Ағымдағы жылдың 3 мамырында Астана қаласы әкімдігінің №46 «Самал» санаториялық балабақшасы Елордамыздың 20 жылдық мерейтойы мен 7 мамыр Отан қорғаушылар және 9 мамыр Жеңіс күніне орай «Байқоңырдың ұландары» атты тақырыпта арнайы мерекелік шеру ұйымдастырды.
Айта кетейік, 1992 жылғы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 2012 жылғы 4 қазанда Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» ережені қарап, қабылдаған болатын. 2012 жылы 19 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев мамырдың 7-сін Отан қорғаушылар күнін мемлекеттік жаңа мереке ретінде тойлауға арналған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Заңына толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Ресми түрде бұл күн — Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің туған күні.
Аталмыш шара балаларға 7 – мамыр Отан қорғаушылар күні мерекесін сезіндіруді, Ұлы Отан соғысының мазмұнын әңгімелеп осы соғыста ерлік көрсеткен батырлардың ерліктерін, жыл сайын Жеңіс күнінің мерейлі мерекесін бүкіл халық тойлап отыратынын айтып, Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың, бүгінде саны азайып қалған майдангерлердің рухына тағзым ете отырып, балаларды Отан қорғауға, батыл да ержүрек болуға, елін, жерін жаудан қорғай білуге, елінің патриоты болуға, адамгершілікке, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруды, сондай-ақ, оларға патриоттық тәрбие бере отырып, өз елін, жерін қастерлейтін саналы да парасатты елжанды-ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуді мақсат еткен.
Адамгершілік-рухқа тәрбиелейтін мерекелік шеруге қаламыздағы №46, №28, №48 мектепке дейінгі ұйымдағы ересектер және мектепалды даярлық топтарының тәрбиеленушілері мен ата-аналар және серіктес балабақша меңгерушілері мен бірнеше қонақтар қатысты.
Салтанатты шара балабақша тәрбиешісі Ә.Қ. Әбіш, спорт нұсқаушысы Е.А. Жұмамұрат және мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушісі Амангелді Жанәлінің рапорт беруімен басталды.
Одан әрі айтулы шараның ұйымдастырушысы әрі ұйытқысы болған №46 «Самал» санаториялық балабақша меңгерушісі Балауса Қайырғалиева құттықтау сөз сөйлеп, өтіп жатқан шараның өскелең ұрпақ үшін маңыздылығы мен тағылымына тоқталды.
Салтанатты шара сапта тұрған жас ұландардың, яғни, №46, №28, №48 мектепке дейінгі ұйымдағы ересектер және мектепалды даярлық топтарының тәрбиеленушілерінің өнеріне ұласты.
Халықаралық «Таңғы шұғыла» байқауының І орын иегері Ясын Айбар «Бауыржан Момышұлы» өлеңін тебірене оқып, қонақтарды тәнті етсе, сол байқаудың бас жүлдегері Досбергенова Інжу «Қамажай» биімен көңілдерге көтеріңкі күй сыйлады.
«Жұлдыз» мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері «Бейбіт болсын қашан да» әнін орындау арқылы балғын тілектерін жеткізіп, «Домбыра» биін нақышына келтіре орындап шықты.
Көк аспанда көк туымыз желбіреген тәуелсіз ел өрендерінің
Жауынгер біздің саңлақтар,
Жауды жеңген солдаттар.
Ардақта Отан — ел үшін!
Бақытты туған жер үшін! – деп жырлауы әр қазақтың кеудесіне намыс оты мен Отанға деген өшпес сезімді айғақтары хақ.
Отан үшін мерт болғанды танып біл,
Оларды әсте ұмытпайды халық бұл!
Ерлік даңқы ешқашанда өлмейді,
Батырлардың жүрегі от боп жанып тұр! – деп тақпақтаған «Самал» балаларының санасында ұлтқа деген ұран өшпесі анық!
Жеңіс күні құтты болсын,
Құтты болсын Аталар!
Ұмытпайды ешқашан да
Жауынгерді балалар! – деген өрендерге біз де өз тарапымыздан жарқын болашақ, даңғыл жол тілейміз!
Балауса Төлеуғалиқызы басшылық ететін айтулы ұжымның ынтымағы жарасып, сәттіліктер серік берік болғай!
Гүлжазира ЕРТАСОВА,
“Білім айнасы” газетінің Бас редакторы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Астана