Home » Балабақша » Рухани жаңғыру – туған елге тағзым

Рухани жаңғыру – туған елге тағзым

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат болатын. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыс, ұлттық код, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіру жолдары, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілген еді. Онда Елбасы Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.

Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді. Сол себептен Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Яғни, жаңаша бастау алатын «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Әрбір азаматтың өзінің туған жерінің гүлденуі үшін нақты үлес қосуы тиіс. Ұрпағымызды халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор екендігі мәлім. Қазақстандық патриотизм арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, туған өлке туралы түсініктер оқу- тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс- шараларда Отансүйгіштік сезімді дамытуға, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу сияқты сезімдерді бүлдіршіндердің бойында қалыптастыру жүзеге асырылуда. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Ең бастысы – жас ұрпақтың бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Жастар тәрбиесіндегі басты ұстаным- өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беріп, еркіндікті, сөз бостандығын, пікір бостандығын сездірту, олардың ұстанымдарымен санасу.

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміз болса, соның тәрбиелеп отырған ұрпақтың бойына сіңіру біздің міндетіміз болмақ емес пе?

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы — қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру- баршамыздың міндетіміз.

Тыныбекова Индира Бақбергенқызы,
Жамбыл облысы, Талас ауданы, Бөлтірік шешен ауылы,
«Балбөбек» балабақшасының тәрбиешісі

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.