Home » Баяндамалар » Сабақты зерттеу – кәсіби дамудың жарқын жолы

Сабақты зерттеу – кәсіби дамудың жарқын жолы

Жас ұрпақтың жаңа заманға сай  өмір сүру дағдысын қалыптастыру мақсатында білім беру саласында білім берудің жаңа мазмұны енгізілуде. Себебі, болашақ өмірі үшін өзіндік санасы қалыптасқан, өзі атқаратын, өзі қалайтын іске жан қалауымен бара алатын тұлға тәрбиеленуі қажет.  Қазіргі таңда барлық мектептерде жаңартылған білім мазмұнына сәйкес үдеріс орын алуда. Жаңа мазмұнда беріліп жатқан білім берудегі жаңалықтарға жұрт құлағы түрулі жүр. Баланың білім алуы мен тәрбиеленуіне үлес қосатын мектеп мұғалімдерінің тәжірибелеріне өзгеріс енгізу үшін Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетінің Білім беру факультеті бірлескен білім жетілдіру бағдарламалары мен жаңартылған білім мазмұны аясында жасалынған бағдарламалар арқылы мұғалім біліктіліктерін арттыру мақсатындағы курстардан өткізу бір жолға қойылған. Бұл бағдарламалардан сертификатталған мұғалімдер әр пәнді жаңаша жүргізуге және мектептің дамып ілгерілеуіне, ұжымның кәсіби дамуына ықпал ететін міндеттер атқаруға жауапкершілік алады.
Оқыту мен оқудағы жаңаша әдіс-тәсілдерді оқып үйреніп, оны тәжірибелеріне қолданып, жасаған тәжірибелеріне ой-толғаныс жасай отырып, алдағы жұмыстарды болжай отырып, жоспарлауға машықтануға «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтөбе қаласындағы  филиалы беріп отырған бағыты зор.  Бұл орталықта оқытылатын Бағдарламалардың өз мақсаттары мен күтілетін нәтижелеріне сәйкес әрекет танытқан мектеп мұғалімі ең алдымен әріптестерінің алға ілгерілеуімен қатар оқушының оқуға деген ынтасын арттырып, сапалы нәтижеге алып келетініне көз жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз атқарып отырған міндетте жүйелілік  пен мазмұннның бар болуы.
Осы ретте алдағы уақыттары ұйымдастырылатын курстық бағдарлама – «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу». Алдағы сөздерімізде айтып кеткендей, әр мұғалім жасаған жұмыстарын сараптап, өзінің күшті жақтарын білуі, әлсіз тұстарын тану мен қолда бар мүмкіндіктерді тағы бір мәрте пайдаланып көруі керектігін ой-толғаныстан өткізуі – ол мұғалімнің әр қадамын зерттеуі болып табылады. Бұл бағдарламаның ерекшелігі мектеп мұғалімі сынып оқушыларының дәл осы сәттегі жағдайын зерттей отырып, берілетін пән арқылы оқушылардың ерекшелігі мен қабілеттерін ескере отырып, мұғалімнің кәсіби өсуіне және оқушының жан-жақты ашылып жетілуіне ұжымдағы мұғалімдермен бірлесе отырып зерттеу жұмысын жасайды. Ал бағдарлама бойынша сертификатталған мектептің көшбасшы мұғалімі ұжымда зерттеу сабақтарын өткізудің қыр-сырын меңгеріп, оны мектеп жұмысына енгізеді. Және де зерттеу сабақтарының жүру барысы айналымымен әріптестерге таныстырады, жоспарлайды, жүзеге асырады, қорытындысын жасайды.
Енді кішкене сабақты зерттеудің шығу тарихына түсініктеме беретін болсақ,  ол ХІХ ғасырдың 70-жылдары Жапония мемлекетінде пайда болған. Бұл тәсілді жапондық ғалым Макота Йошида АҚШ мен Ұлыбританияда таныстырылым жасағаннан соң, 2007 жылдан бастап әлемнің басқа да мемлекеттерінде танымал бола бастады. Сабақты зерттеу тәсілі жапон мектептерінің тәжірибелеріне енгізіп, оның нәтижелері, озық тәжірибелері әлемге таратылуда. Ал аталған әдіс Қазақстан мемлекетіне 2012 жылдан бастау алған деңгейлі бағдарламаларды оқытумен қатар келді. Осы әдісте тәжірибелеріне қолданған мұғалімдер оның тиімділігін, соның ішінде мұғалімнің кәсіби жетілуіне ықпал ететіндігін өз сөздерінде айтып кетті. 2016 жылдан бері Қазақстан мемлекеті 18 мемлекеттен құралған Дүниежүзілік «Lesson Study» қауымдастығына мүше болып енгендігі мәлім. Сондықтан да республикамыздағы әр мектепте осы үдеріс тәжірибеге енгізіліп кетті. Мектептерде орын алып жатқан сабақты зерттеу тәсілі – мектептегі мұғалім тәжірибесі саласындағы білімін жетілдіруге бағытталған, іс – әрекеттегі зерттеудің ерекше түрі болып табылады. Сабақты зерттеу тәсілі оқыту мен оқуды жетілдіру саласында ғана емес, сонымен қатар, педагогикалық білімді жетілдіру, оқу бағдарламасы мен оқытуды құрылымдау, мектепті басқаруды жүргізу болып та табылады. Бұл жерде басты назарда «сабақты зерделеу» тұрады. Мұғалімдер оқу сапасын арттыру үшін белгілі педагогикалық тәсілді, оқыту мен оқудың әдіс-тәсілдерін қалай дамытуға болады деген мәселені шешу үшін оқушылардың білімді қалай игергендігін зерттейді. Сабақты зерттеу тәсілі: сабақ жоспарлау, сабақ жоспарын талқылау, зерттеу сабағын өткізу, сабақтан кейінгі талдауды қамти отырып, оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдіру, соның нәтижесінде түпкі мақсат – оқушылардың оқу  үлгерімін арттыруды көздейді. Ендеше, зерттеу сабағын жүргізудің қысқаша сипаттамасы:

  • сабақты зерттеу үдерісі бірнеше айналымды үдеріс болып табылады;
  • зерттеу тобы құрылады;
  • зерттеу тобы 3-4 адамнан құралады;
  • зерттеу тобының нақты бағыты, тақырыбы, мақсаты, күтілетін нәтижелері анықталады;
  • зерттеу тобының жұмыс жоспары, кестесі болады;
  • зерттеу тобы құрамына тәжірибелі және тәжірибесі аз мұғалімдер мүше бола алады;
  • зерттеу сабағы кезінде бақылауға алынатын оқушылар белгілі өлшемдерге сәйкестендіріліп, анықталады;
  • оқушыларды бақылау жоспарланған сабақтың тиімділігін, оқушы мен оқушы, оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынас деңгейін анықтауға септігін тигізеді;
  • зерттеу сабақтарын жоспарлауда топ мүшелеріне мұқият болып, жан-жақты әзірленгені абзал:
  • зерттеу топ нормалары топ мүшелерінің ынтымақтастықта, бірлескен ортада жұмыстануына жағдай жасайды;
  • зерттеу сабағын өз сабағына енгізген әрбір мұғалім жаңа нәрсені ойлап шығармай алдыңғы жинақталған тәжірибелеріне негізделуі шарт;
  • сабақты жоспарлауда оқушылардың қажеттілігі нысанаға алынады;
  • зерттеу тобындағы мұғалімдердің сабақты өткізуде өз міндеттері мен жауапкершіліктері бар

Сабақты зерттеу мұғалімді бағамдауға ғана емес, оқушының ойлауы мен оқуы зерттеуге бағытта келіп, зерттеу сабағы бірлесіп жоспарланатын болғандықтан, зерттеу сабағын өткізу мен қадағалауға топ мүшелерінің жауапкершілігі зор. Зерттеу сабағын өткізген мұғалім де, оны қадағалауына алған мұғалім де өзіне көп тәжірибе жинақтайды. Бұл үдеріс мұғалімдердің қадағалау дағдыларын шыңдаумен қатар, оларға оқу үдерісін ішінен тануға, оқушылардың санасында жүріп жатқан ойлау үдерісін танып-білуге мүмкіндік береді. Зерттеу сабағында сабақты жүргізетін мұғалім мен қадағалаушы мұғалімдердің міндеттері нақты жолға қойылуы шарт. Қадағалау барысында жинақталған деректерді саралай келе алдағы жұмыстарды жақсартуға жоспар жасалады. Жинақталған деректерден мұғалім мен оқушының жетістіктері мен жетілдіру керек тұстары анықталып, олардың өзін-өзі реттеуге қалыптастырушы кері байланыстар беріледі. Бір айналым өткеннен кейін жұмыс хаттамасы толтырылып, алдағы жұмыстарды жалғастырудың бағыты анықталады.
Сабақты зерттеуде мұғалімдер өзара білім мен тәжірибе алмаса отырып, кәсіби қоғамдастық құруға септігін тигізеді. Сабақты зерттеу мұғалімдердің кәсіби өсуіне бірден бір даңғыл жол болып табылады.
Мектептегі желілік қоғамдастықтағы мұғалімдердің зерттеу тәсілін ортаға салып тәжірибе алмасуы тек қана өз мектептерінде ғана емес, сонымен қатар аудандық, қалалық, облыстық көлемде ұйымдастырылған шаралардан көрініс табуда. Ендеше бұл сабақты зерттеу тәсілі мектеп мұғалімдерінің қызығушылығын оятып, дамуына үлес қосатын оң нәтиже болып отыр. Өткізілген іс-шараларда тек қана озық тәжірибелерді ғана көрсетіп қана қоймай, одан шығу жолын іздестіруге бірлескен оқу жұмыстары да орын алады, бұл дегенімен кез келген мектептер мен әріптестер арасындағы ынтымақтастықты, білім берудегі жауапкершіліктің бар екендігін көрсетеді. Демек, орталықтың алдағы жүргізетін  «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» бағдарламасы курсының маңызы зор бола түседі.

 Утешева Кунсая Гайнаденовна,
Педагогикалық шеберлік орталығының
Ақтөбе қаласындағы филиалының тренері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.