Сәуір айының соңғы аптасында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында химия пәнінен 53-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасы өтті. Олимпиадаға әлемнің 30 елінен жас химиктер командалары келіп, өз елдерінің намысын қорғады. Тіптен Қытайдың ұлттық құрама командасы алғаш рет қатысып, нағыз «Титандар шайқасы» болды.
Еліміздің командасы құрамында республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындарында бірнеше рет дайындықтан өткен 8 оқушы Қазақстан намысын қорғады.
Солардың бірі Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Рүстем Шердебаев жақсы нәтиже көрсетіп, қола медаль жеңіп алды.
— Ресейдегі білім бәйгесі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Олимпиада екі кезеңге бөлінген, әрқайсы 5 сағаттан тұрды. Біз бұл олимпиадада теориялық және тәжірибелік күрделі жаттығуларды орындадық. Жүлдегерлер қатарынан көрініп, еліміздің атын шығаруға қосқан азды-көпті үлес үшін мақтанамын. Химия пәнін терең түсінуге өз білгендерін аямай жанын салып жүрген ұстаздарыма үлкен алғысымды айтамын, -дейді шәкіртіміз.
Жалпы Рүстем мектебіміздегі мақтаулы оқушылардың бірі. Шәкіртіміз бұған дейін Ақтөбе қаласында өткен республикалық олимпиадаға қатысып, 2 –орын алған болатын. Бұдан бөлек өткен жылы А.Бектұров атындағы ІV Халықаралық химия олимпиадасында ІІІ орынға ие болған. Ал 2013 жылы «Тарих» пәнінен URFODU ғылым негіздері бойынша IX Халықаралық олимпиадада II дәрежелі дипломмен марапатталған.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі