін тауып, оны жан жылуымен нұрландырып, көкірек көзін аша отырып, айтқанына көндіріп,соңынан ерте білу өнері болмақ. Осы ниеттен, европада педагог ұғымы пайда болып қалыптасқан. Европа педагогикасының даму көшінде мынандай екі із, екі пікірдің сілемі анық байқалады: Бірінші пікір бойынша, баланың басы «таза тақта» (tabula raba) немесе «таза парақ». Сондықтан,  оның  көкейіне не  жазам  десең,соны  жазуға  болады.Баланың  келешекте  кім  болатынын түгелдей  тәрбиеші  шешеді.  Тәрбиеші  баладанкелешекте  қандай  адам  жасап  шығарғысы келсе,
бәрі қолынан келеді.Екінші  пікір  бойынша,  баланың   көкейіне  не  болса, соның бәрін жазуға  болмайды. Біреуді  біреу тәрбиелей алмайды, әркім өзін-өзі  тәрбиелеп,азамат  қатарына жете алады. Соңғы  пікір  мына  дәлелге сүйенеді. Ешкім  баланың  басына  өсиеттерді  енгізіп, оның  рұқсатынсыз ісін,  қылығын  сол  өсиеттерге  бағындыра  алмайды. Бала  үлкендерді тыңдағысы келсе, тыңдайды, тыңдағысы келмесе, тыңдамайды – өз еркі. Дәлелдің бұл түрі орынды  сияқты. Бірақ, бірінші  пікірді  де  жоққа шығаруға болмайды. Себебі: тәрбиеші баламен тіл тауып, жақын қатынаста бола алса, онда баланы өзінің сөзіне көндіріп, біразға дейін жетелеп, оны  тәрбиелеуде  едәуір дәрежеге  жете  алады. Біз    осы екі пікірдің әрқайсысына тән қолайлы ағын  алып,  тәрбиеге ұмтылатын баланың  өзі,оның келісімінсіз бұл салада нәтижеге жетуге болмайтынын мойындай отырып, егер тәрбиеші баланың «кілтін» таба  алса,онда  тәрбие  саласында  үлкен  нәтижеге  жете алады
дейміз. Себебі,тәрбиелеу қазақ ілімінде ерекше қағидат бар.  Ұрпақ ата-анаға борышты екенін түсініп,ағайын туыс,ата-баба намысына,абырой-атағына кір келтірмей мейлінше оны әспеттеп ардақтау зор міндет,үлкен   бақыт.Жақсы бала ата-ананың аңсаған қуанышыАта-ана баласына кішкентай кезінен бар жақсылықты үйіп-төгіп өсіреді. Бала бақыты үшін қолынан келгенін аямайды. Міне,бірінші кезекте бала ата-ананың осы бір еңбегін жете түсінуі керек. Бала дайын тәрбиені үнсіз мәжбүрлі игеруші жасық,әлжуаз, талапсыз, керенау жан емес.Ол өсіп жетіліп келе жатқан,ұшқыр ойлы,терең сезімді, ынталы, дамуға құмар,көруге қырағы, естуге алғыр,жалын атқан жас болғандықтан тәрбиені саналы игеруге тиіс.Ондай қарым-қабылыт барлық балада бар. «Тәрбие дегеніміз баланың үстіне кигізе қоятын дайын киім емес. Тәрбие жұмысының мыңдаған түрі мен қыры бар. Олар тәжірибеде сынала келе нәтижеге ие болады». (Мәлік Ғабдуллин) Дәлірек айтқанда тәрбие жат жұрттан әкеліп жаба салатын жабу емес! Тәрбие біреудің екіншіге сыйға тартар мұрасы да емес,көзсіз қабылдар сүйекке сіңірер уыты да емес, тәрбиешінің еңбегін ақтар жемісі бар, тәрбиеленушінің арымен ақталар қайырымы бар, саналы жолмен жасөспірім бойына жұғысқан ырыс, басына қонған бақыт. Сондықтан,тәрбие мейірімділік алақанында әлпештеніп, жүрек жылуы бесігіне бөленіп,жүрек қылына тербеліп, рухтан үндестік табатын рухани нәзік құбылыс,жан сезімінің жайдарлану,рахат табу,адам талғамына сәйкестіктігін көрсететін асыл мұраттың орындалуы.Тәрбие ісінде,мұрат мақсатың орындалса,одан асқан қуаныш болмайды. «Басына бақ жұғысып,құт қонатын қазақтың ұлы құлықты,қызы қылықты келеді.Себебі-қазақ,Алладан сұрап, қалап алған ұрпағын олар қанша көп болса да, «Алла аманаты, Тәңір сыйы», — деп көріп, оларды — «Сүйіспеншілік бесігіне бөлеп, Махаббат жөргегіне орап, Мейірім уызымен ауыздандырып өсіреді.» Сондықтан қазақ баласына сүйіспеншілік, махаббат, мейірім, сыпайылық, имандылық қатарлы асыл қасиеттер ана сүтімен беріліп, дамып жетіледі. Қазақ ұрпағын жетімсіретпейтін себебі осында.Жетім өскен ұрпақ аталмыш бесікке бөленбей мейірімділік уызына жарымайды. «Мейірімділік, — деп жазды К.Бови,- мылқаулар сөйлей алатын, кереңдер ести алатын тіл» Осы ұлтанды қағидат бұзылып,мейірім-жәбірлеуге,ақыл қосу-мәжбүрлеуге ауыстырылған. Мәжбүрлеу — оқытып білім-беру барлық саласына кірігіп, билеп-төстеушілік сипат алған. Тәрбиеленуші мен білім алушы,ата-ана мен жұртшылық пікірін елеп-ескеру осы жүйеден орын иеленбейтін халге жете қабыл болған.Оқыту-тәрбиелеу қағидатын маман-ғалымдар, зерттеушілер емес,ақшасы бар,беделді,билігі барлар қолдан жасап алатын болған.
Халық даналығы адамда үш жұт бар дейді. Оның бірі – өлім, екіншісі – кәрілік, үшіншісі – жаман бала. Кәрілік келмей қоймайды. Өлім алмай қоймайды, ал бала жаман болса, одан құтылу жоқ, адамдықтан шығарады, абыройыңды айрандай төгеді. Шынымен де адам баланы өмірге өзінің артынан ұрпақ, мұра, өзінің жалғасын қалдыру үшін әкеледі. Сондықтан, «атадан жақсы бала туса, есіктегі басын төрге сүйрер, атадан жаман бала туса, төрдегі басын жерге сүйрер» деп тегін айтылмайды. Әкемін деп қайтесің,тіліңді ұлың алмаса, адаммын деп қайтесің, жүректе жылу болмаса. «Ақылды ұрпақ өсірсең алып шығар құлдықтан, ақылсыз ұрпақ өсірсең, булыққаның булыққан! Балаң жақсы тәрбиелі болса,жер беті жақсы, тәрбиесіз, өнегесіз болса жер асты жақсы!» Ұрпақтың бұлай болуына ата-ананың өзі кінәлі екені баршаға аян болғанымен,олардың еркіне салып,ұрпақ келешегін,жеке әулет шеңберінде қалдырып қоймай,жөнге салатын, оқу-ағарту орны,тәрбие ошақтары бола түра,жүйелі де, пәрменді шаралардың жетіспей жатқаны жасырын емес. Шындығында құлдықтан құтылсақ та,булығудан көз ашпадық. Ең алдымен ешкімге дес бермеген, бар мейірім мен ізеттің ұясы болған, өнер мен салт-дәстүрдің сақтаушы әрі жалғастырушысы,құт береке ошағы қазақ отбасының іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқала бастады.Оның өзін жәбірлеу мен зорлық-зомбылық ұялап алды. «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының» мәліметінше, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жыл сайын 400-ге жуық әйел ажал құшады екен. Бас прокуратураның 2016 жыл бойынша мәліметіне қарасақ, 36 әйел мерт болған. Тағы бір құқық қорғаушылардың деректеріне қарағанда, былтыр қыз-келіншектерге қатысты 91 631 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 71 965 ауырлығы орташа қылмыс болса, 4 131-і ауыр қылмыстар санатында. Ал, 420-сы аса ауыр қылмыс. Тәрбиелік қарапайым қағидалар бүзылғандығынан болып,ұлттық санада үлкен ауытқулар көрініс беруде. Тәрбиелеу қазақ ілімінде 7-15 жасқа дейін биязы әдеп, жібек мінез үлгілірі мен қалыптарын жас ұрпаққа игертіп, дағдыландыру тиіс. Егер осы шақта,жас ұрпақ ұлттық дағды-машықтарды игермей қалса, басқа жұрттың әдеп,дағдысын өздігінен игеріп кете барады. Осының салдарынан әдепсіздерді әдейі дайынлағандай, көргенсіздер тым көбейіп кеткен. Әулетте, бала-бақшада, мектепте осы уақытта балалардың басын қатырып, ешкімге түсініксіз пәндерді (өзін-өзі тану, валелогия т.б.) оқытып келеміз. Осының бәрінен бұлтару үшін,баланы тәрбиелеудің 80 пайызы отбасында (6 жастан мектепке барады) жүзеге асырылуы тиіс деген «данышпандық қағидатты» алға тарта бастадық. Қазақтар өткен шақта 4-7 жас аралығында балаларының тума талант нышандарын анықтату үшін адамтанушылар мен болжағыш тәуіптерге апарып,болмағанда айтулы өнер ғылым иелеріне көрсетіп,сондай болар ма екен деп аузына түкіртіп зыр жүгіргені белгілі. Ал, өркенді елдерде кәзіргі шақта балалрының бейімділігін, икемділігін анықтату үшін 3-7 жас аралығында жалықпай анықтау, жорамалдау орталықтарына апарып жан-жақты сараптама жасатады. Ал бізде мұның орнына, «шет тілін» оқытып зердесін ашады, өмірге дайындайды. Біздің қоғамда адамдардың талантына,интеллектуальды әлеуетіне сүйенуден гөрі етектей диплом,ат үркерлік атаққа сүйенетіндіктен олардың тума талант,дарынын жастай анықтап дамытудың қажеті жоқ болып тұр. Жалпы оқытып тәрбиелеу іс-әрекетін мәжбүрлеуден, қажеттілікке қарай бет бұратын кез келді. Тәрбиелік қағидаттар бұзыла бастағандықтан, адами қажеттілік елеусіз қалып барады.

                                             Қобдабай Қабдыразақұлы,
ғалым-жазушы,
Дина Ілесбекқызы,
педагогика магистрі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.