Home » Мақалалар » Салт-дәстүр – сарқылмайтын байлығым

Салт-дәстүр – сарқылмайтын байлығым

Адамзат баласының өмірде көрген өнегесі мен жинаған тәжірибесі келер  ұрпаққа салт-дәстүр, әдет-ғұрып ретінде де жеткен. Бұл халықтық тағылымдар кешегілердің кейінгіге қалдырған басты мұрасы болса, бүгінгілер үшін сарқылмас дәулет, баға жетпес қазына. Ата-бабаларымыз өздерінің сан ғасырлар бойғы ұлы тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік салт-сана мен әдет-ғұрыпты қалыптастырған.

Халық қаһарманы Б.Момышұлы «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбилеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт-дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десек те болады.

Бүгінгі таңда тәрбиедегі басты бағыт: “Әр адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болуы керек екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар, ырымдар мен тиымдар және дәстүрлер көптеп көмектеседі, солар арқылы ол жалпыазаматтық әлемге аяқ басып, өз халқының игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз заманы мен өткеннің талаптары негізінде жеткіншек ұрпақты даярлап, оны жинақталған тәжірбие арқылы тәрбиелей отырып, өзінің ата-бабаларының рухани мұрасын игере түсуі керек”.

“Жақсы кісі – жан азығы”, “Бір кісі мың кісіге олжа салар”,- демекші жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, бойына бағалы да асыл қасиеттерді дарыту – әрбір жастың парызы.

Үлкенді сыйлау – ұлттық қадір-қасиетіміздің бірі. Өзіңе дейінгіні сыйламасаң, өзіңнен кейінгі сені де сыйламайды. “Егдеге ізет, жасқа жол” немесе “Кәріге-құрмет, балаға-міндет” дегендей, жасы үлкенді сыйлап, құрметтеп, одан үйреніп, жасы кішінің бойындағы қасиеттердің көрінуіне көмектесіп, үйретіп, талап қойып отырған  жөн.

Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті болуына көмек болған – өзіміздің қазақ халқы. Халқымыздың ғасырлар бойы жасаған зор еңбектері салт-дәстүр, әдет-ғұрып үлгілері мен өнегелері соның айғағы. Қазіргі заман қыз тәрбиесі мен ұл тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. “Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз” деп бекер айтылмаса керек. Халқымызда ерте кезден-ақ адамгершілікті, әдепті жоғары бағалай білген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала қайда болса да, келін болғанда да көрегенділігін көрсетеді. Ал жақсы тәрбие алған ұлдар жау келгенде де жайдақ атқа міне шабатын, өжет, батыл, адал, жеріне, туған халқына ыстық ықыласты, үлкенге де, кішіге де қамқор бола білген. Әдептілік, инабаттылық, сыйласу жағынан халқымыз алдына жан салмаған. Ұлттық ізгі дәстүріміздің осы заманғы лайықтысын таңдап алып, инабатты қыз, ұлағатты ұл тәрбиелеу – ата-ананың  да, ұстаздардың да міндеті.

Жұмыр жерді мекендеген халықтардың, ел-жұрттардың, қай-қайсысының да ғасырлар бойы сұрыпталып, інжу-маржандай асыл, ұлағатты, шешендік, даналық сөздері болады. Тіл байлығының алтын қоры саналатын осынау ғибратты сөздер өмір шындығын, халықтың тұрмыс-салты мен тіршілігін, психологиясын тайға таңба басқандай дәл шебер етіп бейнелейді. Бағзы заманда көз жұмған арғы бабаларымыз, үлкен әкелеріміз бен әжелеріміз мәңгі өшпес ізгі дәстүрдің өнегесімен бізді баулып жатыр, баули да береді. Тіршілік етуші әрбір жан тәрбие жияды, оны топтан саралап түйіндейді, осы қазынаны өзгелерге таратады, игілігіне асырады. Ең берекелі, ең парасатты тәжірбие-халық түйген тұжырымдар, шешендік сөздер, дамыған даналық дәстүрлер, ұстаздық ойлар.

Тәуелсіздік алып, өркениет биігіне қол созған бүгінгі шағымызда салт- дәстүр, әдет-ғұрып – осынау тәрбиелік,  тәлімдік  мәні  зор  ұрпақ  тәрбиесінің  қуатты құрал. Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт-дәстүрі, тілі болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз де ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады.

Бар бояуы болмысым мен тұрқымның,

Салт пен дәстүр қағидасы ұлтымның,-деп ақын Сабыр Адай жырлағандай, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, тарихын біліп, оны қастерлеп, бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыруь – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

Бибигул Жусупова Талапбаевна

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы,

Шетпе селосы, Б.Жұмалиев атындағы мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.