Home » Білім және өнер » САНАЛЫ АЗАМАТ – ӨНЕРЛІ ЕЛ МЕРЕЙІ

САНАЛЫ АЗАМАТ – ӨНЕРЛІ ЕЛ МЕРЕЙІ

                     Қазіргі таңда  бірінші орында адам қабілеттілігі мен адам капиталы тұр. Бұл басымдықты Елбасымыз биылғы Жолдауында ерекше атап көрсетті. Прогресс адамның потенциалы мен білімін қолдану арқылы жүзеге асады. «Білім және болашақ», «ХХІ ғасырға арналған білім» деген бағдармалық құжаттарында адамзат болашағы және дүниежүзілік проблемалардың бірден-бір шешімі осы білім реформаларына байланысты делінген.

Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де, жалпы мектептер үшін де ең басты мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және де екіншісі: Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?».Құзырлы мұғалімдер қазіргі заманға сай оқудың үш артықшылығын түсініп, дамытуға дайын болуы керек. Американың жаңашыл педагогы Джон Дьюи білім беру системасының ең негізгі міндеті «Адамды ойлай білуге үйрету» деген екен. Ойлай білетін білімді адам ғана осы заман ағымына ілесе алатынына көзіміз жетті. Талпынғандар ғана білім ала алады.Олай болса саналы азамат аясында тәрбиелеудің негізгі мақсаты дарынды ұрпақ тәрбиелеу болып табылмақ. Балаға сана, ақыл-ой, білім мектеп қабырғасынан дамиды. Осы  жолда еш қателесуге болмайды. Ал талпынған баланың тауы шағылмас үшін, баланың білімін шынайы бағалай білуі керек және олар да өз білімін арттыру үшін бағалауды үйренуі қажет.Қазіргі таңда білім басымдығы жаңартылған бағдарлама шәкірттеріміздің саналы азамат болып өсуіне берері мол деп сенемін. Оған өз тәжірибемде  көзім жетті десем артық айтқаным емес.

Олай деу себебім  бүгінгі шәкірт ертеңгі саналы азамат өзіне-өзі сыни тұрғыдан қарап үйренуде. Өйткені, оқушы санасы қалыптасып, жан-жағына  сыни көзқарасы артады.  Ал енді жалпы жаңаша бағалаудың мәні де дегенде келсек, бұл термин латынның «жақын отыру» деген сөзінен шыққандығы кездейсоқ емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып не істегенін немесе өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін не тәртібін мұқият бақылауы болып табылады.      «Балалардың білгені, тапқан-таянғаны өмірге жанасып, жарыққа шығып отырып, барлық жұмысты балалардың белсене, құлшына өздері істеуі шарт. Өзі еңбектеніп, өзі бейнеттеніп тапқан білім берік болады. Өмірінше ұмтылмайды». Ж.Аймауытұлы. Егеменді еліміздің алғы шарттары – өркениет елдер қатарына көтерілу. Өркениетке жету үшін жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаны өсіру керек.

Ұлы педагог Ушинский «Бала – балқытылған алтын» — дегендей, жас ұрпақтың бойындағы қабілетін көру, оны жетілдіру, ізденгіштік қасиетін дамыту мұғалімнің сабақ берудегі шеберлігіне байланысты. Сондықтан  ұстаздық жолымда саналы азамат тәрбиелеуге тамшыдай үлес қосу менің мерейлі мақсатым. Педагог зерттеушілердің еңбектеріне, ұлы ойшылдардың пікірлеріне сүйене отырып, «Әрбір алдыма келген баланың тәрбиесі мен біліміне жауаптымын» дей отырып, тәрбие мен білімді қатар жүргізу  жолында бірнеше  жыл өз тәжірибемді өткізіп келемін. Білім беру жүйесіндегі жаңа бағдарламаға сай мен де оқу үдерісін ұйымдастырғанда оқушылардың үздіксіз білім алуын қамтамасыз етумен қатар;-Оқушыларды уәждеу тәсілдері (әр оқушының жеке қабілетін ашуға);-Жеке оқушыны жауапкершілікке үйретуге,

-Жоғары дәрежелі ойлау дағдыларын қалыптастыру (өз ойларын, пікірлерін дәлелдеп айтуға);-Әр оқушының ойлау, сөйлеу белсенділігін, шығармашылық дағдыларын, қабілетін арттыруға бағытталған SMART мақсатта жоспарлауды қарастырамын.

Оқытудың жаңа технологиясының негізгі мақсаты жеке адамның жоғары дәрежеде жан-жақты дамуы үшін – негізін жасау. Қазіргі таңда алдымызда отырған шәкірт ертеңгі күні саналы азамат ретінде танылуы үшін не істеуіміз қажет? Әрине, жасынан оның бойындағы қабілетін аша білуіміз керек. Яғни, саналы азамат дарынды оқушыдан шығады. Барлық оқушылардың дамуы үшін Л.В.Занков жасаған жүйенің ерекшілігі – балаларды жақсы, нашар оқушыларға бөлмеу. Мектептегі оқушы дамуы дұрыс, дені сау.

Сондықтан ол оқу барысында белгілі бір дәрежеде дамиды. Тек соған сөніп, шыдамдылық көрсету керек. Осыған байланысты мысал ретінде бір белсенді оқу әрекетіне тоқталып өтейін. Қай сыныпта болмасын оқушының қабілетін дамыта аламыз. Мәселен, бір сюжетті суретті көрсетіп, «Не көріп тұрмыз?» дегенде сұраққа бірден жауап ала алмауымыз мүмкін, себебі көп нәрсенің суреті бар. Қайсысын бірінші айту керек? Міне, осы жерде көмекке келемін.Алақанды жинап, бір саңылауы бар дүрбі жасаймыз. Осы дүрбіні суретке бағыттап, суреттен көргендерін жарыса айта бастайды. [6]Оқушылардың айтқандарын тақтаға жазамын, оларды дөңгелектеп сызамын. Біз қай екі дөңгелекті бір-бірімен байланыстыра аламыз? – деп сұрақ қоямын. Оқушы екеуін таңдайды.-Неліктен ол екеуін таңдадың?
Мысалы:  Жас ерекшелігіне қарамастан оқушылар  әлі ешкім байқамаған суретті атауға немесе сөзді байланыстыруға тырысады. Бұл ойынды одан әрі қарай қалыс қалған баланы тарта отырып, жалғастырамын.Бір мақсатты көздейтін мәтіндерді соза бермей, оларды топтастырып, қалған уақытта оқушының ой-өрісін дамытатын белсенді оқу тәсілдерін қолданамын.

Мысалы:«Өтірік өлеңдер» құрастыру,«Менің қызықты оқиғам» тақырыбында мәтін жазады, сыныпта конкурс ұйымдастырылады. Алдын ала жоспар құрылады, критерий айқындалады. Оқушылар ұжымда бағалайды. Оқу үрдісін түсіну. Оқушылар оқу үрдісінде түрлі бақылаулар, қарапайым зерттеулер арқылы белгілі бір нәтижеге келулері қажет.Өзімнің тәжірибемде логикалық тапсырмаларды бере отырып, балалардың сөздік, тілдік қорының қалыптасуына ықпал етемін.
Осы орайда жеткен жетістігім де аз емес:Валиева  Рената(2009ж.,“Тіл шамшырақтары” ашық сайыс байқауының жеңімпазы,Қарасу аудандық оқушылар арасындағы олимпиада жүлдегері),Танат Данагуль(2013 ж.,аудандық ғылыми жұмыстар ашық сайыс байқауы),Жайлебаева Зарина (2016ж.,«Абай  оқулары» жеңімпазы), Пивоворчук Ангелина   (2017ж.,« Аудандық оқушылар арасындағы олимпиада» ІІ орын), және т.б дарынды шәкірттерім орыс мектебінде қазақ тіліне ерекше қызығушылық танытып, талай сайыста топ жарып келеді. Міне, осындай тілге жанашырлық танытып жүрген шәкірттерім келешекте еліміздің арқа сүйер саналы азаматы болып шықпасына кім кепіл? Иә, сөзден іске көшетін заман да келіп жетті. Сондықтан саналы азаматқа икемдеу дәуір талабы деген ойдамын.
Сабақта пәнаралық байланыс орнату арқылы табиғатта болып жатқан үдерістерді, заңдылықтарды сезініп, қорытындылауға, ақпаратты тиімді пайдалануды үйренеді.Заманауи талапқа сай бүгінгі таңда оқушыларды ХХІ ғасырға  дайындау  үшін  ұстаздар әр сабағын сапалы түрде ұйымдастырып, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білуі шарт. Мектепте алған білімін өмірде қолдана алатындай етіп сабақты құру мұғалімдерден көп шығармашылық ізденісті талап етеді.
Ол үшін ең алдымен, әр ұстаз үнемі өз білімін жетілдіру және өз шәкірттерін тұлға ретінде тану керек. Ұлы Абайдың «Адамның қасиеті үш-ақ нәрсе: нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» демекші, шәкірттің алдына бару үшін жеткілікті білімің болу керек, сол тәжірибеңді ұғындыру үшін тиімді тәсілдерді қолдана білу және ұстаз мамандығын таңдаған соң, этикалық әрі моральдік құндылықтарды ұстану қажет. Мұғалімнің бұл үш көмекшілері сапалы болуына себеп болады. ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Сондықтан да жас ұрпаққа,жас буынға білім беру жолында жаңаша өзгерістер қажет. Жеке тұлға,яғни дарынды,шығармашылық тұлға қалыптастыру білім мен тәрбие берудегі мемлекеттік істің ең маңыздысы. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Адамзат баласының өз ұрпағының, оқыту мен тәрбиелеудегі ең тиімді ізденістерін, тәжірибелерін жалғастырып, тың жолдар іздеу, педагогикалық озық үлгілерін жаңашылдықпен дамыту жалғаса бермек.

Халқымыздың атақты даналарының бірі Міржақып Дулатұлы: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда.Теңдікке жетсек те,  жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та бір ғана оқудың арқасында аламыз. Надан жұрттың күні  — қараң, келешегі – тұман», — деп ғылым, білім, оқудың маңызын халыққа көрсеткен.
«Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» — деген екен Жүсіпбек Аймауытов. Сондықтан қазіргі таңда оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру ісін жаңа талап тұрғысынан өзгертіп, оқыту тәсілдерін үнемі жетілідіріп отыруға міндеттіміз. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Қазіргі заман мұғалімі – рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғы-дан есейген,педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты» деген.
Иә, әр технологияның өзіндік ерекшелігі бар. Функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Біз тек оқулық шеңберіндегі білімді үйретумен шектеліп қана қоймай, кең түрде әр баланың талабына, деңгейіне сай жұмыстарды саралып, ыңғайластыруымыз керек.Сонда ғана саналы ұрпақ тәрбиелеп шығатынымыз сөзсіз деген тұжырымға келдім. Ерекше мақтан тұтатын мамандығым ұстаздық жолымда еліме елеулі үлес қосу мен үшін зор мәртебе!

Валиева Рената “Тіл шамшырақтары” ашық сайыс байқауының жеңімпазы
Қарасу аудандық оқушылар арасындағы олимпиада жүлдегері
Оқушыларымның  жетістіктері
Пивоворчук Ангелина –Қарасу аудандық оқушылар арасындағы      олимпиада жеңімпазы (ІІ орын)  9 «А» сынып оқушысы

   Саутпаева А. Ә.
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі
Қарасу орта мектебі
Қарасу ауданы Қостанай облысы
Қазақстан Республикасы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.