Home » Мақалалар » Рухани-мәдени құндылықтар және отбасы тәрбиесі

Рухани-мәдени құндылықтар және отбасы тәрбиесі

Бегебаева Бақтылы Насырбаевна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институтының
«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру»
кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 

 

Рухани – мәдени құндылықтардың бастау алар көздерінің бірі – тәрбие, ал тәрбие әрбір отбасынан бастау алады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Әйелдердің ұстамдылығы мен төзімділігі – тыныштық пен татулықтың тірегі» деген баяндамасында: «Бізге неке және отбасы институтын нығайтып, оның беделін арттыру, адамгершілік құндылықтарды қайта түлету қажет. Отбасы, бала, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер біздің қоғамның және біздің мәдениеттің әрдайым негізі болды және болып  қалады. Бізге көптеген отбасыларында бар ізгі дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты сақтап, оларды насихаттап, жас отбасыларға қолдау білдіру керек. Мемлекет бұл үшін көп іс атқарып отыр. Сонымен қатар ата-аналардың  өздері де  бұған қамқорлық көрсетуі керек. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, отбасы  бейнесі мен некені, көп балалық өнегелерін құрмет тұтқызу керек. Үлгілі отбасы нормасы  көп балалылық болуы тиіс  деп санаймын. Барлық халықтарда ғасырлар бойы солай болып келген. Адамның байлығы балаларының санымен өлшенген» – деп ғасырлар бойы  жинақталып, ата-баба тарихынан бізге  жеткен отбасы тәрбиесінің мол мұраларын болашақ ұрпақты тәрбиелеуге пайдалану заман талабы деп қабылдай отырып, отбасылық құндылықтардың өзіндік ерекшеліктері мен бүгінгі ұрпақ санасына жеткен әсерін және пікір сабақтастығын жан-жақты жүелі зерттеу өзекті мәселелердің бірі деп санайды. [1]

Қазақ халқының отбасында бала тәрбиелеу дәстүрлері  туралы ойлар Қорқыт, Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қашқари, Кейкаус, Қ.Иассауи  еңбектерінен  бастау алады деп айтсақ қателеспейміз. Арадан он ғасыр артқа салып, қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов,Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев еңбектерінде, қазақ зиялылары Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, С.Көбеев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Әуезов және т.б. еңбектерінде жалғасын тапқан.

Қазіргі кезде отбасы тәрбиесі мәселесі әлемдік деңгейде қарастырылуда. Оған «Балалар құқығы туралы конвенция» (1995 ж), Қазақстан Респудликасының «білім туралы заңы» (1999 ж), Қазақстан Республикасының «Балалар құқығы туралы заңы» (2002 ж), Қазақстан Республикасының «2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» (2004 ж) сияқты құжаттар осының дәлелі болады.

Біздің қоғам үшін әр кезеңде, әр отбасында өсіп келе жатқан ұл-қыздардың  дені сау, рухани бай, еңбекке, білімге құштар болып өсуі, туған халқы мен Отанына адал, өнегелі азамат болып  өсуі – ең жоғары тілек, ең биік мақсат болып келген. Оның күш-қуат алатын қайнар бастауы – отбасы. Сондықтан да азамат ұрпағына  отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өміріндегі  еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.

Тәрбиенің негізі – отбасында. «Отбасы тәрбиесі» ұғымының өзі «Отбасы» мен «Тәрбие» категорияларының жиынтығы ғана емес, олардың синтезі де болып  табылады.

Жас ұрпақ тәрбиесі  –  адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты.

Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезімен өткеннің тағдыры мен талаптарын,обьективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге даярлап, оларды жинақтаған бай тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек» екені айтылған. [2]

Баланы азамат етіп тәрбиелеу қоғамның барлық азаматарының міндеті, отбасы, мектеп. Ж.Баласағұнның бала тәрбиесіне байланысты ата-аналарға берген кеңестері қазіргі таңда да үлгі боларлықтай. Атана-ананың басты парызы:

  • баланың дұрыс тәрбиеленуі мен білім алуына көңіл бөлу;
  • балаға шаңырақ иесі, бабалар ісін жалғастырушы екендігін ұғындыру;
  • баланы аруақтарды ардақтауға, ата-баба дәстүрін сақтауға, құрметтеуге, ұрпақтан-ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізе білуге баулу;
  • балаға өзінің мінез-құлық этикасымен үлгі болу;
  • балаға әділетті, қайырымды болу;
  • өзінен туған балаға тәрбиені өзі беру («Ай маңдайлы ұл-қыз туса алдыңда, үйде өсір, бөтен жерде қалдырма»);
  • баланы жас кезінен өнерге үйрету, еңбекке араластыру;
  • баланы тәрбиелеп, оқыту барысында мінезін қалыптастыруға көңіл бөлу;
  • баланың тәні мен жанының жақсы жетілуіне назар аудару;
  • балаға өмірдің әрбір сағаты санаулы екенін, сол себепті оны дұрыс өткізу қажеттілігін ескерту (« Кешіккен тірлік өте зая берер келгісіз, қалған өмір қанша екені белгісіз. Қалған күнді текке зая кетірме, елімді ибадат қып бекін де»).

Осындай тәрбиені жастайынан көрген баланың мінезінде  ұлттық  салттарының  негізінде құралған төмендегідей адамгершілік қасиеттері орын алады:

  • Ата-ананы құрметтеу;
  • Ананың алғысын алу;
  • Анасының сүтін ақтау;

Қазақ халқының бала тәрбиесінде баса назар аударған адамдық қасиеті – үлкендерді құрметтеу. Әр шаңырақтың ең құрметті, сыйлы адамы – ата,әже болды. Үлкен адамға сендеп сызданбай, сіз деп сөйле. Сіз деп сөйлеу – кішіліктің емес, кісіліктің белгісі.

Әйел адамнан талап етілген адами қасиеттер; зейінділік, іскер, жан жарын күту, аналық борышы – өмірге перзент әкелу, тәрбиелеу, қонақ қабылдау, шай құю, қайнату, киіз басу, кілем тоқу. Қазақ әйелдері бесік жырын айтып, балаларын тәрбиелейді. «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі». Елдің бірлігі отбасының берекесінен басталады. Азаматқа адал жар, балаға аяулы ана бола білсе, қыз баланың бағы артады, елдің мерейін өсіреді.

Отбасылық білімнің негіздерінің бірі – балаға туыстық қатнастардың жүйесін, ұлт ішіндегі әлеуметтік рөлдердің мәнін түсіндіріп, ұлт арасындағы қатнастарды  реттеу, шежіресін таныту. Ол үшін әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің  негізінде  алынатын  нормалар жүйесі қолданылып, туыстық қатнастар реттеліп тәрбие беріледі. Туыстық байланыстардың беріктігі: ата-ананы сыйлау парызы, қартайған ата-аналардың балаларымен бірге тұруы, кенже немесе жалғыз ұлдың ата-ана алдындағы жауапкершілігі, балаларды туысқандарының  асырап алуы, туыс отбасыларының өзара көмегі  және жесірлердің балаларын туыстардың өз  қамқорлығына алуы сияқты әдет-ғұрыптар қазақ отбасыларының жазылмаған заңдары бола отырып, балалар мен жастарды тәрбиелеуге жағымды ықпал жасағаны даусыз. Парасатты әке-шеше балаларына өздерінің шыққан тегі, руы, ел-жұрты туралы әңгімелеп, ағайын-туыстар арасындағы қатнасты, жекжат-жұрағатты сыйлау салты бойынша аталас ағайындар бір-біріне қамқорлық жасап, қарайласып отыру міндеттілігін түсіндіріп, олардың үлгілі істерін мадақтап отырған. Әдет-ғұрып, рәсімдер, салт-дәстүрлер арқылы тәрбиелеу  көбіне  отбасында жүреді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, үлкендердің, ата-аналардың жеке басының үлгі-өнегесі балалар тәрбиесіндегі ұтымды әдістердің бірі болып саналады.

Халық өмірінде жалпыадамзаттық құндылықтарды бекітуде қоғамның тарихи  дамуында заңды нәтижелер бар. Адам өмірінің өнегелі күші басқа жалпыадамзаттық құндылықтар  сияқты мыңжылдықтар бойына жинақталып, адам мінез-құлқының мотивациясы мен реттеушісі қызметін атқарды. Сонымен қатар әрбір халықта бұл үрдіс  мәдени қатнаста өз көрнісін тауып, тұлғаны әлеуметтендіру жолына қатысы бар өзінің ұлттық  ерекшеліктеріне, дәстүріне ие болды.

«Жалпыадамзаттық  құндылықтар – халықтың түрлі діннің, әрқилы дәуірдің  рухани мақсаттарын жақындастырытын құбылыс.Сол себепті де жалпыадамзаттық деп  аталып  ХХ ғасырдың аяғында  адам құқығы жайлы Біріккен Ұлттар Ұйымының құжатында өз көрнісін тапты.Жалпыадамзаттық бұл әрбір адам, оның еркіндігі мен адамдық деген ажырамас та пәк кіршіксіз құқығы. Тұлға құндылығы – жалпыадамзаттың рухани негізі». Руханилық ғасырлар бойғы адамзат тарихымен бірге келе жатқан  халық  мұрасы. Әрбір ұлттың дербес, өзіндік мүддесі үшін адамзаттық мәдени құндылықтардың өзіндік  орны бар. Ұлттық құндылықтар ұрпақ болмысының, қалыптасуының негізі, ұлт мәдениетінің іргетасы. Мәдени құндылық  әр елдің  өзіндік салт  дәстүрі мен тұрмыстық өмірін сақтап отыруы.

Қай заман болмасын адам баласы жоғары бағалаған рухани – адамгершілік тәрбиесі, біз де аса қажет және өте құнды болып қала бермек. Ғасырымыз дамыған керемет жетістіктерге толы, алаңдайтын проблемалары бар уақыт кезеңі. Қоғамдағы болып жатқан өзгерістер бізді қатты алаңдатады. ХХІ ғасыры –  қатаң бәсеке ғасыры. Бұл ғасыр марғаулықты көтермейтін  ғасыр. Қазір білім берудің жаңа жүйесінде жасалынып жатқан жаңа реформа  педагогтардан жас  жеткіншектерге тек пәндік  білім беруді ғана емес, сонымен қатар:

«Жас түлек талқан етер таудың тасын,

Ел десе  жерге қояр ішкен асын,

Пайдаңды мықты болсаң елің көрсін,

Лаждап ит асырар жалғыз басын» —  деп, халқымыз айтқандай   «жалғыз басын» емес, елге,  Отанға, халқына пайдасы тиетін рухы жоғары азаматтарды тәрбиелеу.

Сондықтан да, күнен күнге өсіп келе жатқан халықаралық  бәсекелестік, қоғамда болып жатқан өзгерістердің ауқымы мен қарқынының өсуі  жеткіншектер тәрбиесі саласының мемлекет дамуының басты факторына айналуына себеп болып отыр. Демек, әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай өз ұлтын, елін, жерін сүйетін білімді әрі білікті тұлғаны тәрбиелеу мемлекеттік маңызы бар іс.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.«Тәуелсіздік талаптары контексіндегі гуманитарлық білім мен тәрбие» (Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің  20 жылдығына  арналған Республикалық  ғылыми-практикалық конференция материалдары) І-ІІ кітап  Ақтау, 2012 ж.

2.«Ұлттық құндылықтар негізінде білім берудің педагогикалық  аспектілері»  (облыстық ғылыми-практикалық конференция)  25 желтоқсан Атырау, 2013 ж.

  1. «Ұлттық құндылықтар – жеке тұлғаға бағытталған сабақтың ажырамас бөлігі» (облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция) Атырау қаласы
  • маусым 2014 жыл.
  1. «Ұлттық сана және Алаш арыстары» атты республикалық  ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары    Ақтау қаласы .  11-12 сәуір 2013 ж

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.