Рухани жаңғыру және білім беру ісі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халқымыз үшін стратегиялық мәні зор бағдарламалық еңбегінде бірқатар маңызды міндеттерге, Қазақ елінің болашағын кемелдендіруге қатысты өзекті мәселелерге баса назар аударылғаны мәлім. Мұнда ол басты мақсатымыз – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни ой-сана күнделікті өмір талабына сай рухани тұрғыда жаңғырып отыруы қажет екенін, бұл еліміздегі саяси және экономикалық жаңаруларды толықтырып қана қоймай, солардың өзегіне айналуы керектігін ерекше ескертті.Осынау бағдарламалық құжаттағы тарамдалып жіктелген өзекті міндеттердің қай-қайсы да еліміз үшін аса маңызды екені айтпаса да белгілі. Алайда ғылым-білім саласының өкілі болғандықтан бізге ең алдымен осы мақаладағы білім мәселесіне арналған «Білімнің салтанат құруы» атты арнайы бөлімінің орны ерекше деп ойлаймыз. Өйткені мұнда Елбасы әр жылғы халыққа арнаған Жолдаулары мен басқа да еңбектерінде, сөйлеген сөздерінде айтылған ордалы ойларын жаңа қырынан дамытып, ел руханиятына байланысты тың ұсыныс-пікірлерін ортаға салады. Мұнда Елбасы білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу халқымыздың қанында бар игі қасиет екенін айта келіп, Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыстар атқарылғанына, атап айтқанда: «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес оң мыңдаған жастарды әлемнің маңдайалды жоғары оқу орындарында оқытып даярлағанымызды, елімізде халықаралық деңгейдегі бірқатар университеттер ашылғанын, жалпы орта білім беретін орта мектептер жүйесін қалыптастырғанымызды тілге тиек етті. Қоғамдық сананы жаңарту туралы мәселелер таяу жылдары атқарылатын нақтылы жобаларды жүзеге асыруды талап ететіні, осыған орай алдағы жылдарда қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесі сөз етеді. Елбасы латын жазуына көшу жайын 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мәжілісіне қатысып, сөйлеген сөзінде ресми түрде алғаш әңгіме еткен болатын. Рухани жаңғыру және білім беру ісі дегенде еңбектің екінші тарауындағы «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 оқулық» атты жобаны атамай кетуге болмайды. Бұл игілікті іс те қазіргі кезде өз шешімін тауып, жаңа құрылған Ұлттық аударма бюросы тарапынан аударылған әлемдегі үлгілі оқулықтардың алғашқы легі биылғы жаңа оқу жылында студенттермен табысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мағынасы терең еңбегіндегі туған жер, патриотизм, өз елінің мәдениеті мен салт-дәстүріне елжандылықпен атсалысу, Қазастанның қасиетті рухани құндылықтары немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру жұмыстарын білім беру ісі мен ғылым саласы өкілдерінің қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Сондықтан да мұны ел Президенті: «…бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деп орынды ескертеді. Аталған игілікті шараларды орындау жұмысы білім беру саласының қызметкерлеріне, жергілікті жерлердегі билік өкілдеріне үлкен міндеттер жүктейді.
Мустафина Ботакоз Сейлханқызы,
Ә.Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ
технология пәні мұғалімі
Қарағанды қаласы