Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қолы жетіп қоғамның саяси- әлеуметтік, мәдени, рухани салаларындағы пайда болған түбегейлі өзгерістер – қазіргі заманда оларды жаңаша зерделеу міндетін туғызды. Әрине, мұндай жағдайда халқымыздың болашағына жол сілтейтін бірден-бір мүмкіндік – бұл руханилықты өркендету, оны қалай да сақтап қалу. Қоғамның рухани жадаулығы өте қауіпті дерт, өйткені ол адамдардың моральдік азып-тозуына, саяси-әлеуметтік және экономикалық құлдырауға әкелуі мүмкін.
Қазіргі уакытта етек жайып белең алып жатқан тоғышарлыққа, жан жадаулыққа қарсы қоятын бірден-бір әлеуметтік күш-руханилық болып табылады. Рухани өрлеу өрісінің нышандары қоғамның көптеген сфераларында көрініс тауып отыр (адамдардың саяси бостандығы, білім берудегі жаңа ізденістер, т.б.). Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сініп қалған таптаурын қағидалардан айырылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» деп атап өткен еді.
Қоғамымызда шын мәнінде экономикалық өрлеу болуы үшін сыртқы, әлеуметтік-саяси өзгерістерімен бірге рухани өмірімізде терең серпілістер болуы қажет. Бүкіл адамзаттық құндылықтар ұлт мүдделерінен әр уақытта жоғары тұрады. Өркениетті және ізгілікті болуға ұмтылатын әр қоғам рухани әлемін жаңаландырып, ғаламдастыру кезеңінде өзіндік орнын, мәдениетін сақтап қалуы қажет. Елбасы атап өткендей: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады».
Қазақстан Республикасы – көп ұлтты ел. Әр түрлі тарихи жағдайларға байланысты Қазақстанға орын тепкен көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүруде.
Көне заманда мәдениет деген ұғым «жерді өңдеу деген мағына берген. Кейіннен, дәлірек айтқанда, Цицеронның еңбектерінде бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «өңдеу, жанды жетілдіру» деген ұғымды білдіре бастаған. Уақыт өткен сайын роман және басқа да тілдерде «мәдениет» сөзі білім беру, даму, қабілеттілік, құрметтеу және т.б. мағыналарға ие болған. Қазіргі замандағы сөздіктерде мәдениетке мынандай мән-мығыналар беріледі.
а) белгілі бір адамның қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы; ә) адамзат қауымының белгілі бір тарихи, географиялық қызметі мен өмірінің өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, феодалдық мәдениет, Крит-Микен мәдениеті, француз мәдениеті, т.б.); б) адамзат қызметінің белгілі бір саласының жетілу дәрежесі (сөз мәдениеті, еңбек мәдениеті, мінез-құлық мәдениеті және т.б.); в) ауылшаруашылық дақылдарының белгілі бір түрі, саласы. Ал осы ұғымдардың ішінде әлеуметтік мәдениет түсінігіне алғашқы екі ұғымның сай келетіндігін аңғаруға болады.
Әлеуметтік мәдениет терминінің тарихы мен бұл ұғымның тарихи мағынасы ұзақ жолдан өтті. Бізге үйреншікті болып кеткен жалпы мәдениеттен өзгеше рухани мәдениет ұғымының тәрбие мен біліммен байланыстылығының тамыры да сонау көне заманда жатыр. Білімсіз және тәрбиесіз адам еш уақытта да мәдениетті бола алмайды, ал білім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің басты мазмұны болып табылады. Сонымен бірге рухани мәдениет – құрмет тұту, сыйлау, құрметтеу.
Ұлттық рухани мәдениет халық шығармашылығының ерекшелігін, оның дүниетанымы мен көзқарасының динамикасын ашады. Мәдениет мазмұнының «жалпы адамзаттық» формуласы әр түрлі ұлттар мен этностар мәдениетінің өзара байланысын, ортақтық идеясын ашады. Ол мәдениеттің, бірыңғай әлемдік мәдениеттің дәйекті дамуын көрсетеді. Бұдан этноұлттық қауымдастық мәдениеттің әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігі екендігі мен оның қандай да бір ұлт тіршілігінің жалпы адамдық мәнін білдіретіндігі, оның әлемдік өркениетте болып жатқан саяси-экономикалық және тарихи-мәдени процестерге қатысуы туралы қорытынды шығады.
Қазіргі уақытта ұлттық шекаралар «жойылуда», жеке адамның араласу шеңбері кеңеюде, халықтар мәдениеттері арасындағы рухани және мәдени құндылықтар алмасуы жеделдетілуде. Мәдениеттердің интеграциясы, олардың диалектикалық өзара әсері мен өзара ықпалы ұлттық мәдениеттердегі ортақ белгілерді жасауға алып келеді. Этникааралық байланыстарды кеңейту негізінде мәдени ақпараттар алмасуы белсенді жүруде, жер шарының барлық бұрышында этноұлттық қауымдастық мәдениетіне жаңашылдықтың енуінің обьективті тарихи процесі өтуде.
Осындай жағдайды ескере отырып, Қазақстандағы рухани мәдениет құрылысының стратегиялық мақсаты мынадай болуы тиіс: білім деңгейі бойынша дамыған елдерден қалмай, халқымыз бен мемлекетіміздің мәдени тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мәдениеттің ұлттық жүйесінің қалыптасуына бару қажет.
Ізгілікті мәдениет адамдардың қалай өмір сүру керектігі, басқа адамдардаң алдында қандай болу керектігі туралы білімге негізделген. Ізгіліктік мәдениет белгілі бір міндеттерді атқарады. Біріншіден, ізгіліктік көзқарас тұрғысынан бүкіл мәдени тарих, адамның істеген бүкіл тіршілігі түсініледі. Екіншіден, ізгіліктік мәдениет – адамдар арасындағы мораль мен қарым-қатынас заңдары туралы білім. Үшіншіден, ізгіліктік мәдениет – моральдық құндылықтық қағиданы, нормативті анықтайды, өзін-өзі ұстау нормалары мен қоғамның ізгіліктік жағдайына баға береді.
Жеке адамның ізгіліктік мәдениеті микроәлеуметтік деңгейде қалыптасады. Микроорта – бұл өмірдің әр түрлі саласында адамдар арасындағы тікелей қарым-қатынастар шеңбері.
Жеке адамдар микроортасына кіретін индивидтер құрамы оның еңбегі мен өмір салтының сипатына, жасына байланысты өзгеріп отырады.
Ізгіліктік мәдениеттің құқыққа, саясатқа, өнерге, дінге, ғылымға қарағанда өзінің арнайы институты жоқ. Ізгілікті қорғау институттарын құру әрекеті (мысалы, адамгершілік полициясы) мүлдем жеміссіз болып шықты реттеу шеңберінен шыға алатын адам қызметінің мұндай саласы жоқ.
Ізгіліктік мәдениет үшін ең бастысы – адамның өзі, оның ізгіліктік көкірегі (қайырымдылық, парасаттылық), ізгіліктік нормаларды игеруден кейін өзінің жеке мүдделерін ерікті түрде шектеу қабілеті. Жеке адамның ізгіліктіктілігі тәртіп пен ізгіліктік санасы арқылы ерекшеленеді.
Қорыта айтқанымызда рухани мәдениетініміздің дамуы қоғамның рухани жаңғыруына алып келетін үлкен күш деп білеміз.
Қожамберлиев Баймырза
«ӨРЛЕУ» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»
АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының
кафедра меңгерушісі,
философия ғылымдарының докторы, профессор