Home » Жаңалықтар » «Рухани жаңғыру» салт-дәстүрді қайтару

«Рухани жаңғыру» салт-дәстүрді қайтару

 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселелер көтеріліп, ұлт-санасын қайта жаңғырту керек деген ой айтылған болатын. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліскен еді.
Сонан бері еліміздің барлық облыстарында, қала, аудан, елді-мекендерінде қыруар істер атқарылып, ұмыт қалған салт-дәстүрімізден сыр шертетін жобалар қолған алынған болатын. Соның айғағы Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Мықтыкөл ауылының мектебінде ашылған «Рухани жаңғыру» жобасы еді. Ауылда «Рухани жаңғыру» көрмесі ұйымдастырылып, мектеп ішінен арнайы бөлме жасалған. Аталмыш көрмеге аудан әкімі Г.Ә.Сәдуақасова, аудан әкімінің орынбасары Е.Қ.Мұхамедин, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ә.М.Қауметов келіп, атадан балаға мирас болып қалған, бүгінде ұмытылып келе жатқан халқымыздың салт-дәстүрінен сыр шертетін ұлттық мұраларымызды тамашалады. Көрмені ұйымдастырушы Мықтыкөл мектебінің директоры Бекей Досан.

Досан сонау 90-жылдардың басында Моңғолиядан ата жұртына оралған қандас бауырымыз. Бүгінде бір елді мекеннің халқын аузына қаратып отырған көреген басшы ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін салиқалы ұстаз. Досанның айтуынша «Рухани жаңғыру» кабинеті қазақтың салт-дәстүрімен танысқысы келетін кез келген азаматқа күші жігер, рухани байлық, тарихтан сыр шертетін, үлгі мен өнеге ордасы болмақ»,- дейді. Расында да қазақтың қара шаңырағын арқалаған уықтар мен керегелер, шаңырақтың екі жағынан сән беріп тұрған желбаулар, оң жақ босағадан басталған ер тоқым, жүген, шылбыр, түрлі-түсті көрпешелер мен түс киіздер, қолдан жасалған сандық пен жүкаяқ, төрде ілулі тұрған қасқыр ішік, пұшпақ тымақ бәрі-бәрі өткен ғасырдан сыр шертіп, бүгінгі ұрпаққа үмітпен қарағандай. Киіз үйдің қазан жағындағы көненің көздері астау, саба, піспек т.б құнды жәдігерлердің барлығы да заманауи өңделіп, көрме төрінен орын алған. Көрмеде тұрған әр зат тереңнен сыр шертетін, құпиясы мен құндылығы мол мұра. Ал, еденге төселген оюлы сырмақтар көне көз әжелеріміздің қолынан шыққан асыл бұйымдар екені даусыз. Осындай жобаны іске асырып отырған Бекей Досанның еңбегі зор.
Бекей Досан тағы бір сөзінде бұл тек бір күндік көрме емес. Мектебіміздің оқушылары күделікті тарих және қазақ әдебиеті пәндерін осы арнайы жасақталған «Рухани жаңғыру» кабинетінде оқитын болады, деді. Оның басты себебі, оқушыларымыз күнделікті көріп жүрсе, қазақтың салт-дәстүрі, құнды жәдігерлері ұмытылмақ емес дегенді тілге тиек етті. Шын мәнінде, рухани санамызды оятатын, жас ұрпаққа тура жол сілтейтін осындай жобаларымыз көп болсын!

Көкбасқызы Жазира,
Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.