Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын халық назарына ұсынып отыр. Мақалада біздің еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз, бұқаралық санамызды қалай өзгерту керектігін Елбасымыз тайға таңба басқандай даралап, саралап түсіндіріп берді. Табысқа жетудің негізгі кілті ол-құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен жоғары биікке қоятын ұлт қана жететіндігін айтты. Сондай-ақ, Елбасы өз мақаласында қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтты. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабылеттілігімен айқындалады, сондықтан әрбір қазақстандық 21 ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек,-деді Елбасы, рухани жаңғыру туралы мақаласында. Президент адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу мен олардың бойында патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық беру қажеттігін атап көрсетті.
Рухани жаңғырудың алты бағыты:
- Бәсекеге қабілеттілік – қазіргі таңда жеке адамға ғана емес , тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана, табысқа жетуге мүмкіндік алады.
- Прагматизм – өзінің ұлттық және жеке байлығыңды нақты болуы, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылық пен астамшылдыққа жол бермеу.
- Ұлттық бірегейлік-ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс.
- Білімнің салтанат құруы – білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу.
- Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы – бұл кезеңде елімізде белгілі бір жаңғыру болады.
- Сананың ашықтығы – болашақ ұрпақтың дәуір талабына сай жаңғыруы. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу, табысты ел болуымыздың кепілі. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.
Егемен еліміздің керегесі кеңейіп, экономикасы қуатты, болашағы айқын мемлекет болып қалыптасуына үлес қосу әрқайсымыздың борышымыз. Осы орайда ұстаз ретінде туған жерге білімді ұрпақ керек дегім келеді.
Жас ұрпақ бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Жастар тәрбиесіндегі басты ұстаным- өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беріп, еркіндікті, сөз бостандығын, пікір бостандығын сездірту, олардың ұстанымдарымен санасу.
Білімді ұрпақ тәрбиелеу мақсатында өз сабағымда жиі қолданатын әдіс-тәсілдермен бөліскім келеді.
«Көршіңмен сырлас» әдісі
Бұл әдіс оқушылардың өз ойын ауызша білдіруіне үйретеді.
Сұрақ қойып, ойлануына уақыт беріңіз. Өз ойымен көршісімен бөлісіп, ақылдасуын сұраңыз.
Бір-бірінің жауабын толықтырып,берілген тақырып бойынша білімдерін ортаға салуын тапсырыңыз.
«Температура өлшеу» әдісі
Бұл әдіс топтық жұмыс барысында мұғалім топ жұмысын бақылау үшін «біз не істеп жатырмыз?» деген сұрақ қою арқылы оқушылардың жұмысы нәтижелі болу үшін бағыт береді.
«Сұраққа жылдам жауап» әдісі
Тақырыпты терең түсіну және оқушылардың назарын сабаққа аударып,ой-өрісін дамыту мақсатында төмен дәрежелі сұрақтарға толық жауап қайтару тапсырыңыз. Мысалы,«Мадина, Ернардың жауабы дұрыс деп ойлайсың ба?»
«Ернар,Жанелдің жауабын қалай толықтыруға болады?» «Ерсұлтан, айтылған барлық жауаптарды қалай біріктіруге болады?»
«Сюжеттік кесте» әдісі
Оқушылардың мәтінді қаншалықты меңгергенін бақылау үшін сұрақтарға сәйкес төрт сөзден тұратын сөйлем құруды тапсырыңыз.
Мұғалімге хат жазу
Сабақ аяғында оқушылар өтілген тақырып бойынша сұрақ қояды немесе түсінбеген, түсініксіз сұрақтар бойынша ұсыныстарын жазады. 3 минут ішінде өтілген тақырып бойынша не түсінгенін жазады.
Сұхбат алу Ортаға үш оқушы шақырылады.Екі оқушы бір-бірімен тақырып бойынша сұхбат құрады. Үшінші оқушы түсінгенін әңгімелейді.
Мәдениетті, жан-жақты, ұлтжанды, рухани дүниесі бай жастар тәрбиелеп шығару әрбір ұстаздың басты мақсаты. Жаһанданған заман елімізді барлық елдермен бәсекелесе дамуға итермелейді. Бәсекелестікте тек мықтылар ғана жеңіп шығады, ал бәсекеге шыдай алмайтындар жеңіліске ұшырайды. Қазіргі заман ашықтық пен жан-жақтылықты талап етеді. 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған еліміздің даму стратегиясында қазақ тілін өркендету мен шет тілдерді оқыту мәселесіне айрықша мән берілген. Шет тілін білу сән емес, заман талабы.
Компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессия аралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ.
Қорытындылай келе алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап керек. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер, әлем таңғалар, талай — талай жаңалық ашар білімділер керек. Осы Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ екенімізді сезінейік. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді.
Бекназарова Карлыгаш Муктаровна
білім магистрі
№58 орта мектеп МКҚК
ағылшын тілі пәні оқытушысы
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Robin Alexander,Towards Dialogic Teaching (4th edition, 2008, York: Dialogos). See http://www.robinalexander.org.uk/dialogicteaching.htm
2.Handout for teacher . NIS-2012 3.Mercer, N. and Littleton, K., (2007). Dialogue and the development of thinking. A sociocultural approach. [Диалог және ойлауды дамыту. Әлеуметтік мәдени тәсіл]. NY: Routledge.
4.https://egemen.kz/article/bilimdi-eldinh-keleshegi-kemel!