Home » Мақалалар » САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУ – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУ – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Бұқаралық спорт және жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт кешенді жүйелі тәсілді талап етеді. Тек саламатты ұлт қана бәсекелестікке қабілетті болмақ. Ұлт денсаулығы — біздің табысты болашағымыздың негізі. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» деп атап көрсетілді.

Балалардың денсаулығы мемлекеттің маңызды дәрігерлік-әлеуметтік басымдылықтарының бірі саналуы заңды. Қоршаған ортаға, табиғи және әлеуметтік әсерлерге сезімтал да, әрі жүрегінің нәзіктігімен жараланғыш келетін тіршілік иесі де осы балалар. Олардың қоршаған орта қиындықтарының әсеріне ұрынуының бірнеше себептері бар: балалардың ересектерге қарағанда бір келі салмағына келетін демалатын ауаның, судың, тағамның көлемі жоғарырақ, ластағыштар болған жағдайда оның ағзаға жұтылуы да жоғары болмақ; жастау кезде олардың жүйесі мен мүшелері әлі толық жетілмеген, даму кезеңінде болады және жағымсыз әсерге қарсылық көрсетуге қабілетсіздік танытады; соның салдарынан кеселге ұшырау ықтималдылығы үлкендерге қарағанда анағұрлым жоғары болатындығы да сондықтан.

Балалар мен жасөспірімдердің денсаулық көрсеткіштері қоғамның тек дәрігерлік қана емес, сонымен бірге педагогикалық, әлеуметтік, экономикалық түйткілді мәселелерінің жәй-күйін анықтайды. Өскелең ұрпақтың жалпы білімнің жоғары деңгейін игеруі үдерісінде денсаулығына нұқсан келтірмеуі — ұлттың болашағын айқындайтын мемлекеттік міндет.

Оқушының денсаулығына әсер ететін әлеуметтік-экономикалық әсерлерді болдырмау біздің қолымыздан келмейтіні баршаға аян. Дегенмен, ғылыми зерттеулер бүгінгі күні орын алып отырған «тәуекелдің мектептік факторларын» айқындаған:

— педагогикалық әсер етулердің стресстік тактикасы (үнемі болатын микростресстік әсер етулер: баланың тамаққа тәбетінің болмауы, ұйқысының қанбауы, себепсіз жылауына ата-ана көңіл бөле қоймайды);

— қысқа уақыттық стресстер (екі апта бойы үзіліссіз дем алмаудан жиналатын ең ауыр стресстердің бірі, балалар мұндай жағдайға жыл бойы шыдап жүреді);

— оқыту әдістемесі мен технологияның баланың жас шамасының ерекшеліктеріне сәйкес келмеуі;

— оқу үдерісін ұтымды ұйымдастыру және қарқындату;

— салауатты өмір салты және денсаулық құндылығы ұғымдарын қалыптастыруға бағытталған жүйелі кешендік жұмыстардың болмауы;

— педагогтардың жас ерекшелігі физиологиясы, психология, оқушылардың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша біліктілігінің төмендігі.

Байқағанымыздай оқушылар стресстік факторларға көбінесе мектепте, сабақ оқу үдерісі кезінде ұрынады екен. Қазіргі кездегі оқытудың табысты болуына негізінен оқушылардың ақыл-ой қызметін күшейтумен қол жеткізіліп жүр, бұл өз кезегінде оқу уақытының жетіспеуі мен оқу жүктемесі көлемінің артуымен шартталған. Көптеген оқушылардың тұрақты психоэмоциялық шаршаңқы күйде, шала  ұйқылы, статикалық күйде ұзақ отырыста, төменгі қозғалыстық белсенділікте, таза ауада аз болатындығын білеміз. Кейінгі кездерде оған ақпараттық-коммуниктивтік технологияның одан бетер көбеюі де өз үлесін өлшеусіз қосатыны белгілі.

Оқу жүктемесін жоспарлауда бала ағзасының дамуындағы бұл ерекшеліктерді ескермеу практиканың көрсетуі бойынша соматикалық және психосоматикалық ауруларға ұшыратады.

Соңғы кездерде мектептегі қозғалыс режимін өзгертуге күш салынуда — бұл гиподинамияны болдырмаудың жалғыз дұрыс жолы. Бірақ, оны ғылыми негізделген дәрігерлік ұсынысқа сәйкестікте ұйымдастырған жөн, өйткені мектепке ұсынылатын кейбір сауықтырушы технологиялар «қауіптілікке» тексерілмеген болуы мүмкін. Сонда ғана ол ешбір жас айырмашылығына қарамастан адамның салауатты өмір салтын қалыптастырып, денсаулығын бекітуге септігі тиеді. Спорттық шараларға қатысу балалардың олардың бос уақытты ұтымды өткізуіне пайдалы болып, қоршаған ортаның залалынан аулақ болуын қамтамасыз етпек. Дене тәрбиесінің тиімділік шарты ретінде дәрігерлік-педагогикалық тексеріс орнатылғаны жөн, бұл оқушылардың дене мүшесінің дайындығын бағалауға арналған тестімен анықталады. Бұл қазіргі замандық ғылыми-әдістемелік талапты толық қанағаттандырмайтындықтан, оған қоса тағы да қозғалыс сапасын бағалау сыртқы белгілердің ескерілуін қажетсінеді: қашықтықты өту уақыты, ұзындық пен биіктікке секіруі, күштік жаттығуларды орындаудың саны және т.б. Осындай қозғалу сапасының негізіне ағза жүйесінің функциялық қамтамасыз етілу деңгейі алынады. Физиологиялық жағынан ағзаның энергиялық мүмкіндігінің шығындануы ескерілмейді. Осы кезде шектен асырыла орындалған жаттығу денсаулыққа әжептеуір зиянын тигізеді. Ынталандырушы немесе себепші түрткі жеткіліксіз болғанда шынайы функциялық мүмкіндіктің көрініс бермеуі де мүмкін.

Халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының тәндік, психикалық және әлеуметтік статусы 5 жылға жетпейтін уақытта өзгеріп отыратындығы белгілі, сондықтан орташа статистикалық аймақтық стандарттың жаппай динамикалық көп өлшемді зерттеулерінің өткізіліп отырылуы шарт. Тәннің адам жасына лайықты дамуы — бала денсаулығының негізгі көрсеткіші болмақ.

Патогенетикалық мәнді экологиялық және психоәлеуметтік себептер ас қорыту мүшелері ауру балалардың кенеттен көбеюіне әсер етуде. Үй тағамдарында негізінен төменгі сортты еттің, сүт өнімдерінің, көкеніс пен жемістің, шырынның үлесі жеткіліксіз. Сөткелік ет тағамының жартысын сосиска мен колбаса құраса, көмірсутек макароннан, картоптан, кондитер өнімнен алынады. Бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді жарнамасынан неше түрлі чипстер желініп, әр түсті газ сусындары көп ішіледі. Балалардың негізінен үйде дайындалған тамақ ішуіне жағдай жасауды ата-аналардың тікелей жауапкершілігі санау керек.

Денсаулық ұғымы көп өлшемді және ол тәндік, психикалық және рухани денсаулықтардан құралады, оның біреуінің кемшін болуы оның жүйе ретінде қирауына әкеледі. Оқушылардың денсаулығын қалыптастыру жүйесінің міндетті бөліктері:

— мектеп мұғалімдерінің оқушылардың денсаулығын қорғауға қатысты біліктілігін үнемі арттыруы;

— оқушылар ағзасының белсенділігін тиімділеу;

— мектепте тамақ беруді ұйымдастыру;

— мектептегі медициналық тексеріс пен қызмет көрсету;

— оқушы мен ата-анаға психологиялық және әлеуметтік ақыл-кеңес беру;

— бала денсаулығын қорғау мен нығайту мәселесін шешуге отбасы мен қоғамның белсенді атсалысуын ұйымдастыру.

Кез келген жүйенің жарамдылығы мен сенімділігі оның ғылыми негізделуімен қамтамасыз етілетіні белгілі. Әсер етілетін обьектінің адам болуы оны одан әрі маңызды ете түспек. «Денсаулығы мықты ұлт — бәсекеге қабілетті ұлт», — деп Елбасы стратегияны анықтап берді. Не жақсының барлығы, оның ішінде денсаулық та мектептен бастау алады. Сондықтан осындай ғылыми негізделген жүйені әзірлеу және қолданысқа енгізу заман талабы саналады.

 

АЙГОЖИН ОРАҚ МОЛДАБЕКОВИЧ

 «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша

 ПҚ БАИ аға оқытушысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.