Қасиетті Қызылжар өңірі ешқашан таланттан кенде болған емес. Осының тағы бір айғағы ерке Есілдің бойында дүниеге келіп, әні мен сәні жарасқан сазгер, ақын, әнші, журналист Бекмағанбетов Бүркіт Мәжитұлы.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Есілдің мен де бір ерке ұлымын» деген тақырыпта шығармашылық кеш болып өтті. Бұрын-соңды Қызылжар жұрты бұлай жиналмаған еді. Н.Погодин атындағы орыс драма театрының көрермендер залында ине шаншар орын болмағаны Бүркіт ағаға деген халқының ілтипаты болса керек. Өнер иесінің салтанатты кешінің сәнін дәстүрлі әнші Біржан Есжанов кіргізіп отырды.
30 жылдай туған елден алшақ Алатаудың бөктерінде, ән қала Алматыда қызмет бабымен тұрды. Бүгінде қазақ ән өнерінің қоржынына 100-ден артық ән, 25-тей терме жазған екен.
Бүркіт Мәжитұлының «Армысың, аңсап жүрер ардақты елім» деген әнін өзі орындап, алтын даусымен кеш шымылдығы түрілді. «Өмір-роман» әнін де ешбір бояусыз орындап көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сан түрлі тақырыпқа қалам тербеген ақын жүрген жеріне із қалдырып, жүрген жеріне ән қалдырып жүреді екен. «Көкшетау» әні осыдан 35 жыл бұрын жазылған екен. Киелі Қызылжар сахнасында Ү.Ыбырай атындағы Көкшетау қаласы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Әпсалық Салықтың орындауында қайта халқымен қауышты.
Сазгердің әндері Сегіз сері атындағы облыстық филармонияның сүйемелдеуімен ҚР мемлекет қайраткері, Ү.Ыбырай атындағы Көкшетау қаласы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Мереке Бекмағанбетовтің орындауында «Өрнек вальсі» нақышына келтіріп орындады.
Бүркіт Бекмағанбетовке Есіл ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Құттықтаулар қарша борады. Ардақты ұлдарымен қимай қоштасқан көременнің ыстық ықыласы ұзақ қол соғумен аяқталды.
Көкбасқызы Жазира,
СҚО, Қызылжар қаласы