Алғашқы әскери дайындық сабағында оқушыны патриоттық отансүйгіштік рухында тәрбиелеу
«Отансыз адам болмас, ормансыз бұлбұл болмас» деген халық нақылы тегін айтылмаса керек. Өйткені, Отан деген киелі ұғымды түсіну әр адам¬ның туған жерінен, өз еліне деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Бүгінде біздің санамызда Отансүйгіштік пен патриотизм бір-бірімен егіз ұғымдар болып қалыптасты. Сондықтан әрбір қазақстандық өзінің жетістіктерін туған Отанына, еліне арнауы керек дей¬мін. Сонда әлгі адамның да, елдің де ме¬рейі тасып, әлемдік деңгейдегі бе¬делі өседі.Отандық патриотизм – бұл елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Мәселен, кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отаныңның мүддесін ойлау, туған жеріңе деген адалдық пен азаматтық сезімдер, өз еліңнің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан ету, өз Отаныңның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, ата-бабаларың мен Отаныңның тарихына құрметпен қарау, сондай-ақ өзіңнің табанақы, маңдай теріңді туған еліңнің гүлденуіне арнау – бұлардың барлығы да қазақстандық патриотизм деген ұғымның ішіне келіп сыяды. Осылай екенін барлығымыз сезсек, ендеше бүгінгі күнгі жастарды әскери-ұлттық патриотизмге тәрбиелеуіміз керек. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жастарға қарата айтқан осы бір сөздері: «…Мен сендерді, ең алдымен, қа¬лып¬тасқан тұлғалар, тамаша кәсіпқойлар және шынайы патриоттар тұрғысында көремін. Өз елінің патриоты болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғам¬ға қызмет ету», деген болатын.Осыған байланысты жастар мен жасөспірімдер арасында экстремизм мен терроризм ойларының таралуына жол бермеу үшін Отанға деген құрмет пен өзара сыйластықты, патриоттық сезімдер мен жауапкершілікті насихаттауымыз және рухани тәрбие беруге бағытталған іс-шараларды көптеп ұйымдастыруымыз керек. Сонымен қоса, Отан алдында әскери борышын өтеуге дайын, болаттай денсаулығы бар, шынайы патриот жас ұрпақты тәрбиелеу және жастарымыздың бойында әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыру, отансүйгіштікке бау¬лу керек.
Отансүйгіштіксіз ұлтты сақтап қалу мүмкін емес. Біз қазақ ұлтын сақтап қалғымыз келсе, ұлттық патриотизмді дамытуымыз керек. Жастар бойына ұлтты сүюді сіңірсе, жастардың бойына ұлтжандылықты дарытатын алдыңғы буын. Келер болашаққа үміт арта қараған ел ретінде, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштікті дарыту бірден-бір талап.
Ел өміріндегі бірқатар проблемаларды шешу көп жағдайда азаматтық қоғамның даму деңгейіне, жоғары патриоттық сананың қалыптасуына, өз еліне деген мақтаныш сезімге, Отанының мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борышты орындауға дайындығын тәрбиелеуге байланысты.
Қасиетті хадис: “Отанды сүю иманнан-дүр”, дейді. Елін сүю, Отанын қорғау қашаннан ер жігіттің парызы болған. “Отаншыл сезім жас ұрпақ бойына қайдан беріледі? “Отан от басынан басталады”, дейтін халықтың ұрпағы бұл сенімнен шыға алып жүр ме? Қазіргі күні жастарымыздың бойындағы отаншыл рух, патриоттық сезім қай деңгейде?” деген сауалдардың бізді ойландыруы заңдылық.
Жеке тұлғаның әлеуметтенудегі негізгі бағыттың бірі жеке адамның Отанмен сәйкестігі болып табылады. Бұл ретте «Отан» ұғымы адамның туған жерімен, жақындарымен және туыстарымен ғана шектелмейді, сонымен қатар эмоциялық-психологиялық сезімдер (махаббат, патриотизм, шынайы берілгендік, ұлттық мақтаныш сезімдері және басқалар) қырынан да ұғынылады.
Көпшілік адамдардың санасында өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру тек әскери борышын орындау деп ұғынылуы патриоттық тәрбие түсінігінің мазмұн аясын тарылта түседі.
Бүгінгі күні балалар мен жастардың патриоттық тәрбиесі патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық пен берілгендік сезімін қалыптастыру, азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындауға деген дайындық талаптарына толығымен сай келе бермейді. Атқарылып отырған жұмыс еліміздің азаматтарының бойында патриоттық сананы қалыптастыру жөнінде стратегиялық міндеттерді толықтай кешенді шешуді қамтамасыз ете алмайды.
Әлемде азаматтардың бойында ұлттық нышандарға — Туға, Елтаңбаға, Әнұранға, ұлттық мерекелерге патриоттық сезімді, оларға құрметпен қарауды мақсатты түрде қалыптастырып отырған дамыған елдер аз емес. Көптеген елдерде мемлекеттік нышандар мемлекеттің оң бейнесін жасаудың негізі ретінде пайдаланылады, ұлттық мақтаныштың белгісі болып табылады, патриоттық сезім мен ерік-жігерді танытудың нысанасы ретінде пайдаланады. Мемлекеттік нышандардың көмегімен азаматтар бойына еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезім дәйекті де табанды тәрбиеленеді.
Елдің азаматын тәрбиелеудегі тежемелі факторлардың қатарында патриотизм мен демократиялық нанымдарды нысаналы қалыптастыру үшін жаңа қазіргі заманға технологияларды пайдалануға қабілетті, біліктілігі жоғары мамандардың жеткіліксіздігін, азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі әлеуметтік технологияларды әзірлеуде жеткілікті тәжірибесі бар гуманитарлық бейіндегі ғылыми-зерттеу ұйымдарының аздығын атаған жөн.
Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелеріндегі қазіргі проблемаларды шешу үшін тұтастай алғанда тәрбиеге принципті түрде жаңа тұрғы қажет.Әскери-патриоттық тәрбие — азаматтардың, әсіресе жоғарғы сынып оқушыларының, студенттердің, әскерге шақырылғанға дейінгі және әскердегі жастардың бойында жоғары патриоттық сезімді, өз Отанына деген берілгендік сезімдерін тәрбиелеуді қалыптастыру жөніндегі маңызды бағыттардың бірі.
Жастарға әскери –патриоттық тәрбие берудің мақсаты-азаматтардың бойында жоғары патриоттық сананы, өз елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, Отанның мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борышы мен конституциялық міндеттерін орындауға дайындығын тәрбиелеу.
Әскери-патриоттық тәрбие жастардың бойында патриоттық сезім мен азаматтықты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі жұмыстың пәрменділігін арттыру үшін әскери бөлімдер жеке құрамының Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен және жергілікті соғыстар ардагерлерімен кездесулері өткізіліп тұрады; азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру кезеңінде қорғаныстық-бұқаралық жұмыс айлықтары, әскери бөлімдер мен жоғары әскери училищелерде «Ашық есік күндері», орта мектептерде «Ерлік сабақтары» жарияланады. Жыл сайын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жастар бастамалары орталықтары белсенділерімен Бүкіләскерлік кеңес, сондай-ақ «Патриот» республикалық акциясы шеңберінде «Жас ұлан» республикалық жауынгерлік әндер фестивалі өткізіліп тұрады.
Әскери-патриоттық клубтардың республикалық слеттерін, «Ұлан», «Алау» әскери-спорттық ойындарын, «Патриот», «Мен — Қазақстан азаматымын», «Бұл біздің ту» республикалық патриоттық акцияларын өткізу дәстүрге айналған.
Қорытындылай келе, қазіргі жағдайда әскери-патриоттық тәрбиеге әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастырушылық қолдау көрсету, Қарулы Күштер, жұртшылық, білім беру ұйымдары арасындағы өзара байланыстарды жастарды патриоттық тәрбиелеу ісінде үйлестіруді күшейту, әскердің, әскери қызметтің жағымды мәртебесін насихаттау мақсатында одан әрі нығайту қажет. Жастарды әскер қызметіне дайындайтын тәжірибесі бар қазіргі клубтардың жұмысын күшейту, бұл жұмысқа Ұлы Отан соғысы және жергілікті соғыстар ардагерлерін, еңбек ардагерлерін тарту қажет болады.
Ел боламын деген мемлекеттер ең алдымен ұрпақ тәрбиесін бірінші орынға шығарған еді ғой. Ұл болашағы, ұрпақ тәрбиесіның діңгегі хақ дініміз исламда жатыр. Хадисте де, қасиетті Құран Кәрімде де отансүйгіштік туралы көп айтылады. Осыны санасына құйып өскен жас ертең өз Отанының нағыз патриоты болып шығатыны анық. Әйтпесе, бөгде ағымдардың жетегіне еріп, Отан қорғаудан жалтаратын жастардың саны уақыт санап өсе беретіні кәміл.
Кеудесіне “бұл менің елім, менің жерім” дейтін сенім ұялата білген жас қана өз елінің шынайы патриоты бола білмек. Ол үшін “баланы жастан” дейтін халық даналығын естен шығармасақ болғаны. Жас ұрпақты патриоттық, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу еліміздің өсіп-өркендеуі үшін қызмет ететіні еш күмән туғызбайды.
СабитЖұмағұлов,
Қызылорда қаласы,
Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған
№ 4 облыстық мектеп-интернатының
алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі