Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы осыған дейінгі Жолдауларының жалғасы іспеттес. Елбасы елдің бүгіні мен болашағы туралы жүрекке жеткізе отырып, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ой толғайды. Елбасы «Санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп атап көрсетті. Бұл мақалада әрбір қазақстандықтың мақсат-мүддесі қамтылғандықтан біздің ұжымға да үлкен серпін алып келді. Адам ұрпағымен мың жасайды. Өзінен гөрі ұрпақ қамын жоғары қоятын ұлтымыз алдында талай сын сағаттар күтіп тұрған еліміздің ертеңі үшін жасалып жатқан бастамаларды болашаққа салынған үлкен капитал деп қабылдады. Елбасы мақаласында ұлттық сананы қалыптастыру, сананың ашықтығына қол жеткізу, ұлттық кодты анықтау, ұлттық бірегейлікті сақтаудан бастап, прагматизмді басшылыққа алып, жаңа қазақстандық патриотизмді нығайту, салт-дәстүрімізді дамытып, латын әліпбиіне көшуге дейінгі маңызды мәселелер қамтылған. Бұл құжат арқылы елбасы әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын айқындап берді. Сондықтан кез-келген азаматтың бойынан табылуы тиіс алты қасиет және елдік пен бірлікке бастайтын алты жобаның қай-қайсысы да ерекше маңызға ие. Өйткені адамзат қоғамының қай сатысында болмасын өзіндік мәнін жоймайтын, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қатал өмірлік сыннан өткен басты құндылықтың бірі – елдің берекесі мен бірлігі. Бірлік – құдіретті өмірдегі басты қажеттілік, ал адамзат өзінің бірлігі мен құдіретті де қуатты.
Қоғамның рухани жаңаруы – сананың сергек болуының кепілі десек, Елбасы бұл мақаласында ұлттық сананы жаңартып, рухани жаңғырудың маңыздылығын тізбектеп көрсетіп берді. Рухани жаңғыруда қойылып отырған мәселенің бірі –сананың ашықтығы. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас өскіндерге ұлтымыз бойындағы тек жақсы қасиеттерді сіңіріп, озық білім мен үздік жаңалықтарды дамытсақ дамыған 30 елдің қатарына енеріміз анық.
Елбасының болашаққа бағдар сілтеудегі негізгі мақсаты – ұлттық рухты қалыптастыру, әр жастың санасына туған жеріне деген сүйіспеншілікті, ал жүрегіне ізгілік нұрын ұялату. Тегінде жасампаздық рух қазақ халқының табиғатына тән нәрсе. Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасы – жалпы ұлттық патриотизмнің өзегі. Өлкетану, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру – туған жердің қайталанбас құндылықтары. Жастардың бойына өз еліне деген мақтаныш пен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде.
Исаева Кулзакира Даулановна,
«Шардара» мектеп-лицейі,
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары