Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Тіл және әдебиет» білім беру саласы пәндері және дене шынықтыру пәндері мұғалімдеріне арналған әдістемелік күндер өтті. Шараға Қызылорда қаласының жалпы білім беретін мектептерінен 95 мұғалім қатысты.
➡️ Әдістемелік күндердің мақсаты -жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында тілдік пәндердің және дене шынықтыру пәнінің берілу ерекшеліктерін айқындау, сабақты жоспарлау бойынша әдістемелік қолдау көрсету. Іс-шараның ашылуында мектеп директорының бейінді-эксперименттік жұмыстары жөніндегі орынбасары Ләззат Абдраимова әдістемелік күндердің мақсат-міндеттерімен, күтілетін нәтижелерімен таныстырды және әдістемелік орталықтың менеджер-әдіскері Жанат Раймқұлова сабақты тиімді жоспарлаудың жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері үшін маңыздылығына тоқталды.
«Тіл және әдебиет саласы сабақтарында оқушылардың зерттеу дағдыларын қалыптастыру әдіс-тәсілдері» тақырыбында зияткерлік мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мира Дөненхожаева өз тәжірибесімен бөлісті
.Шараның негізгі бөлімінде қатысушылар пәндер бойынша бөлініп, зияткерлік мектептері мұғалімдері өткізген ашық сабақтарға қатысты.Сабақтан кейін мектеп мұғалімдері сабақты тиімді жоспарлау жолдарын бірлесе талқылап, тәжірибені жақсартудағы рефлексияның орны жайлы түсінік алды.
Қатысушылардан алынған кері байланыста пән мұғалімдері өздерінің тәжірибелерін жақсартуға осы әдістемелік күндердің тиімді болғанын және өз жоспарларын сапалы құруға бағыт алғандарын ерекше атап өтті.