Home » Білім және денсаулық » Салауатты ұрпақ – ел болашағы

Салауатты ұрпақ – ел болашағы

Ел болу үшін бесігінің түзулігін ойлаған халық емеспіз бе?! Ел болашағының бесігі бірінші отбасы болса, одан кейін, әрине, мектеп тұрары анық.

Қазақы салт-дәстүрлерімізді берік сақтай отырып, ғылым мен техниканың озық үлгілерін өмірімізге енгізу заман талабы болып отырғаны да шындық. Елбасымыз атап өткендей: ұрпақтарымызға ұлттық кодымызға негізделген тәрбие беру – біздерге міндет. Ұстаздарға қойылып отырған талаптардың бірі – өз ойын еркін жеткізе алатын, мәдениетті, өз тілін құрметтейтін, өзге тілдерді еркін меңгерген, салауатты ұрпақ тәрбиелеу.

Оқушыларды салауатты өмір салтына дағдыландыру, олардың таным көкжиегін кеңейту, сөйлеу мәдениетіне қалыптастыру және олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануын ұйымдастыру мақсатында Қ. Рүстемов атындағы жалпы орта мектебінде «Біз салауатты өмірді қалаймыз» тақырыбында аймақтық көңілді тапқырлар клубының аймақтық сайысы болып өтті. Бұл жарысқа Сызған ауыл әкімшілігіне қарасты Мұратбаев, Макаренко, Рүстемов атындағы жалпы орта мектептерінің көңілді де тапқыр жастарынан құралған командалар «Жайдарман» сайысында көрермендер көзайымына айналды. Қойылымдардың барлығы жарыс ережесіне сай мектеп сахнасына лайықталып қойылды. Сайысқа Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Е. Құдайбергенов, Рүстемов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімдері А. Аметова мен Т. Үдербаевалар әділқазылық етті.

Қоғамдағы өткір мәселелерді, мектеп өміріндегі қызықты жағдаяттарды арқау еткен жайдарманшылар көреремендерге қызықты ойынды тарту етті. Дегенмен де, сайыс барысында «әттеген-айлардың» да орын алғаны байқалды. Кейбір командалар көгілдір экрандағы ағаларының ойындарынан көшірме (плагиат) жасаған қойылымдары төрешілердің назарынан тыс қалған жоқ.

«Жайдарман» көңілді тапқырлар клубының аймақтық сайысындағы бас жүлдені «Джентельмендер» (Рүстемов ж.о.м) командасы жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Рүстемов атындағы жалпы орта мектебінің ата-аналар кеңесі тарапынан тағайындалған естелік сыйлықтарды мектептегі осы кеңестің төрағасы Кәдірбекұлы Жасымбек салтанатты түрде тарту етті.

«Болар баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, мұндай іс-шаралардың бала тәрбиесіндегі алар орны ерекше екендігі айтпаса да түсінікті. Тәрбиелік мәнін қазбаласақ тереңдей береді: оқушыларды өз бетінше шешім қабылдауға үйретеді, өз ойын еркін айтуға талпындырады, тағысын тағы. Ол жағын көзі қарақты жан түсіне жатар. Ең бастысы, балаларымыз салауатты өмірге қарай икемделе түседі. Бұл жағы даусыз.

Болашақта бұл сайыстың географиясын кеңейтіп, қатысатын командалар санын көбейтсек деген жоспарымыз бар.

 

Сержан Молдалым

Қ. Рүстемов жалпы орта мектебі

Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.