Қазақстанның солтүстігінде орналасқан, өзінің көмірімен әйгілі Екібастұз қаласындағы қазақтың бас ақынының аты берілген — Абай Құнанбайұлы атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектепте, бұл мейрамды тойлаудан қалыс қалған жоқ. Мектепті әз-Наурыз қарсаңында ерекше безендіру әдетке айналған. Абай Құнанбайұлы атындағы жалпы орта білім беретін №2 мектеп 4 қабаттан тұрады. Әрбір қабатқа Кереку жерінде дүниеге келген ұлы тұлғалардың аттары берілді. Атап айтатын болсақ, 1 қабатқа – ұлы дала бабасы, ойшыл, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, 2 қабатқа – қазақтың ақын, ағартушысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, 3 қабатқа – қазақтың әйгілі актері, режиссері Шәкен Аймановтың, 4 қабатқа – ақын, әнші, композитор Естай Беркімбайұлының аты берілді. Әрбір қабатта орналасқан сыныптар өздерінің ауылдарын тақырыпқа сәйкес безендіріп, ұлы тұлғалар туралы мәліметтер, видеобейнелер дайындады. Оқушылар мен мұғалімдер, мектеп әкімшілігі ұлттық киімдер киіп, мектепте ерекше Наурызға тән көңіл-күй орнады. Мектеп оқушылары мен мұғалімдер арасында айтыс та ұйымдастырылды.
Әрине, Наурыз мерекесін ұлттық салт-дәстүрлерсіз елестету қиын. Мектеп, ауыл-ауылдарға бөлініп, әрбір сынып ата-салтымызды үлкен сахнада көрсетіп, оның тәрбиелік, ұлттық маңызын ашты. Оған қоса, халық әндері шырқалып, «Нан бар жерде, ән бар дегендей», ұлттық тағамдарымызға бай дастарқан да жайылды. Дастарқанның төресі – 7 тағамнан тұратын – Наурыз көже болды. Осындай ұлы тойға ұласқан Наурыз мерекесі, жаңа жылдың басы, оқушылар мен мұғалімдерге ерекше көңіл-күй ғана сыйлап қоймай, Наурыз мерекесінің ұлттық бірлікті қалыптастыруға, ата-салтты ұмытпауға , құрметтеуге және білуге тәрбиелейтіндігін тағы да бір рет дәлелдеді. Рухани жаңғыру жолында ұлттық сананы қалыптастыру өте маңызды. Ал, осы жолда Әз-Наурыз секілді ұлттық мерекені тойлау ұлттық рухани сананы қалыптастыруға септігін тигізді.
Сагинтаева Умит Кыдырбаевна,
Екібастұз қаласы
Абай Құнанбаев атындағы №2
жалпы орта білім беретін мектебінің
орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі