Home » Мақалалар » Салауатты өмір салтын ұстану- денсаулық кепілі

Салауатты өмір салтын ұстану- денсаулық кепілі

Қазіргі кезде білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттердің бірі – жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру, олардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортасын таза ұстауға және жоғары, сапалы білім алып, сол білімді келешектегі өмірінде пайдалана білуге тәрбиелеу. Өмір салты мен денсаулық арасындағы өзара байланыс салауатты өмір салты ұғымын қалыптастырады. Мектеп оқушыларының салауатты өмір салтын ұстану туралы алған білімдері болашақта өз денсаулығын сақтап қалуға берік тірек болады. Мектеп оқушыларының салауатты өмір сүру мәдениетін қалыптастыруы, біріншіден, жеке тұлғаның өзін қоршаған жансыз және жанды табиғи ортамен жан – жақты үйлесім тауып, өз ғұмырын Отаны, елі, отбасы және өзі үшін барынша пайдалы өткізу дағдысын қалыптастыру. Сонымен қатар салауатты өмір салты – ол дененің үйлесімді дамып, сақталуы мен орнығуын қамтамасыз ету мақсатында денсаулықты нығайтуға бағытталған іс – шараларды жүргізу. Мектеп пен ата-ана бала тәрбиесінде үнемі тығыз байланыста болу керектігін үнемі айтып жүрміз. Алатау ауданы, Қарасу елді мекенінде орналасқан №179 жалпы білім беретін мектеп ұжымында да осы үрдіс сақталған. Ата-аналарымыз мектебімізде өтетін түрлі іс-шараларға белсене араласып, өз үлестерін қосып келеді. Әр тоқсанның соңындағы демалыс кездерінде балалардың бос уақытын дұрыс пайдалануы үшін арнайы жоспар құрылып, қызықты жарыстар мен саяхаттар ұйымдастырып отырамыз. Тек тәрбие мен білім беруде ғана емес, салауатты өмір салтын ұстану қағидаларын баланың бойына сіңіре білуде де ата-аналар мен мектебіміздің ұжымы ұйымдасқан түрде түрлі спорттық жарыстарды өткізіп тұруды дағдыға айналдырған. Осы орайда 2019 жылдың 29 наурызы күні мектебімізде сынып жетекшілері мен дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен отбасылық эстафеталық жарыс болып өтті. Жарысқа 5-6-сыныптардан отбасылық командалар қатысып, түрлі ойын түрлерінен өзара сайысқа түсті. Өте тартысты да қызықты өткен бұл жарыста 5 «а» сыныбынан қатысқан Ерхалықовтардың «Болашақ» отбасылық командасы бас жүлдені иемденсе, 5 «е» сыныбы атынан қатысқан Джарболғановтар отбасынан құралған «Сұңқар» командасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Барлық жеңімпаз командалар түрлі сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды. Шәкірттеріміздің бос уақытын тиімді пайдалануы мен салауатты өмір салтын ұстануды дағдыға айналдыруы үшін осындай игі істер алдағы уақыттарда да жалғасын табатындығына сенімдіміз.

 

 Қасымбек Венера Қасымбекқызы,
Алматы қаласы, Алатау ауданы
№ 179 жалпы білім беретін мектеп
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.