Рухани үндестік
Ауыл ұлы мен 2005 жылы Алматы қаласына жол тарттым. Ойымда – оқуға түсу. Ұстаз болғым келді. Осы ізгі арманыммен ғасырдан астам тарихы бар, ғұлама Мұхтар ұлтанының ізі қалған киелі шаңырақ Абай атындағы педагогикалық университетіне бардым. Емтихан тапсырып, «қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. Сол сәттен бастап әр қазақ жазушысы мен ақынының, ғалымының өміріне қызығушылық танытып, еңбектерімен танысуды бастадым. Ұлағатты ұстазым Фаузия Оразбайқызының жетекшілігімен, нұсқауымен көптеген сайыстарға қатыстым. Алматы қаласы сонау Абай заманынан бері өнердің, білімнің, мәдениеттің бір ордасы болып келеді. Тағдырлары Семей топырағында тоғысқан ғұламалар – Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланның арасындағы рухани байланыс мені сол сәттен қызықтырған еді.
Әлкей Марғұлан ұстазы Мұхаңмен арадағы достық пен терең сыйластықтың қалай пайда болғанын былай баяндайды: «Менің Мұхтармен аса жақын болған кезім Семей қаласы, 1922-1925 жылдар еді. Ол кезде Мұхтар Семейдегі педтехникумда қазақ әдебиетінің тарихын оқытатын. Техникум директоры мені Мұхтармен кездестірді. Мұхтар мені үйіне шақырды. Абайдың жырларын тыңдатты. «Көрұғлы» жырын М.Жүсіптің жазуынша тегіс жатқа айтып бердім. Осыдан кейін Мұхтармен жақын бола бастадық.»
Міне, екі алып арасындағы рухани байланыс олардың педтехникумдағы ұстаз-шәкірттік қарым-қатынасынан басталыпты. 1920 жылы Баянауыл ауданының Далба деген жеріндегі мектепте сабақ беріп жүрген Әлкейге Әбікей Зейінұлы Сәтбаев өзі ректор болып істейтін Семей техникумына түсуі жөнінде ұсыныс жасайды. Әлкей 1921 жылы педтехникумға барып түседі. Сол заманда дала өлкесіндегі ең қадырменді болып саналатын осы педтехникумды 1925 жылы табысты аяқтайды. Техникум қабырғасында 1921 жылы Әлекең әдебиет пәнінен сабақ беретін Мұхтар Әуезовпен танысады да ажырамас дос болып кетеді. Әлкей Марғұлан 1925 жылы техникумды бітірген соң, М.О.Әуезовтің ақыл-кеңесі бойынша Ленинградтағы Шығыстану институтының түркология бөліміне оқуға түсіп, тарих және филология факультеттерінде қатар оқиды. Мұнда оқумен бірге зерттеу жұмысымен де шұғылданады, шығармашылық үйірмелерге белсене қатысады. Әлкей бұл жерде де көзге түседі, көп үміт күттіретін жас ғалым ретінде, оған профессорлар назар аудара бастайды.
Қос бәйтерек арасындағы рухани байланыс олардың әдебиет сырын терең түсініп, өзекті зерттеулерімен байланысты. Ең бірінші, Абайды зерттеудегі байланыстары. Абай – қазақ халқының ар – ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, Абайтану ғылымының негізін салған ғұлама ғалым Мұхаң жайлы Шыңғыс Айтматов «Мұхтар Әуезов – бүкіл түркі халқының әлемдік мәдениетке қосқан ұлы үлесі» деп пікір білдірген еді. Абайтану ғылымының негізін қалаған Мұхтар Әуезов болса, академик Әлкей Марғұлан Әуезов ұстанымын жалғастырушы болып танылады. Әдебиетші – ғалым Марғұланның Абайтану ғылымын байытуда еткен еңбегі ерекше. 1941 жылы Абай жайында тарихи аса қымбатты деректер тауып, жариялады. Олар СССР Ғылым академиясының мұрағатында Шоқан Уәлихановтың материалдарының ішінен табылған үш хат. Бұл үш хаттың үшеуі де 1865-1866 жылдары Омскідегі кадет корпуста оқып жүрген Абайдың өз қолымен жазған хаты. 1954 жылы «Абайдың жаңадан табылған қолжазбалары», 1963 жылы «Абай қолжазбасы» деген мақаласы басылды.
«Абайтану ғылымының негізін салған Мұхтар Әуезов деп танылғаны сияқты, шоқантану ғылымының негізін салған — Әлкей Марғұлан деп тануымыз керек»- дейді ғалым Қайым Мұхаметханов. Ұлы Абай мен ғалым Шоқан өз замандарының биік тұлғасы бола білсе, олардың мұрасын зерттеген Мұхтар мен Әлкей де — өз дәуірінің ұлы перзенттері.
Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан арасындағы рухани байланысты өмірдегі, еңбек жолындағы байланыстары құрайды. Абайтану, шоқантану саласындағы мәйекті зерттеулері, халық ауыз әдебиетін зерттеудегі үндестіктері ғылымға қосылған үлкен үлес болып табылады. Семей топырағы елге тұтқа болған талай тарландардың әрі әлемге ғылым-білімнің нұрын төккен ғұламалардың құтты мекені, ырысты өлкесі болған. Тектілікке тән жасампаздық ғұмырын өмірінің асқақ тұғыры деп білген ұлт зиялылары елге қызмет етудің құтты білігін рухани жарасымда өркендеудің күре тамырына айналдыруда өшпес із, мәңгілік өнеге қалдырды. Қазақ руханиятындағы сондай кемел қасиетке ие дара тұлғалардың бірегейі –Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Міне, осы мәліметтермен университет қабырғасында жүріп таныстым. Ұлылар тағылымына тәнті болдым. Университетте Мұхтар Әуезов музейі бар. Университеттен кейін Қайым Мұхамедханов ұстаздық еткен педагогикалық институтына оқуға түстім. Онда да Қайымның парасаттылығын бойымызға сіңіруге тырыстық. Қайым Мұхамедхановтың ұстазы Мұхтар Әуезовке деген адалдығына тәнті болдым. 2011 жылы қолыма қос дипломымды алып, ұлылар рухының қолдауымен Елордаға келдім. Ғажабы, 2014 жылы қызығып оқып, зерделей танысып жүрген Әлкей Марғұлан атындағы мектепке жұмысқа орналастым. Мектепте Әлкей Марғұлан мұражайы бар екен. Алғашқы күннен музейдің тарихымен танысып, ғалым мұрасына ден қойдым. Әлкей Марғұлан оқыған Мұхтар Әуезов атындағы ордадан білім алып, ғалым атындағы білім ордасынан еңбек жолымды бастауым кездейсоқ емес деп білемін. Бұл маған бұйырған бақ шығар… 2014 жылдан бастап шәкірттеріммен түрлі өнер, білім байқауларына қатысып, жүлделі болып келеміз. Бұл да аталарымыздың рухының қолдауы деп түсінемін. Ғылымның асқар биігіне тең қос алып ұрпақ санасында мәңгілік сақталмақ!
Жәнібек Болатұлы,
Астана қаласы әкімдігінің
«№1 Арнайы мектеп – интернаты» КММ
қазақ тілі пәні мұғалімі